Павлодарда нанотехнологиялар бойынша зертхана ашылды – ҚР БҒМ

08 тамыз 2016, 22:56
Павлодар облысы

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне жұмыс сапарымен келді және «Мұнай өңдеу және нанотехнология үрдістері» зертханасының салтанатты ашылуына қатысты.

Ведомствода мәлімдегендей, зертхана ИИДМБ-2  шеңберінде Павлодар мұнайхимия зауытымен бірлесіп құрылған, ол МЖӘ аясында мұнайхимия бағытындағы зертханалар мен дәрісханаларда күрделі жөндеу жүргізді, сондай-ақ жаңадан 11 зертханалық құрылғы алды.

Е. Сағадиев университет қабырғасында ашылған өңірлік стартап академиясының жұмысына куә болды. Академия директоры Арнагүл Бүркіт  оқу ордасының кәсіпкерлік университет ретінде трендтермен таныстырды. Стартапшылар өздерінің бизнес-модельдерін ұсынды. Олар Павлодар мемлекеттік университеті командасы Торонто қаласында (Канада) өтетін әлемдік Enactus 2016 кубогында Қазақстан намысын қорғайтыны туралы айтты.

Сонымен қатар, министр Павлодар мемлекеттік университетінің электрэнергетика және IT-технология салаларындағы инновациялық жобаларымен танысты, сосын Павлодар облысының ұстаздарымен кездесті. Кездесудің басты тақырыбы үш тілде білім беру болды.

«Министрліктің жоспарында үш-төрт жылдың ішінде мемлекеттік тілді білмейтін 500 мыңға жуық баланың тіл игеруіне жағдай жасау», - деп мәлімдеді министрлік.

Сондай-ақ, еліміздің әр мектебінде жүзеге асатын жаңалықтар таныстырылды. Бұл – «Күнделік» электронды күнделігі. Ол мұғалімдерді қағазбастылықтан босатып, ата-аналардың балалардың бағаларына қолжетімділігін жеңілдетуге арналған. Және емтихандарға дайындалуына көмекші құрал болатын «Bilim Land.kz» интернет порталы таныстырылды.