Кәрім Мәсімов ауыл шаруашылығын дамыту бойынша кеңес өткізді

02 тамыз 2016, 01:06

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ауыл шаруашылығын дамыту бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы ол өзінің Twitter-дегі аккаунтында хабарлады.

«Ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткіздім», – деп жазды Twitter-де ҚР Премьер-Министрі.

Кеңес барысында экономикалық өсімді қамтамасыз ету, атап айтқанда инвестициялық субсидиялау, мал шаруашылығын субсидиялау, несие/лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, су инфрақұрылымын дамыту, апатты су қоймаларын қалпына келтіру, гидротехникалық құрылымдарды қайта жөндеу мақсатында АӨК дамыту мәселелері қаралды. 

Сондай-ақ, «ҚазАгро» холдингінің сүт қабылдау бекеттері желісін құру және отбасылық сүт фермаларына, отбасылық мал жемдейтін алаңдарға қолдау көрсету және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация ұйымдастыру, сервистік-дайындау орталығын қалыптастыруды қолдау және жеке қосалқы шаруашылықты қаржыландыру, сондай-ақ қолданыстағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру бағыттары бойынша жобалары қаралды.