280 мыңға жуық көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары «Мектепке жол» акциясы барысында көмек алады

01 тамыз 2016, 22:44
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

280 мыңға жуық көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары «Мектепке жол» қайырымдылық акциясымен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Мәншүк Әбдікәрім мәлімдеді.

«Дәстүрлі түрде акцияда 70 мыңға жуық тұлға әрекет  етуде. Олар қамқоршылық органдарының, ішкі істер органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, БАҚ өкілдері және ата-аналар қоғамдыстығының өкілдері», - деді М.Әбдікәрім.

Оның айтуынша, биыл жергілікті атқарушы органдармен 280 мың адамнан құралған балалар тізімі дайындалды.

«Акция барысында ата-аналардан да өтініштер қабылданады. Акция шеңберінде бірқатар шаралар өткізу қарастырылған. Әр елді мекенде, қожалықтарда, қала сыртындағы саяжайларда, шаруашылықтарда көмекке мұқтаж балаларды анықтау бойынша арнайы рейд ұйымдастырылады. Олар жүйелі түрде оқудан мақұрым қалған панасыз, қадағалаусыз балалар, нашар отбасының балалары. Рейд негізінде жеке тізім құрылатын болады», - деді М.Әбдікәрім.

ҚР БҒМ-де мәлімдегендей, акцияны өткізу кезеңінде шұғыл желі және сенім телефондары, сондай-ақ қоғамдық қабылдаулар жұмыс істейтін болады.