Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінде білім беретін мектептер саны 70%-ға жетті – ҚР БҒМ

12 тамыз 2016, 23:39
Фото: ortcom.kz

Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінде білім беретін мектептер саны айтарлықтай артты.  Егер 1990 жылдың басына мектептердің 30% ғана қазақ тілінде білім берсе, қазір олар 70%-ға жетті.

«10 жыл бұрын Мемлекет басшысы білім беру жүйесіне үш тілде білім беруді енгізуді  тапсырды. Осы тапсырманы ол бірқатар бұқаралық  орындарда айтқан болатын. 10 жылдың ішінде бұл тапсырма бойынша әлдеқайда жылжыдық деп айта алмаймыз», - деді ҚР БҒМ «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ президенті Серік Ирсалиев «Білім және ғылым – жарқын болашақтың кілті» тақырыбында өткен диалог алаңы барысында.

Сарапшы айтып өткендей, Қазақстан Еуропа елдерінен көп тілді білім беруді енгізу бойынша  шамамен 20 жылға қалып барады.

«20 жыл бұрын Еуропа оқушыларды көп тілде оқыту бағдарламасын көтеріп, әрбір оқушы өз туған тілінен бөлек тағы екі тілде білім алуды таңдай алатындығын растады. Бұл олар үшін қалыпты жағдай болып қалыптасты», - деді ол.

Орталық басшысының айтуынша, бүгінгі таңда еуропалықтардың 54% өз ана тілінен бөлек бір шет тілін меңгерген, 25% екі шет тілін біледі, ал 10% 3 шет тілін біледі.

«Егер біз көш соңында қалмайық десек, осы жолды таңдауымыз қажет. Қазақ тіліне қазір ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, ол дамып келеді. Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінде оқытатын мектептер саны бірнеше есеге артты. Егер тәуелсіздік алған жылдардың басында мектептердің тек 30% ғана қаза тілінде оқытса, қазіргі таңда ондай мектептер саны 70%-ға жетті», - деді С. Ирсалиев.