Қазақстанда жүктілігіне және босануына байланысты төлемдерді ресімдеу жеңілдетілді

04 тамыз 2016, 22:12

Қазақстанда жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айрылу жағдайына әлеуметтік төлемдерді есептеуге қажетті құжаттар топтамасы қысқартылды. 

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бірлескен жұмысының арқасында Қазақстанда жүктілігіне және босануына байланысты төлемдерді ресімдеу рәсімі жеңілдеді.

Енді ҚР ДСӘДМ-де мәлімдегендей, өтініш берген кезде әйелдерге соңғы 12 айға жұмыс орынан табыстары туралы анықтама ұсыну қажет емес. Жеке куәлігін, еңбекке жарамсыздық парағы мен банктік шотын ұсыну жеткілікті. Жеке кәсіпкер куәлігі бар әйелдерге сондай-ақ ЖК тіркеу туралы куәлік пен салықтары бойынша салыстырып тексеру акті қажет болады.

«Қазір, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін әлеуметтік төлемдер мөлшерлерін тағайындау қағидасына енгізілген өзгерістердің арқасында жүктілігіне және босануына байланысты төлемдерді тағайындау автоматтандырылған ақпараттық жүйеде қамтылған нақты аударылған аударымдар бойынша жүзеге асырылатын болады. Жүктілігіне және босануына байланысты төлемдердің мөлшері есептелген және аударылған әлеуметтік аударымдардың дұрыстығына жауапкершілік көтеретін жұмыс берушіге тікелей байланысты екендігін есте сақтау қажет», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ЗТМО дирекциясы директорының орынбасары Серікқан Сабыржанов.

Сонымен қатар, жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айрылу жағдайына әлеуметтік төлемдердің мөлшері соңғы 12 айға орташа айлық табысын еңбекке жарамсыздық күнінің санын отыз күнтізбелік күнге бөлу арқылы алуға болатын еңбекке жарамсыздық (науқастанған) күнінің саны коэффициентіне көбейтумен айқындалады.

Барлығы мемлекеттік корпорация арқылы жылдың басынан бері 97,5 мың жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айрылу жағдайына әлеуметтік төлем тағайындалды.