Дариға Назарбаева «Жұмыспен қамтудың жол картасын 2020» жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді

06 тамыз 2016, 00:59

Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020 аясында қысқартылған жұмыс уақыты үшін білікті жұмыскерлердің жалақысының бір бөлігін уақытша субсидиялау Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен Ведомствоаралық комиссияның отырысы барысында талқыланды.

Мұндай шара күрделі экономикалық жағдай кезінде қала құраушы кәсіпорындардың білікті бағалы кадрларын сақтауға мүмкіндік береді.

Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, осы кезеңдегі мұндай шаралар Алматы қаласындағы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы сегіз кәсіпорында қарастырылған. Осы кәсіпорындардың 3,1 мың жұмыскерінің жоғалған кірістерінің үштен екі бөлігін субсидиялауға мемлекеттік бағдарлама аясында 126,7 млн. теңге бөлінеді.

Кеңес барысында сондай-ақ жастар арасындағы жұмысқа ыңғайлары және оларды еңбекпен қамту талқыланды. ЖҚЖК 2020 бағдарламасы аясында жұмыссыз жастар үшін одан әрі еңбекпен қамту міндетінсіз жаппай компьютерлік сауаттылықты, кәсіпкерлік негіздерін, ағылшын тілін оқытуды енгізу ұсынылды. Мұндай машықтарды игеру жұмыс берушілер арасында олардың тартымдылығын арттыруға септігін тигізеді.

Осындай мақсатпен ЖҚЖК 2020 аясында алғашқы еңбекпен қамту проблемасы бар ЖОО және колледждердің түлектеріне арнап «жастар іс-тәжірибесінен» өту мүмкіндіктерін кеңейту ұсынылды, ол еңбек өтілі болып есептеледі.

Бұдан өзге, кеңес барысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша микрокредиттеу мәселелерін пысықтау тапсырылды. Осылайша, бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін мал шаруашылығы саласында жеке ісін ұйымдастыру және кеңейтуге микрокредиттеу мерзімін 7 жылға дейін ұлғайту, сондай-ақ микронесие сомасын 16 млн теңгеге дейін арттыру мүмкіндігі талқыланды.

«Мал шаруашылығы, жемшөп базасы, ветеринарияны дамыту салаларындағы жобалардың арасында қаражатты бөліп, фермерлік шаруашылықтарды микрокредиттеуге бағыттайтын қаражатты әртараптандыру қажет», - деп атап өтті Дариға Назарбаева талқылау барысында.

Премьер-Министрдің орынбасары барлық салалық ведомстволарға  Жұмыспен қамтудың жол картасына 2020 одан әрі өзгерістер енгізу үшін кеңестің барлық мәселелері бойынша бірыңғай шешім жасауды тапсырды.