Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

2017 жылы 1 мыңнан астам мектепте бірыңғай бағдарламасы мен базалық оқулықтары бар нөлдік сыныптар пайда болады

09 наурыз 2017, 14:18
Фото: primeminister.kz

Ендігі нөлдік сыныпта алфавитті «Әліппе» («Букварь») бойынша оқытады. Бұл бірінші сыныпқа келетін балалардың дайындық деңгейі арасындағы үйлесімсіздікті жоюға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев хабарлады.

Министр 2016 жылы 1-сыныптарда бірыңғай бағдарлама мен бірыңғай базалық оқулықты енгізгеннен кейін мұғалімдердің белгілі бір қиындықтарға тап болғанын атап өтті.

«Бүгінгі таңда бірінші сынып оқушыларының 80% жүгіртіп оқи алса, ал 20% әріп те танымайды. Сол себепті сынып түгел барлық бағдарламаны басынан бастап өтуге мәжбүр», – деді Е. Сағадиев.

Осыған байланысты мектепке дейінгі дайындыққа да бірыңғай оқу бағдарламасын енгізу қажеттілігі туындады. Осы жаңашылдықты енгізгеннен кейін балалар бірінші сыныпқа бірыңғай мектеп бағдарламасын игеруге бірдей дайын болып келеді деп күтілуде.

Нөлдік сыныпты мектепте де, сондай-ақ балабақшада да өтуге болады.

«Сауат ашу» оқулығына келер болсақ, ол екі кітапқа бөлінеді: нөлдік сыныпқа «Әліппе» және бірінші сыныпқа «Ана тілі». Нөлдік сыныпқа балама – қашықтықтан оқыту бар. Отбасы.kz сайтында базалық бағдарлама мен оқыту курсы салынған.