А. Мырзахметов АӨК-ті дамыту мемлекеттік бағдарламасын Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының шаруаларымен талқылады

09 желтоқсан 2016, 19:39
Фото: palata.kz

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен бейне байланыс арқылы кеңес өткізді.

АӨК-ті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының  тұжырымдамасын Елбасы мақұлдағаннан кейін, Мәжіліс пен Үкіметте қаралған болатын. Сонымен қатар,  жаңа бағдарламаның жобасын талқылау және талдау мақсатында ведомство басшысы Оңтүстік, Батыс және Солтүстік өңірінің тауар өндірушілермен кездесулер өткізді. Енді қалған үш өңірдің облыс әкімдерінің орынбасарларымен, тауарөндірушілер және салалық одақ өкілдерімен пікір алмасып, ұсыныстарын тыңдады.

АӨК-тің жаңа рөлін жүзеге асыру еліміздің тұрақты дамуын, еңбек өнімділігін арттырады және халықтың көпшілік бөлігінің өмір сүру деңгейін көтеруді қамтамасыз етпек. Бұл міндеттерге ауқымды түрде кооперацияларды дамыту арқылы жетуге болады.

2021 жылға қарай 500 мыңға жуық ЖҚШ мен ұсақ шаруа қожалықтарды тартуды жоспарлап, 1 200-ге жуық ауыл шаруашылығы кооперациялары құрылады.

Сонымен қатар, кооперативтер өздерінің үлескерлеріне, яғни қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықтарына ветеринарлық, агрохимиялық, техникалық қызмет көрсету және жем дайындау бойынша бірнеше қызметтер көрсете алады. Мысалы, ауыл тұрғындарының малы үшін шөп қажет болды делік. Өзінің құны тоннасына 7-8 мың теңге болатын шөп, жазғы уақытта 20 мың теңгеге, күзде 30 мың теңге, қыста 40 мың теңгеге дейін қымбаттайды. Ал, кооператив мемлекеттің қолдауымен лизинг арқылы сатып алынған трактор, шөп шабатын машина, тіркемелерді пайдаланып, арзан бағамен шөппен қамтамасыз ете алады. Бір сөзбен айтқанда, кооперативтер ЖҚШ және дамытуға арналған негізгі мәселелерді шешіп береді.

Сондай-ақ, кооператив ауыл тұрғындарын жем-шөп цехы арқылы бір орталықтан құрама азықпен қамтамасыз етеді. Кооперацияның тағы бір артықшылығы – ауыл тұрғындарына шағын несие алуға мүмкіндік бермек..

Мемлекеттік бағдарлама аясында егіс алқаптарын әртараптандыру жалғастырылатын болады. Босатылған алқаптарға экспортқа сұранысы жоғары арпа, сұлы, жүгері және майлы дақылдар егіледі.

Бағдарлама аясында субсидия мен несие алушылар алушылар саны 7 есеге дейін ұлғайып, «КазАгро» арқылы жеңілдікпен алатындар саны 1,4 есеге өседі деп жоспарлануда.

Мал шаруашылығы саласындағы субсидиялау бағыттарының тиімділігін арттыру қайта қаралып шықты. Кооперативтерді қоса алғанда өндірістің ұсақ формаларына берілетін субсидияның тиімділігін арттыру үшін қой еті мен сиыр етіне берілетін субсидияларды саралау жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, селекциялық-асыл тұқымдандыру жұмыстарын субсидиялау механизмдері өзгертіліп, нақты нәтижеге бағытталатын болады. Мысалы, қолданыстағы субсидиялау жүйесі бойынша тек қана асыл тұқымды ІҚМ аналығы үшін субсидия берілсе, (1 бас үшін 20 мың теңге) төлдеріне субсидия қарастырылмады, ал ұсынылып отырған жүйе бойынша бастапқы көрсеткішпен аналыққа 10 мың теңге және төліне 10 мыңнан 20 мыңға дейін субсидия қарастырылған.

Өсімдік шаруашылығында гектарлық субсидиялаудан өндірілген өнім көлемі бойынша берілетін субсидиялау жүйесіне қарай бет бұрылып жатыр. Бидай, арпа және сұлының 1 гектарына берілетін субсидиялау жүйесі алынып тасталынады. Көктемгі егістік жұмыстарына берілетін несие жетілдіріледі. Майлы дақылдар бойынша гектарлы субсидиялау алынып тасталынып, өндіруші кәсіпорындардың жүктемелік қуатын арттыру мақсатында өндірілген шикізат көлеміне байланысты субсидия беріледі. Сонымен қатар, мақта, мал азығы дақылдары мен күрішке берілетін гектарлық субсидия жүйесінде өзгеріс болмайды.

1 теңге бойынша субсидиялау 2 есеге дейін, яғни 7,5 теңгеден 13 теңгеге дейін көбейеді. Бұл жалпы өнім өндіру үлесі 50%-ға артады деген сөз.

Вице-премьер  талқылау барысында АӨК-ті дамыту мемлекеттік саясаты аясында аумақтың ерекшелігіне байланысты кейбір субсидиялау түрін өңірлік атқарушы органдар жергілікті бюджеттер арқылы қолдау қарастырылып жатқанын айта кетті (мысалы, Шығыс Қазақстан облысы бойынша бал шаруашылығы мен марал өсіруге, Қызылорда облысы күріш өсіру, Оңтүстікте мақта шаруашылығы).