ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Теміртауда моноқалаларды дамытудың өзекті мәселелерін талқылады

28 шілде 2017, 18:30
Қарағанды облысы
Фото: primeminister.kz

Бүгін, Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев еліміздің моноқалаларын дамыту жөнінде жұмыс кеңесін өткізді.  

Іс-шараға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, моноқалалардың әкімдері және өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарының басшылары қатысты.

Кездесуге қатысушылар Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясындағы моноқалаларды дамыту барысын, «зәкірлі» инвестициялық жобаларды іске асыру барысын, тоқтап қалған және толық жүктелмеген жобалар мәселелерін, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытудың түйіткілді мәселелерін талқылады.

Осы тақырыптар бойынша ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады. Бұдан өзге,өз қалаларындағы жағдай бойынша Теміртау қ. әкімі Ғалым Әшімов, Кентау қ. әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев және Степногор қ. әкімі Әнуар Күмпекеев толық баяндама жасады.

Жекеменшік сектордың позициясы жайлы «Talas Investment Company» ЖШС бас директоры Бақтияр Алдашов, «Bapy Mining» ЖШС директоры Бақыт Шалбаев, «ССГПО» АҚ вице-президенті Ерлан Әлкенов, «SES Saran» ЖШС бас инвесторы Ян Зонненшайн, «ERG» қадағалау кеңесінің төрағасы Алдияр Қазтаев айтып өтті. 

Кеңесті қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев еліміздің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының басым бөлігі моноқалаларда орналасқанын және жүйе құраушы болып табылатынын атап өтті. Сондықтан, еліміздің Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын іске асыру аясында жүргізіліп жатқан осындай зауыттарды технологиялық жаңғырту осы елді мекендердің тұрғындары үшін аса маңызды.

Сонымен қатар, моноқалалардың болашағы халықтың белсенді бөлігіне, атап айтқанда, туризм және ауыл шаруашылығы сияқты салаларды дамытуға қаражат сала алатын кәсіпкерлерге байланысты екендігі атап өтілді.  

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдарға кеңесте айтылған ұсыныстарды моноқалалардың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында оларды дамытудың әрекеттегі бағдарламасына өзгерістер әзірлеу кезінде ескеруді тапсырды.