Қазақстанда педагогтардың жұмыстары едәуір жеңілдетіледі

09 наурыз 2017, 16:02

Білім беру жүйесі тұтастай электронды форматқа ауысады. Бұл мұғалімдерге қағаз есепті толтырудың қажеті болмайтынын білдіреді. Бұл туралы ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясы барысында білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты.

«Бізге алға қарай даму, мұғалімдерді қағаз есептіліктен арылту өте маңызды. Бізге қағаз есептілік мүлдем қажет емес! Біз электронды форматқа ауысу туралы шешім қабылдадық», - деді Е. Сағадиев.

Министр министрлікке қажетті барлық мәліметтер екі электронды базада – Ұлттық білім беру деректерінің базасы мен «Күнделік» электронды журналында орналастырылатын болатынын айтты. Қазіргі таңда аталған мәселе Қаржы министрлігі мен Бас прокуратурамен бірлесіп пысықталуда. Аталған ведомстволарда барлық деңгейдегі тексерушілерге электронды есептілік қағаз есептілікпен теңестірілетінін түсіндіруі үшін жұмыстар жасалуда.

«Егер біз осы мәселені шешсек, бізде интернетті енгізуге байланысты бір мәселе қалады. Әрине, интернет қосу мәселесі ақсап тұр, дегенмен қалаларда барлық дерлік мектептерде интернет бар. Осы мәселеге қатысты жұмыстар жүргізу қажет: біз компьютерлер сатып аламыз, әкімдерден мұғалімдер бір кабинеттен екіншісіне жүгіріп жүрмеуі үшін, әр сыныпқа wi-fi жүргізуін сұраймыз», - деді министр.

Сондай-ақ, Е. Сағадив өз ведомствосының мұғалімдердің еңбекақысын көтеру мәселесі бойынша жұмыс жасап жатқанын айтты. Осы жылы мұғалімдердің оқыту жүктемелерін бастапқы еңбекақылары сақталған күйінде қысқарту мүмкін болуы ықтимал.

Министр бүгінгі таңда педагог мамандығы басымдыққа ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанға жақын арада балабақшалар, мектептер мен ЖОО-лар үшін шамамен 200 мың жаңа педагог қажет болады.   

Бұл салада жыл сайын жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Бұл үшін жай ғана 11 және 1 сыныптардың оқушыларының санын салыстыру жеткілікті. Елеулі айырмашылық байқалады: бірінші сынып оқушыларының саны түлектерден екі есеге жоғары.

Жыл сайын жұмысқа шамамен 25 мың жаңа педагог шығады. Бүгінде олардың санының артуына басымдық берілуде. Министр педагогикалық мамандықтардың PhD, магистратура және бакалавриат деңгейлеріне 3 мың орын көлемінде қосымша гранттар бөлінуі мүмкін екенін мәлімдеді. Әзірге бұл ұсыныс педагогикалық ЖОО-лар мен колледждер деңгейінде талқылануда.