Алматы облысында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы құны 21,2 млрд теңге болатын 86 жоба іске асырылып отыр

Өңірдегі ауылды жерлердің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған “Ауыл – Ел бесігі” бағдарламасы аясында 61 елді мекенде жалпы 86 жоба іске асырылып келеді. Биыл аталған жобаның 73-і аяқталады. Нәтижесінде, ауылдардың өңірлік стандарттарға сәйкес әлеуметтік игіліктермен және қызметтермен қамтамасыз етілуі 68%-ға жетеді. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді. 

Марат Сұлтанғазиев биылғы он айдың қорытындысына сәйкес Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоғары болғанын айтты. Оның айтуынша, өңірдің ірі 5 ауданы еліміздің ең үлкен мегаполисі – Алматы қаласын айнала орналасқан. Маятниктік көші-қон, көлік инфрақұрылымы мен әлеуметтік нысандарға жүктеменің артуы сынды мәселелер күн тәртібінде ерекше орын алады.

«Ең алдымен осындай жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған ірі жобаларға тоқталсам. Біріншіден, Қонаев және Алматы қалаларының арасында “G4City” жобасын жүзеге асыру қайта қолға алынды. Бұл бағыттағы алғашқы қадам – “G4 City” арнайы экономикалық аймағының құрылуы. Мұнда тамақ өнімдерін, тоқыма, былғары, қағаз бұйымдарын, құрылыс материалдарын өндіру және логистикалық жобалар жүзеге асырылады. Нәтижесінде құны 3,7 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту, 3,2 трлн теңге салық түсімдері, сондай-ақ 34 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр», — деп мәлімдеді Алматы облысының әкімі.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы экономикалық аймақтың аумағы 30 мыңнан 96 мың гектарға дейін ұлғайтылады. 

Бүгінгі таңда аталған жобаның Іле, Талғар аудандары мен Қонаев қаласының аумағын қамтуы инвесторларға қолайсыздық туғызуда. Сондықтан Президенттің тапсырмасына орай «G4 City» қаласын жеке әкімшілік бірлік ретінде құру бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. 

Оның аумағы 88 мың гектарды құрайтын 4 аймаққа бөлінеді:

  •  іскерлік және қаржы орталығы;

  •  өнеркәсіп және логистикалық хабы;

  •  ғылым және медицина хабы;

  •  туризм және сауықтық орталық.

2050 жылға қарай 2 млн-нан астам адам тұрады деп болжанып отыр.

«Екіншіден, маятниктік көші-қон мәселесін шешу үшін еңбек ресурстарын облыс бойынша бөлу қолға алынды. Осы орайда экспортқа бағытталған өндірістерді орналастыру мақсатында аумағы 1,3 мың гектар болатын 4 индустриялдық аймақ құрылуда. Жамбыл («Казбек бек»), Іле («Береке»), Талғар («Кайрат»), Еңбекші қазақ («Шелек») аудандарындағы бұл аймақтарда 130-ға жуық кәсіпорын ашып, 10 мыңнан астам жұмыс орнын ашу қарастырылып отыр», — деді өңір әкімі.

Облыс басшысының ақпаратына сүйенсек, өңірдегі инфрақұрылымы дайын жерлерде зауыттар ашу басталып кетті. Талғар ауданындағы «Қайрат» аймағында 87,9 млрд теңге инвестиция тарту арқылы 1782 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 14 жобаны жүзеге асыру басталды. Оның ішінде қуаттылғы жылына 1080 тонна шойын өндіретін «SAFA Industrial» зауыты пайдалануға берілді (инвестиция – 1,3 млрд теңге, 20 жұмыс орны).

Сонымен қатар ол Іле ауданындағы «Береке» аймағында жылына 25 мың тонна өнім өңдейтін «Fruit Art» жеміс-көкөністер мұздатуға арналған сублимациялық зауыт істеп тұрғанын, нәтижесінде 247 жұмыс орны ашылғанын (инвестиция көлемі – 42,8 млрд теңге)айтты. Бұларға қоса «Жетіген» атты тағы бір 550 гектар индустриялдық аймақ құру жоспарланған.

Мұндағы мақсат – Алматының айналасында логистикалық орталықтар мен жүк қоймаларын салу арқылы көлік инфрақұрылымындағы жүктемені азайту. Бұл ретте «Жетіген – Қазбек бек» теміржол желісін тарту жұмысы басталды. 

«Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалын арттыру мақсатында Көлжат өткізу бекетін жаңғырту жұмыстары басталып, нәтижесінде тасымал көлемі 3 есеге көбейіп, тәулігіне 300 автокөлікке дейін өткізу мүмкін болмақ. Қытай тарапы өз аймағында индустриялық аймақ құруда. Біздің тараптан да осындай жобаны жүзеге асыратын инвесторлар бар. Болжам бойынша 1300 тұрақты жаңа жұмыс орны құрылады», — деді облыс басшысы.

Үшіншіден, Алматы агломерциясын дамыту шеңберінде жүзеге асырылған ірі жоба ретінде ұзындығы 66 шақырым болатын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (БАКАД) атап өтуге болады. Көлік кептелісін азайтуға бағытталған жоба бүгінде инвестиция тартуға да мүмкіндік беріп отыр.

Қазіргі уақытта 5 ірі халықаралық компания жалпы құны $695 млн болатын өндіріс орындарын ашпақ.

  • «PepsiCo» компаниясы (АҚШ) – «Lay’s» чипсілерін шығару өндірісі. Құны: $200 млн

  • «Focus Logistics» компаниясы «OZON» компаниясымен (РФ) бірге – A санатындағы қоймалар. Құны: $151 млн

  • «Строитель 98» компаниясы (РФ) – А санатындағы логистикалық кешен. Құны: $100 млн

  • «KT&G» (Оңтүстік Корея) компаниясы – темекі өнімдерін өндіру. Құны: $204 млн

  • «Outlet Center» – киім-кешек пен тұрмыстық заттарды сату орталығы. Құны: $40 млн

Аталған жобалардың барлығы Алматы облысының инвестициялық тартымды өңір екендігінің нақты дәлелі.

Тек бірінші жартыжылдықта тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі $484,2 млн-ды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3 есе өсті (2023ж. – $168,5 млн). Құйылған қаржының 45%-ы өңдеу өнеркәсібіне жұмсалған. 

Жалпы өңірде биылғы 10 айда 519 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды (өсім 11%). 2030 жылға дейін есептелген инвестициялық қоржында 24,6 мың жұмыс орнын ашуды көздейтін, құны 3 трлн теңгеден асатын 209 жоба бар.

Өңір экономикасының негізгі локомотивтері — өнеркәсіп пен Агроөнеркәсіптік кешен, олар Жалпы аймақтық өнімнің 40%-дан астамын құрайды. Облыс өнеркәсібінің 90%-ын өңдеуші өнеркәсіп құрайды, бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Оның ішінде көлемнің үштен екісі азық-түлік, сусындар және темекі өнімдері өндірісіне тиесілі.

«Республикамызда өндірілетін шырындардың 85%-ы, сусындар мен балмұздақтың 60%-ы, шарап өнімдерінің жартысынан астамы біздің облыста шығарылады. Құрылыс материалдарын өндіру саласында танымал “Кнауф” компаниясы еліміздегі гипсокартонның 81%-ын өндіреді. Сонымен қатар сэндвич-панельдердің 48%-ы, болат құбырлар мен профильдердің 27%-ы Алматы облысында шығарылады», — деп мәлімдеді спикер.

Оның айтуынша, трансұлттық «Технониколь» компаниясы құны $100 млн-ды құрайтын жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт салып жатыр. 217 жаңа жұмыс орны ашылып, өндірілетін өнім ішкі нарықтың 20% қажеттелігін қамтамасыз етеді. 

Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан фармацевтика саласында өндірілетін дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдардың төрттен бірі Алматы өңіріне тиесілі. Облыстағы 7 зауытта соңғы 5 жылда өндіріс көлемі 1,3 есеге артып, 33 млрд теңгені құрады. 

Осындай жұмыстардың нәтижесінде 10 айда өнеркәсіп өндірісі 7,7%-ға өсті (РК - 4,7%). Салада 34 жоба іске асырылып, 1087 жұмыс орны ашылды.

«Халықтың ауылды жерлерде тұрып, еңбек етуіне қолайлы жағадай жасау ішкі көші-қонды тұрақтандыруға септігін тигізеді. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамытуға негізгі күш салынуда. Бұл салада Алматы облысы 9,6% үлеспен Республикада 3-орынға ие. Өңіріміз өрік, алма, алмұрт, жүгері, жүзім, картоп, көкөністер, соя және күріш өсіруден алғашқы үштікке кіреді. Жыл бойы өнім алуды қамтамасыз ету үшін жылыжай кешендері мен сақтау қоймалары көбейтіліп келеді. Қазіргі уақытта жалпы ауданы 85 гектар болатын 55 жылыжай, қуаттылғы 130 мың тонна болатын 71 сақтау қоймасы бар», — деді ол.

Сонымен қатар облыста биыл егіс алқаптары 3 мың гектарға ұлғайып, жалпы 457 мың гектарды құрады.

Марат Елеусізұлы өз сөзінде Президент биылғы Жолдауында көтерген ирригация мәселесі Алматы облысы үшін өте өзекті екенін жеткізді. Оның айтуынша, ұзындығы 9,4 мың шақырымды құрайтын суару жүйелерінің және гидротехникалық нысандардың 60-70%-ы тозған. Сол себепті судың жартысына жуығы жоғалуда. 

Облыстағы суармалы жерлердің көлемі 263,8 мың гектар. Былтырдан бері республикалық бюджеттен 8 млрд теңге бөлініп, 7 ауданда жұмыстар жүргізіліп келеді. Жалпы ұзындығы 1,8 мың шақырым желілерді жөндеу нәтижесінде 107 мың гектар суармалы жер санатына енеді.

«Ирригация мәселесін түбегейлі шешу мақсатында құны 106 млрд теңге болатын 2024-26 жылдарға арналған жоспар әзірленді. Өңірдегі су шаруашылығын жүйелеу үшін “Алматыоблводхоз” мекемесін құрдық. Бұл делдалдарды жойып, шаруашылықтарға суды бекітілген тарифпен беруге мүмкіндік туғызды. Мал шаруашылығында облыс ет, сүт, жұмыртқа өндіруден, құс, қой мен ешкі, ірі қара басының саны бойынша республикада алғашқы орындарда. Мысалы, 7 құс фабрикасы еліміздегі құс етінің 27%-ын өндіреді (10 айда 90 мың тонна). Ауыл шаруашылығына жыл басынан бері 36,6 млрд теңге инвестиция тартылып, 8 жоба іске асырылды. 472 жұмыс орны ашылды», — деп атап өтті өңір әкімі.

Облыс басшысының ақпаратына қарағанда, «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту» өңірлік бағдарламасы аясында 6 млрд теңге бөлініп, 30 шаруашылық 13 мың бас ірі қара және ұсақ мал сатып алынған. Бұл арқылы алдағы 5 жылда асыл тұқымды ірі қара малдың үлесін 22%-ға (қазір 19,5%), қойдың үлесін 20%-ға (қазір 16,7%) жеткізу көзделіп отыр.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде облысқа 8,3 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Бүгінде 9,5 млрд теңгеге 1 337 өтінім түсіп, 369 өтінімге 2,6 млрд теңге несие берілген. 

Келтірілген ақпарат бойынша, биыл аграрлық салаға 37 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде субсидиялар – 34,4 млрд теңге. Биыл өңірде шаруаларды жанар-жағармаймен қамтамасыз етудің жаңа тәсілі қолданылған. Операторлар отынды егістікке дейін жеткізді, бұл шаруаларға шығындарын азайтуға мүмкіндік берді (1,1 мың ауыл шаруашылық, 3,8 мың тонна).

«Ауыл шаруашылығының дамуына қарқын беретін бағыт – пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып, айналымға қосу. Облыс бойынша осындай 604,5 мың гектар жер анықталып, оның 181 мыңы (29,9%) қайтарылды. Бүгінде жұмыс жалғасын тауып келеді», — деп мәлімдеді облыс басшысы.

Шағын және орта бизнес – өңір дамуының негізі. Бірінші жартыжылдықта шағын және орта бизнестің жалпы аймақтық өнімдегі үлесі 47%-ға жетті ( 2022 жылғы І жартыжылдық – 39,7%), бұл көрсеткіш республика бойынша төртінші орынға сәйкес келеді.

ШОБ субъектілерінің саны 136,4 мыңды құрады (өсім - 23,2%), оның 26 мыңға жуығы биыл құрылды. Мұнда экономикалық белсенді халықтың үштен бірі жұмыс істейді (241,3 мың адам).

Олар өндіретін өнім көлемі 1,5 трлн. 12,7% өсіммен теңге (1 жартыжылдықта. 2023ж.). ШОБ 219,4 млрд теңге салық базасын қалыптастырады, өсім өткен жылдың деңгейіне 15%-дан асады (1.11.2022 ж. – 190,5 млрд теңге.).

Жалпы экономиканың нақты секторында қол жеткізген жетістіктердің арқасында 54 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Жұмыспен қамту шараларының аясында жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған 24 мың адамға қолдау көрсетілді. 

«Алматы облысы Қазақстандағы маңызды туристік өлкелердің бірі. Республикалық туристік картаға енген әрбір оныншы нысан біздің өңірде (РК – 102 орын, Алматы облысы – 10). Биыл 15 туристік аумақта 337 шақырым таулы соқпақтар мен маршруттарды абаттандыру жүргізілуде (240 млн тг.). Көлсай көлдерінің инфрақұрылымын дамыту, кәріз жүйелері мәселесін шешуді қолға алдық. Биыл демеушілердің есебінен тегін Wi-Fi нүктесі қосылып, бейнебақылау камералары орнатылды. Көлсайдың жанындағы Саты ауылы жақында Өзбекстанда өткен Дүниежүзілік туристік ұйымның кеңесінде “Ең үздік туристік ауылдардың” қатарына енгізілгендігін атап өткім келеді. Бұл туризмді дамыту жұмыстарына берілген жоғары баға», — деді өңір басшысы.

Оның айтуынша, 2023-26 жылдарға арналған туристік мастер-жоспары әзірленді. 2023 жылдың жарты жылдығында ішкі туристер саны 13%-ға өсіп, 1,1 млн адамға жетті (2022 жылғы қаңтар-тамыз - 960 мың). Нәтижесінде, шетелдік туристер 12 есеге өсіп, 74 мың келушіні құрады (2022 ж. – 6,2 мың). Бұл ретте Қытаймен арадағы визасыз режимді тиімді пайдаланып, туристерді көптеп тарту үшін Нарынқолда жаяу өткізу пунктін ашу жоспарланып отыр. Аталған іс-шараларды іске асыру туристер санын 1,2 млн адамнан 2 млн-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру үшін инфрақұрылымды дамыту маңызды. Биыл электрмен (2,5 млрд тг., өсім – 159,6%), сумен (18,3 млрд тг., өсім – 159,5%), газбен (4,3 млрд тг., өсім – 101,9%) қамтамасыз етуге, кәріз жүйесіне (15,9 млрд тг., өсім 14,5 есе), жылумен жабдықтауға (2,2 млрд тг., өсім – 13 есе), жарықтандыруға (3,2 млрд тг., өсім 230,3%), абаттандыруға (8,8 млрд тг., өсім – 125,9%) 55,1 млрд теңге бөлінген (2022ж. – 26,9 млрд тг., өсім – 205,1%).

Өңір әкімінің сөзіне қарағанда 2023 жылы облыс көлемінде жол салуға және жөндеуге 50,4 млрд теңге бөлінген (2022 ж. – 35 млрд теңге, 30,7%-ға артық). Облыста 384 елді мекеннің 356-сы немесе 92,7%-ы орталық су жүйесіне қосылған. Бұл республикадағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Биыл 477 шақырым сумен жабдықтау желілері салынып, 3 ауылға бір орталықтан су беріледі, 17 ауылда судың сапасы жақсарады (60 жоба 32,5 млрд тг.). Сонымен қатар биыл 37 су ұңғымасы қазылған (133 млн тг.).

«Келесі міндет – елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету. Облыста 156 елді мекен немесе 53% газбен қамтылып, халықтың 69%-ы көгілдір отынға қол жеткізген. Биыл 22 жобаны іске асыруға бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінді, 33 мың тұрғын газбен қамтылды (9 елді мекен). Балқаш ауданын газдандыру ұзаққа созылған болатын. Қордаланған мәселе биыл шешімін тапты. 4 ауыл (Бақанас, Ақдала, Бақбақты, Бірлік) өткен айда газға қосылды. Жақын уақытта тағы 2 ауылды қосамыз (Бояулы, Миялы). 2025 жылға қарай өңір халқының 73%-ы көгілдір отынға қол жеткізеді», — деді ол.

Алматы облысында тұрғын үй салу қарқыны жыл санап өсіп келеді. Осы жылы жоспарланған 811 мың шаршы метрдің 10 айда 808 мыңы пайдалануға берілді. Бұл Республика бойынша 4-ші көрсеткіш. Алайда жыл сайын үй кезегіне тұратын азаматтар саны 3-4 мың адамға артып отырады. Бүгінде 40 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.

Биыл өңірдегі 750 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілмек. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарының белгілі бір санаттарына арналған 450 жалдамалы пәтер, кезекте тұрған басқа да санаттағы азаматтарға арналған 300 пәтер пайдалануға берілді.

«Алматы агломерциясына кіретін аудандарға тән тағы бір мәселе – саяжайлар мәселесі. Ол көп жылдан бері шешімін таппай келеді. Себебі саяжайлар маусымдық сипаттағы үйлер болғандықтан инфрақұрылым жүргізілмеген. Жыл он екі ай тұруға арналмаған 674 саяжайда бүгінде 188 мың адам тұрады. Оларда елді мекен мәртебесі болмағандықтан стандарттарға сай жолдармен, сумен, кәріз жүйесімен, газбен, көшелерді жарықтандырумен қамтамасыз ету мүмкін емес. Облыс бойынша шығатын сыни ақпараттар саяжайларға байланысты. Сондықтан бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін 333 саяжайды жақындағы елді мекендерге қосу жөнінде шешім қабылдадық. Қазіргі уақытта олардың жаңа бас жоспарлары жасалуда. Осыдан кейін кезең-кезеңмен инфрақұрылым жүргізу қолға алынады», — деп мәлімдеді өңір әкімі.

Оның айтуынша, Алматы агломерациясының елді мекендерін, оның ішінде саяжайларды автобус қатынасымен толық қамту мақсатында коммуналдық автобус паркі құрылған. (31.01.2023ж., 25 автобус алынды). Биыл барлығы 37 елді мекенді қамтитын 12 жаңа маршрут ашылып, оның 4-еуіне мемлекеттік автопарк қызмет көрсетеді. Былтыр субсидия көлемі 200 млн теңге болса, биыл 1,3 млрд теңгеге дейін көтерілген. Бұл әлеуметтік бағыттардың санын 59-ға жеткізуге мүмкіндік беріп отыр (2022ж. – 29).

Сонымен қатар мектеп оқушыларын тасымалдау үшін биыл қосымша 34 автобус сатып алынды. 286 елді мекеннің 32,6 оқушысы қамтылып отыр (2022 ж. 254 елді мекен, 30,4 мың оқушы).

Білім беру саласындағы негізгі басымдық – үшауысымды оқыту мен орын тапшылығын жою. 2023 жылдың басында облыста 52 үшауысымды мектеп болған. Өңір басшысының сөзінше, биыл 14,4 мың орынға арналған 10 мектеп тапсырылып, 5-еуі жылдың соңына дейін берілмек. Келер жылы үшауысымды мектептер саны 39-ға дейін қысқарады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2024-25 жылдары 54,6 мың орындық 53 мектеп салынады. Осының нәтижесінде үшауысымды мектеп мәселесі шешіледі. 

«БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» және «Қазақстан халқына» қорларымен бірлесіп «Табысты 50 мектеп» атты бірегей жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 756 млн теңге бөлінген 50 мектептің 3,8 мың ұстазы біліктілігін арттыру курстарынан өтіп, 58 мыңнан астам оқушы кешенді оқуымен қамтылды. Жоба аясында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 50 мектепке 1,5 млрд теңгеге физика, химия және биология пәндерінің 150 зертхана кабинеттері жабдықталып отыр.

Облыс басшысының келтірген ақпараттарына қарағанда өңірде денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар. Биылғы 10 айда жалпы өлім-жітім 5,6%-ға (1 мың адамға шаққанда 6,38-ден 6,02-ге дейін), қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 2,1%-ға азайған (48,20-дан 47,20-ға дейін). Ана өлімі тіркелмеген.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2024-25 жылдары 38 медициналық нысан салу көзделіп отыр. Қонаев қаласында 800 төсектік көпбейінді аурухана, 500 келушіге арналған емхана, қалалық аурухана жанындағы инфекциялық блок салу жоспарланған.

Облыс халқына медициналық көмекті 398 медициналық ұйым көрсетеді (оның 58-і жеке). Өңірде медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету 91%-ды, автокөлікпен жабдықтау 44%-ды құрайды.

«Биыл “Қазақстан Халқына” қоры 1,1 млрд теңге тұратын 2 жылжымалы медициналық кешен сыйға тартты. Олар жапондық компьютерлік томографпен, цифрлық маммографпен және УЗИ аппаратымен жабдықталған. Кешендер шалғай ауылдардың тұрғындарын скринингтен өткізуде. Халықтың қолайлы өмір сүруіне ықпал ету мақсатында экономиканың және әлеуметтік қатынастардың түрлі салаларын цифрландыру жалғасын тауып отыр. Алматы облысының цифрлық егізін құру жобасы қолға алынған. Оның шеңберінде инженерлік желілерді толық цифрландыру және геопорталда қабаттар салу арқылы Қонаев қаласы мен басқа да елді мекендердің “2D” және “3D” көшірмелері жасалған. Қазіргі таңда оның ішкі құрылымы толтырылуда. Бұл елді мекендерді одан әрі дамытуды жоспарлауға мүмкіндік береді», — деді ол.

Аталған жоба «Qazaqstan Project Management Awards-2023» Ұлттық конкурсында «Үздік жоба» номинациясы бойынша 2-орынды иеленді. Қазіргі уақытта облыстың барлық мектептері интернет желісімен толық қамтамасыз етілген. Алайда шалғай аудандарда интернет жылдамдығында мәселе бар. 

Облыс әкімінің сөзінше, «Digital Bridge-2023» пилоттық жобасы аясында Starlink спутниктік интернетіне шалғай аудандардың 8 мектебі (Балқаш - 3, Кеген – 5) тегін қосылған. Нәтижесінде интернет жылдамдығы 8 МБит/секудтан 200-ге дейін артып отыр. «Қолжетімді интернет» бағдарламасының аясында осы технологиямен тағы да 65 мектептегі интернеттің жылдамдығы арттырылады. 

Сонымен қатар облыста қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында 9100 бейнебақылау және 335 жол қауіпсіздігі камераларын орнату жұмыстары жүргізіліп келеді.

«Көпшілікті қызықтыратын сұрақ – облыс орталығы – Қонаев қаласының дамуы. Ең алдымен қаланың инфрақұрылымының тозғанын атап өту керек. Облыс орталығы болғаннан бері бюджеті 2 есеге өсіп, 48 млрд теңгені құрады (2022ж. 1-жартыжылдығы - 24 млрд теңге). Былтырдан бастап 20 шақырым жол жөнделіп, 37 шақырым электржелілері, 20 шақырым су желілері тартылды. Орталық саябақ пен көшелерді, көпқабатты үйлердің аулаларын қосқанда 65 нысан абаттандырылды. 1,7 га жағажай жайластырылды. 33 үйдің қасбеті мен шатырлары жөнделді. Жылу жүйелерінің апатты бөліктері қайта жаңғыртылды (2,4 км)», — деп мәлімдеді ол.

Оның айтуынша, қаланың кәріз жүйесі тозған. Биыл 10 шақырым апатты бөлігі жөнделіп, мәселе мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында толық шешілмек. Құны 20,5 млрд теңге болатын жоба әзірленіп, байқау жарияланған. 

Биыл Қонаевтың Бас жоспары бекітілді. Негізгі әкімшілік ғимараттар Қонаев қаласының қазіргі аумағында салынады. 19 мың гектар аумақта орналасатын қала халқының саны 2050 жылға қарай 200 мың адамды құрайды деп болжануда. 2-ші кезеңде «Жаңа Іле» алаңы игерілмек. Онда әлеуметтік-тұрмыстық, мәдениет, білім беру ғимараттары, тұрғын-үй кешендері және рекреациялық мақсаттағы нысандар салынады. Жақын уақытта жаңа әкімшілік-тұрғын үй орталығын салуды көздейтін 5 жылдық кезеңге арналған Қонаев қаласын дамытудың кешенді жоспары қабылданады. 

«Қонаев қаласының дамуы бүкіл өңірдің дамуына тың серпін берері анық. Сіздерді өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың басты бағыттарымен таныстырдым. Әр сала бойынша жүйелі жұмыс жүріп келеді. Өткен жылы жалпы сомасы 288 млрд теңгені құрайтын 1033 мәселе тізбесі әзірленіп, 13,6 млрд теңгеге 159-ы орындалды. Биыл тағы 105 тармақ қостық. Бүгінгі күні 981 өзекті мәселені шешу бойынша жұмыстар атқарудамыз. Олардың орындалу барысы туралы ақпарат әр ауылдың әкімдіктеріндегі арнайы стендттерде және әкімдіктің ресми сайтында орналастырылған. Азаматтар өздерінің негізді ұсыныстарын осы тізбеге енгізе алады. Бұл біздің халықпен тікелей байланысымыздың бір түрі. Бүгінгі баспасөз мәслихаты халықты ақпараттандырудың тағы бір маңызды форматы», — деп түйіндеді сөзін өңір басшысы.

#Инфрақұрылымдық даму #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу