Қазақстанды аусылдан таза аймақ ретінде тану АӨК өнімдерін ДСҰ елдеріне экспорттауға жол ашады

26 мамыр 2017, 13:12
Фото: primeminister.kz

2017 жылғы 25 мамырда Парижде Қазақстанға аусылдан таза аймақ мәртебесін беру туралы сертификатты ресми табыстау салтанаты өтті. Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз конференциясында ҚР ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов хабарлады.

Аталған мәртебені беруге Халықаралық эпизоотиялық бюроның (ХЭБ) бас ассамблеясының отырысына қатысқан, 180 елден келген Халықаралық эпизоотиялық бюроның делегаттары бірауыздан дауыс берді. Осындай нәтижеге аусылдың алдын алуға бағытталған мақсатты жұмыстар, халықаралық талаптарға сәйкес аусылмен күрес стратегиясын қатаң қадағалаудың арқасында қол жеткізілді, деп түсіндіріп өтті спикер.

Посткеңестік кеңістікте Беларусь пен Украина аусылдан тарихи таза аймақ ретінде танылған. 2016 жылдан бастап Ресейдің жекелеген өңірлері ғана аусылдан таза мәртебесіне ие. ТМД-ның өзге елдеріне әзірге бұндай мәртебе берілмеген.  

«Елімізде осы мәртебенің болуы мал және өсімдік шаруашылығы өнімдерін ДСҰ-ға мүше мемлекеттерге экспорттауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін іске асыруға, сонымен қатар отандық кәсіпкерлердің сыртқы сауда қызметін дамытуға оң ықпал етеді», - деді Қайрат Айтуғанов.

Спикер сондай-ақ, Қытайдың ветеринария бойынша құзыретті органы (ГИНКИК) өткен жылдың қыркүйегінде ХЭБ шешімі негізінде 9 облыста аусыл бойынша шектеуді алып тастағанын еске салды. ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау комитеті қытайлық тараппен жаңа ғана алынған мәртебе негізінде қалған бес облыстан шектеуді алып тастау бойынша жұмысты жалғастырады.  

Парсы шығанағы елдері, Иран мен Израиль сондай-ақ алынған мәртебе негізінде Қазақстанмен республиканың барлық аумағынан мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауға рұқсатты мақұлдауға дайын. 

«ХЭБ шешімі Қазақстан Республикасының АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында елдің ветеринарлық қызметінің жүйелі өзгерістерінің нәтижесі болды және ол отандық тауар өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», - деп атап өтті ҚР АШМ бірінші орынбасары. 

Анықтама:

Аусыл жоғары контагиозды болуымен, түр-түрінің, бірнеше типті қоздырғышының болуымен сипатталатын, жануарлардың көптеген түрлері бейім болып келетін және жұғу жолдары көп түрлі, ХЭБ тізіміндегі ауру болып табылады. Соған байланысты, халықаралық деңгейде аумақтардың  аусыл бойынша қолайлы мәртебесінің болуы экспорттау және импорттау кезінде міндетті шарт болып табылады. 

2016 жылдың тамызында Қазақстан Республикасының Ветеринарлық қызметі тарапынан ХЭБ-ке еліміздің 5 өңіріне аусылдан таза аймақ мәртебесін беру туралы ресми түрде құжаттама берілді.

1/1