Қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтады

26 мамыр 2017, 13:25
Фото: primeminister.kz

Қазақстанды аусылдан таза аймақ ретінде тану ет өңдеу зауыттарының өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, сәйкесінше қазақтың етті ақбас ІҚМ тұқымының саны артады. Бұл туралы ҚР Үкіметі баспасөз орталығындағы баспасөз конференциясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен мал шаруашылығы ғалымдары мәлімдеді.

Жаңа мәртебеге ие болуға байланысты өндірістің ұлғайтылуы туралы Жамбыл облысының «Мерке ет» ЖШС вице-президенті Бексұлтан Елубаев айтып өтті. Оның айтуынша, комбинат күн сайын 10 мың құтыға жуық консервіленген ет өнімдері мен 300-400 кг-ға дейін «Халал» маркасы бар шұжық өнімдерін шығаруға әзір. Қосымша 70-тен астам жұмыс орны ашылатын болады.

Комбинат аусылдан таза аймақ мәртебесінің арқасында мал бордақылау алаңындағы ірі қара мал басын 3 мың басқа дейін ұйғайта алады.

«Бізге, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге аусылдан таза аймақ мәртебесіне ие болу мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін кеңінен пайдалануға мүміндік береді», - деп есептейді Б. Елубаев.  

Өз кезегінде, ҚР АШМ «Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-инновациялық орталығының» бас ғылыми қызметкері Әнуарбек Сейітмұратов қабылданып жатқан АӨК мемлекеттік қолдау шараларының арқасында соңғы 5 жылда қазақтың ақбас тұқымы 230 мың мал басына дейін артқанын хабарлады.

«Қазақстанда өсірілетін 10 етті тұқымының ішінде қазақтың ақбас тұқымы ең ірі болып табылады. Ендігі, аусылдан таза аймақ мәртебесіне ие болғаннан кейін мал өсірушілер үшін еттің экспорттық әлеуетін дамытуға елеулі үлес қосуға және өздерінің қажырлы еңбектерінің жемісін көруге мүмкіндік пайда болады», - деген сенімде Ә. Сейітмұратов.

1/1