Өңірде 233,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2443 отбасы баспаналы болды — Нұрлан Ұранхаев

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев баспасөз мәслихатын өткізді. Өңір басшысы брифинг барысында аймақта инфрақұрылымды және әлеуметтік институттарды дамытуға, өңірдің экономикалық өсімін қолдауға бағытталған стратегиялық жоспарлармен таныстырды.

Өңір әкімінің мәліметінше, жыл басынан бері облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты өсім байқалған. Бүгінгі таңда, өңірдің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы – 107,5%-ды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 44,2%-ға өсіп, 426,2 млрд теңгеге жетті. Құрылыс саласында өсім – 141,1%-ға, өнеркәсіпте – 106,3%-ға, ішкі саудада – 103%-ға, ауылшаруашылығында – 101,7%-ға тіркелді.

Сонымен қатар 233,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2443 отбасы баспаналы болды. Өндіріс қарқыны әлеуметтік көрсеткіштерге де оң әсерін тигізді. Орташа айлық жалақы 17,6%-ға өсіп, 292,8 мың теңгені құрады.

Облыс бюджетінің өз кірістері 141%-ға артып, қазынаға 87,4 млрд теңге түсті. Биыл облыс бюджетінің көлемі 419,2 млрд теңгені құрады. 

  • Сумен жабдықтау нысандарын қаржыландыру 3 есеге; 

  • жолдарды жөндеу – 2,3 есеге артты. 

  • Білім беру саласы бойынша шығыстар 1,2 есеге;

  • денсаулық сақтауда – 2 есеге;

  • ауыл шаруашылығы – 7 еседен артық өсті.

Облыс орталығы – Семей қаласының бюджеті 103,1 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 51,4%-ға артық.

Тұрғын-үй коммуналды шаруашылық саласын қаржыландыру 2 есеге, әлеуметтік қорғау – 23%-ға ұлғайды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары Үкіметтің қаулысымен бекітілгенін білесіздер. Жоспарға инвестиция көлемі 1,9 трлн теңгені құрайтын 102 іс-шара енгізілген. Биыл жалпы көлемі 89,2 млрд теңгені құрайтын 45 іс-шараны іске асыру жоспарланған, тиісті жұмыстар басталды. Сондай-ақ бес жылға арналған 2028 жылға дейінгі инвестициялық жобалар пулы жасақталды. Оған 8 мың жұмыс орнын қамтитын, 1,4 трлн теңгенің 44 жобасы енді. Биыл 600 жаңа жұмыс орны бар 3 жоба іске қосылды. Жобалардың жалпы құны – 19,1 млрд теңгені құрайды», — деді өңір басшысы.

Агроөнеркәсіптік кешенде 5,3 млрд теңгеге 4 инвестициялық жоба іске асты. Жыл соңына дейін, өңдеу өнеркәсібінде 11,9 млрд теңгеге, 150-ге жуық жұмыс орнын қамтитын, 4 жоба іске қосылады. Ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды бағыт – Ауылшаруашылық мақсатында пайдаланбаған жерлерді қайтару жұмыстарыы жалғасуда. Жалпы ауданы 387,9 мың гектар жер учаскесі анықталды. Оның 157 мың гектары қазіргі таңда қайтарылды. Қалған 97 мың гектары жыл аяғына дейін алынып, жылдық жоспар толық орындалады.

Инфрақұрылымдық сипаттағы жүйелік проблемаларды шешуге ерекше назар аударылып келеді. Ең маңызды мәселе – жылумен жабдықтау. Семейде, оң жағалауда, жылу энергиясының 125 Гкал тапшылығы орын алды. Оны реттеу үшін, екі жылу қазандығы қайта жаңарудан өтіп, жылу қуаты 40 Гкал-ға артты, қазіргі таңда 85 Гкал энергия тапшылығы бар. Сол сияқты – жылу желілерінің тозу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 464,5 км. Орташа тозу – 68%-ды құрап отыр. Желінің 279 шақырымы қайта жөндеуді қажет етеді. Биыл 24 млрд теңгеге жылу желілері мен энергия көздерін жөндеу, реконструкциялау бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілді.

«Президент тапсырмасымен, бүгінде жаңа 3-ЖЭО құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Жұмысты 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ халықты 100% таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 15,5 млрд теңгені құрайтын 54 жоба жүзеге асырылып жатыр, оның 20-сы биыл, қалған 34 нысан келесі жылы қолданысқа беріледі. Облыста орталықтанған ауыз-сумен қамту үлесі – 91,9%-ды құрайды. 2024-2025 жылдары су құбыры желілерінің 32 жобасы іске асады», — деп мәлімдеді облыс әкімі.

Көлік инфрақұрылымы саласында, Ертіс өзені арқылы жаңа, төрт жолақты, көпір құрылысы жүріп жатыр. Аспалы көпірді жапон мамандары тексерді. Қазір жобалық-сметалық құжатамалары әзірленуде. 2024-2025 жылдары көлік дәлізін кеңейту үшін, ұзындығы 270 км болатын «Бақты-Аягөз» темір жолының құрылысы жоспарланған. 24 шілдеде Техникалық-экономикалық негіздемеге сараптаманың оң қорытындысы алынды. Әкімдік теміржол салуға арнайы жерлерді белгілеп, резервке қойды. Жоба – Қытай Халық Республикасымен екі-жақты теміржол тасымалы көлемінің жылдық мөлшерін 20 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

«Тұрғын үй кезегінде облыс бойынша 19 мыңнан астам адам тұрады. Оның 2442-сі көпбалалы отбасылар санатына жататындар. Биыл біз, жалпы ауданы 480 мың шаршы метр болатын, 68 көппәтерлі және жеке тұрғын үй құрылысын жүргізіп келеміз. Алдағы үш жылға тағы 148 көпқабатты тұрғын үйді іске қосу жоспарланған. Бұл – 6800 отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік береді», — деді Нұрлан Ұранхаев.

Сондай-ақ облыс басшысының ақпаратына сүйенсек, өңірдегі оқушы орнының тапшылығын азайту мақсатында «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін 5700 орынға арналған 11 мектеп құрылысы жоспарланған. Биыл 5 мектеп салуға келісімшарт жасалып, екеуінің құрылысы Семей қаласында басталып кетті. 

Сонымен қатар облыс орталығында «KAZ Minerals Management» қаржысы есебінен 1200 орындық мектеп салынып жатыр. 2025 жылға дейін Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен 6 шағын мектеп және қолданыстағы мектептерге қосымша 6 құрылыс салынатын болады. Сол сияқты, балаларды қосымша біліммен жан-жақты қамту мақсатында көпбейінді Оқушылар сарайын салу жоспарланып отыр.

Президент тапсырмасына сәйкес, биыл 1-ші қыркүйектен бастап Шәкәрім университетінде «Shakarim High School» және Ә.Бөкейхан университетінде «Abay IT-School» мектептері ашылып, облыстың жоғары оқу орындарына қосымша 500 арнаулы білім гранты бөлінді.

«Денсаулық сақтау саласында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 2025 жылға дейін 10,8 млрд.теңгеге 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандарының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Қазір жобалық-сметалық құжаттаманы үлгілік байлау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Семей қаласында 100,4 млрд теңгеге 5 медициналық нысан салу көзделіп отыр. Сонымен қатар Қарағайлы ауданында, жеке инвесторлар есебінен емехана мен неврология орталығының құрылысы басталды», — деп атап өтті ол.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы міндеттемелер өз мерзімінде орындалып келеді. Үш тоқсан қорытындысы бойынша жұмыссыздық республикалық орташа деңгейде. Биыл өңірде 24 926 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Қазір – 23 589 жұмыс орны ашылып, жоспар 95%-ға орындалды.

Бұдан бөлек, жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау және дамыту мақсатында 697,4 млн теңгеге көлемінде 110 жеңілдетілген несие; жастардың кәсіпкерлік бастамалары үшін 1,1 млрд теңгеге, 2,5%-дық үстеме ақымен 214 шағын несие берілді.

«Несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға – 1 млрд теңге бөлінді. Осы жерде, тағы бір маңызды мәселеге көңіл бөлгім келеді. Биыл біз, Президент тапсырмасымен алғашқы болып, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған 150 орындық заманауи оңалту орталығын аштық. Бізге оның маңызы ерекше. Себебі, о Облысымызда 24 481 мүгедектігі бар адам, оның ішінде ерекше күтімді қажет ететін 2 905 бала тұратындықтан, аталған орталықтың біздер үшін маңызы ерекше. Бұдан бөлек, Кешенді жоспарға сәйкес, Семей мен Аягөзде 150 орындық екі орталық салуды көздеп отырмыз. Қазір, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр», — деп баяндады өңір басшысы Нұрлан Ұранхаев.

Облыс әкімі баяндама барысында тыңдаушылар назарын театр мәселесіне аударды. Оның айтуынша, бүгінде Семей қаласында орналасқан қазақ театрының қара шаңырағы «Ойқұдық» театрында үш бірдей өнер ұжымы жұмыс істеп келеді. Сондықтан, Семейдің Жаңасемей ауданында, бұрыңғы Алаштың жұртында, заманауи мәдени нысан Конгресс-холл салу жоспарланған. Өңір басшысының сөзіне қарағанда, бұл бір ғимаратта жұмыс істейтін үш театр мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Семей қаласын дамытудың бас жоспары әзірленуде. Сонымен қатар Семейге қарасты 32 елді мекеннің басын қосып, дербес Жаңасемей ауданына біріктіру және Мақаншы ауданын қайта бөлу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Қарт Семейдің кескін-келбетін жақсарту, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытында да жұмыстар үздіксіз атқарылып келеді. Көпқабатты 70-ке жуық үйдің ауласы абаттандырылып, көппәтерлі 41 тұрғын үйдің қасбеті жөндеуден өтті, 9 үйге муралдар салынды. Жамақаев, Мәңгілік ел көшелері бойында жаяу жүргіншілер жолы, тұтастай қоғамдық алаңқайлар құрылды. 

Аспалы көпір астында, «көпірасты алаңдары» пайдалануға берілді. Этно-ауыл құрылысы жүріп жатыр, ал жоласты өткелдері жөнделді. Қала ішінде жылы аялдамалар орнатылып келеді. Келер жылы, Ертіс өзені арқылы жаяу жүргіншілер көпірі мен Бейбітшілік аралында балалар теміржолын салу көзделіп отыр. 

«Өздеріңіз көріп отырғандай, жоспар бар, тиісті қолдау да бар. Біз осының бәрін ұтымды пайдаланып, тұрғындарға жайлы орта құру бағытында жұмыс жасайтын боламыз. Ол үшін, әрине, уақыт керек. Біз, барлық күш-жігерімізді мәселені уақытылы, мейлінше жылдам, әрі тиімді шешуге мүдделіміз. Сондықтан, қоғамның, сіздердің қолдауларыңызбен мақсатымызға жетеміз деп ойлаймын», — деп түйіндеді сөзін облыс әкімі.

#Президенттің тапсырмасы #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу