ҚР Премьер-Министрі Павлодар облысының жастарымен өзекті мәселелерді талқылады

06 тамыз 2016, 22:54
Павлодар облысы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

ҚР Премьер-Министрі жұмыс сапары барысында Павлодар облысының жастарымен кездесу өткізді.

Кездесу аясында көтерілген негізгі мәселелер «Дипломмен ауылға!» бағдарламасын жүзеге асыруда жаңа бағытты енгізу, «Start-Up» арқылы жастар кәсіпкерлігін дамыту және өз бетінше шетелдік ЖОО-ларда оқып жүрген жастарды жұмысқа орналастыру үшін өңірлердің тартымдылығы Картасының әлеуеті болды. 

Премьер-Министр жұмыспен қамту мәселелерін шешу жастар саясатын жүзеге асырудың бір бөлігі ретінде өзекті екенін, сондықтан кездесу барысында айтылған барлық ұсыныстар сәйкес мемлекеттік органдарда қаралатынын атап өтті.

Павлодар облысындағы экономикалық белсенді жастардың жалпы саны 93 мың адамды құрайды. Аймақта 12 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Орталықта еңбекке орналастыру, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жас отбасылар үшін тұрғын үй алу және т.б. жастар үшін маңызды мәселелер бойынша кеңес беріледі.

Биыл жұмыспен қамту ұйымдарының ықпал етуімен облыста 1 628 жас жұмыспен қамтылды, оның ішінде 385 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды. «Жасыл ел» жобасы бойынша жастар еңбек жасақтарының 13 бағытымен 2 500 адам жұмысқа орналастырылды. Студенттер жасағынан 200 адам «Нұрлы Жол» бағдарламасының жүзеге асырылуына қатысады. «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша 131 адам көтерме ақы алды.

Сонымен қатар жастарға қызмет көрсету орталығының базасында кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Бизнес цех» жобасы іске қосылды, ал С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің базасында аймақтық Start-Up академиясы ашылды. 

Жалпы, елімізде жас мамандардың жұмысқа орналасуына «Жастар іс-тәжірибесі», «Жұмыспен қамту-2020», «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел» бағдарламалары арқылы ықпал етілуде.