«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында құрылымдық бөлімшелердің штатын оңтайландыру өтті

12 тамыз 2016, 21:27
Фото: Госкорпорация «Правительство для граждан»

Бұған дейін 2016 жылғы сәуірде құрылған мемлекеттік корпорацияның құрамына кірген «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» РМК-де, «Жылжымайтын мүлік орталығы» РМК-де, «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМҚК-де және «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК-де еңбекақы төлеудің бөлек-бөлек жүйесі және лауазымдар тізбесі болған.

«Азаматтарға арналған үкімет» басқармасы төрағасының орынбасары Диханбай Әбеновтің айтуынша, құрылымды қайта ұйымдастыру қолданыстағы еңбекақы төлеу қоры шеңберінде жүргізілген.

«Төрт мекеме біріктірілгеннен кейін біз құрылымдық бөлімшелер құрамына және әрбір бағыт аясындағы қызметтің бөлінуіне талдау жасадық. Жалақы деңгейінің тек кәсіпорындардың өзінде ғана емес, басқа өңірлерде де айырмасы болды», - деді Д. Әбенов.

Сондай-ақ, біріздендіру аясында басшылық құрамның саны 53%-ға оңтайландырылды. Мұнда бірде бір қызметкер жұмыстан босатылған жоқ. Мемлекеттік корпорацияның барлық қызметкерлеріне олардың мамандықтарына, кәсібі мен біліктілігіне сәйкес жаңа лауазымдар ұсынылды.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын құру мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін бірыңғай құрылымға біріктіріп қана қойған жоқ. Құрылымдық бөлімшелердің басшылық әкімшілік штатын оңтайландыру бізге мемлекеттік қызмет саласында сыбайлас жемқорлықты құрайтын бюрократиялық кедергіден арылуға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет көрсетуде үлкен жүктемесі болатын қарапайым инспекторлардың жалақысын арттыруға оңтайландырылғаннан кейін босатылған қаржы бағытталады. Бұл еңбекақы төлеу қорын ұлғайтпай-ақ корпорацияның қарапайым қызметкерлерінің жұмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді қатардағы қызметкерлердің айлықақысының көтерілуі  20%-ды құрайтындығын атап өткен Д. Әбенов.

Сондай-ақ еңбекақы төлеу жөніндегі жаңа ережеде қосымша еңбекақы төлеу қоры қарастырылған, мұнда жеке жұмыс нәтижесі, жүктемесі, сондай-ақ жұмыс өтілі ескеріле отырып, ынталандырушы қосымша ақылар мен әртүрлі үстемеақылар болады.