Орынборда Кәрім Мәсімов шекара маңы ынтымақтастығы мәселелерін талқылады

14 тамыз 2016, 00:52
Оренбургская область, Россия
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

Жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Орынбор облысының губернаторымен кездесті.

Қазақстан Орынбор облысының аса маңызды стратегиялық серіктесі болып табылады, оған атап айтқанда аймақтың географиялық орналасуы негіз болып отыр. Шекара маңы ынтымақтастығын дамытудың проблемалық мәселелері мен перспективалары Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің Орынбор облысының губернаторы Юрий Бергпен кездесуі барысында талқылау тақырыбына айналды.

«Кеше Сочиде Дмитрий Анатолийұлы Медведевпен бірқатар өзекті мәселелерді, оның ішінде шекара маңы ынтымақтастығы мәселесін талқыладық», - деді Кәрім Мәсімов.

Өзара іске асыруды талап ететін жобалардың ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі бар.

Болжамға сәйкес, 2020 жылға қарай Қытай, Орталық Азия, Ресей және Еуропа арасындағы жүк ағыны жылына 33 млн тоннаға жетеді. Қытай өз бөлігінің құрылысын 2011 жылы аяқтады. Қазақстан жолдың өз бөлігін 2016 жылы аяқтауды көздеп отыр. Ресей тарапы жолдың өз бөлігін тек 2020 жылға қарай аяқтауды жоспарлауда. Қазақстан Ақтөбеден Орынборға дейінгі автожолдың түйісетін бөлігін салу мәселесі барынша жылдам шешілетініне сенеді.

Бұдан өзге, шекара маңы ынтымақтастығының өзекті мәселесі Жайық трансшекаралық өзенінің экологиялық жағдайы проблемаларын шешу болып отыр. Жағдайды жақсарту бойынша іс-шараларда қазақстандық және ресейлік тараптың іс-әрекеттерін үйлестіру туралы мәселені Кәрім Мәсімовтің Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында аймақ тұрғындары көтерген болатын.

Д. Медведевпен екіжақты кездесуі барысында К.Мәсімов осы өзекті мәселені талқылады.

«Мен Орынборға барып, осы мәселені талқылауды жоспарлап отырмын, содан кейін өз іс-қимылымызды үйлестіре алар едік», - деді Кәрім Мәсімов ресейлік әріптесімен әңгімелесу барысында.

«Иә, маған бұл мәселе мәлім, және бұл туралы мен өзімнің әріптестерім мен іргелес аймақтардың басшыларына айтқан болатынмын, сондықтан бұл мәселемен бірге айналысайық», - деп Д. Медведев қазақстандық Премьер-Министрдің ұсынысын қолдады.

Сондай-ақ, кездесу барысында алдағы мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін ХІІІ Өңіраралық ынтымақтастық форумы мәселелері талқыланды. Оның тақырыбы Еуразия кеңістігінің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналған. Оның жұмысына Қазақстанмен сауда-экономикалық байланыстарды реттеуге және кеңейтуге мүдделі ресейлік кәсіпкерлер және бизнес-компаниялар қатысады деп жоспарланған.

Экономикалық ынтымақтастық салаларындағы даму перспективалары туралы өз сөздерінде Орынбор облысы экономикалық даму, өнеркәсіптік саясат және сауда министрі Наталья Безбородова, ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов айтып өтті.

Орынбор облысы Ресей-Қазақстан шекарасының 1 876 шақырымды құрайтын ең ұзын бөлігімен шектесіп жатыр. Орынбор облысы Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қостанай облыстарымен шектеседі. Облыста 13 шекара маңы ауданы және 2 қала: Орск және Новотроицк бар. Өңірдің шекара маңы аумағына облыстың 38% халқы, 34% өнеркәсіп және 35% астам ауыл шаруашылығы өндірісі тиесілі. Орынбор облысының үлесіне Ресейдің Қазақстанмен сыртқы сауда көлемінің 10% жуығы тиесілі. Қазақстанның облыстың сыртқы сауда айналымындағы үлесі шамамен 30%.

Орынбор облысындағы қазақ тұрғындарының этномәдени дамуы мақсатында 13 ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестік құрылып, жұмыс жасап тұр.