Ел экономикасының жаңғыруы еңбек нарығының қайта құрылуымен тікелей байланысты

10 наурыз 2017, 13:30
Фото: primeminister.kz

Экономиканы жаңғырту аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында өте өзекті – еңбек ресурстарының біліктілігін арттыру міндеті тұр. Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау бойынша министрліктің қандай жұмыстар жүргізіп жатқаны туралы ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясында министр Тамара Дүйсенова айтып берді.

Ол ведомство төрт бағытта жаңғыртуды іске асыру жұмыстарын бастағанын айтты. Олар: еңбек нарығын жаңғырту, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жаңғырту, азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жаңғырту және арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту.

Еңбек нарығын жаңғырту экономиканы жаңғыртумен тікелей байланысты. Министрдің болжамы бойынша, келешектегі төртінші өнеркәсіптік революция көптеген кәсіптердің жойылуына әкелуі мүмкін. Жеке салалар жойылады. Бұл жаңа салалар мен жаңа кәсіптердің пайда болуына байланысты болады. Бұл үрдіс бір жағынан еңбек ресурстарының қысқартылуына әкелсе, екінші жағынан жоғары білікті жұмыскерлерге сұраныстың артуына жол ашады.  

Т. Дүйсенова экономиканы жаңғырту аясында министрлік алдында өте өзекті – еңбек ресурстарының біліктілігін арттыру міндеті тұрғанын айтты. Себебі бүгінде еңбек нарығында елеулі мәселе бар.

«Жалдамалы жұмыскерлердің саны 6 млн адамнан жоғары. Олардың 20%-ның орта білімі бар. Экономикаға тартуға болатын біздің қорға қарайтын болсақ, 445 мың адамның 32% тек қана мектеп білімі бар жұмыссыздар. 2,3 млн өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамның шамамен 50%-нда ғана орта білім бар», - деп министр статистикамен таныстырды.

Осы орайда биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын іске асыру жұмыстары бастау алды. Бағдарламаның басты мақсаты – азаматтарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға немесе кәсіпкерлік негіздеріне жаппай оқыту. Білім алатын адамның барлығы өз бетімен жұмысқа орналасуға, өз ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге мүмкіндік беретін кәсіби дағдыларды игеруі керек.

Бағдарламаның үш бағыты бар. Біріншісі – «Азаматтарды оқыту» аясында 15 жастан 24 жасқа дейінгі аралықтағы адамдар ТжКБ аясында бірінші мамандықтарын тегін оқи алады. Мұнда бірінші кезекте бірнеше жыл қатарынан ҰБТ тапсыра алмай жүрген 21 мың жас азамат тартылатын болады. Мемлекет осы санаттағы адамдарға стипендиялар бөліп, тегін жол жүру мүмкіндігімен және бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз ететін болады.  

Жасы 24-тен асқандар үшін қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылады. Мұнда олар тегін екінші мамандықтарын ала алады.

Шалғайдағы елді мекендердің тұрғындары үшін мобильді оқыту курстары ұйымдастырылады. Бұл арнайы жабдықталған сыныптары бар автобустар түрінде болады. Жобаны пилоттық режимде биыл 1 мамырда 5 облыста: Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында іске қосу жоспарланған. Негізінен техникалық мамандықтар қамтылады.

Тағы да бір жаңа енгізілім – егер бастапқыда оқыту жұмыстары жұмыс берушілердің сұранысы бойынша жүргізілсе, бүгінде сұранысқа ие мамандықтарға тікелей кәсіби дағдыланған бизнесмендерді, өндіріс шеберлерін тарту арқылы оқытатын болады. Сабақтар келесі үйлесім бойынша жүргізілетін болады: 30% – теориялық білім беру, 70% – практика жүзіндегі сабақтар.

Т. Дүйсенова Бағдарламаның екінші бағыты – шағын несиелендіруде де едәуір өзгерістер орын алғанын атап өтті. Егер бастапқыда шағын несиелендіруде үш бағыт болса, қазір осы аталған үш бағыт біріктірілген. Бұдан өзге, егер бастапқыда Жол картасы аясында тек ауыл тұрғындарын қаржыландырып, несие берсе, енді Бағдарлама шеңберінде қала тұрғындарына да несие алу мүмкіндігі болады. Несие мөлшері 3 млн теңгеден 18 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Мерзімі бұрынғысынша қалды – 5 жыл. Түпкілікті тұтынуға дейін несиелер жылына 6% деңгейіне жетуі керек. Тағы бір жаңалық – кепілдік алу. Егер адам алғаш рет өз ісін ашып жатса, алынатын несиенің 85% сомасына дейін агрокепілгер кепіл бола алады. Ал адамның бизнесі болса, онда оның несиесінің 50% сомасына агрокепілгер кепіл бола алады.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына әлеуметтік қолдау көрсету мәселесінде жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар халықтың осал топтары үшін қала бермек.

«Біз халықтың ерікті түрде қоныс аудару жұмыстарын немесе еңбекке жарамды адамдары мол аймақтардан жұмыс күшіне сұраныс бар аймақтарға азаматтардың көшу деңгейін арттыру мақсатында жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз», - деді ведомство басшысы.

Бағдарламаның аталған бағыты 2017 жылғы 1 наурыздан бастап іске асырыла бастады. Әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесі іске қосылды. Бүгінде 18,5 мың адам Бағдарламаның үшінші бағытына тартылған. Бір жыл ішінде шамамен 200 мың адамды қамту көзделген.