Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды

09 тамыз 2016, 02:20
Маңғыстау облысы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды.

Премьер-Министр жұмыс сапары аясында Құрық паром кешенінің құрылыс жұмыстарымен, Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту және жұмыс істеп тұрған халықаралық сауда теңіз портын кеңейту бойынша жұмыстармен танысады деп күтілуде, сондай-ақ Ақтау қалалық жастар орталығын аралайды.

Сонымен қатар, К. Мәсімов Ақтау халықаралық теңіз сауда портының жұмысына қатысты мәселелер бойынша кеңес өткізеді және Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін талқылау үшін қоғам өкілдерімен кездеседі деп жоспарланған. 

Маңғыстау облысының халқының саны 633 мың адамды құрайды, оның шамамен 47% – қала тұрғындары. Аймақтық ЖӨӨ-дегі өнеркәсіптің үлесі 46,3% құрайды. Индустрияландыру картасының жүзеге асырылуы кезеңінде облыста 262,9 млрд теңгені құрайтын 43 жоба іске асырылды, оларда 3,8 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

Жүзеге асырылған жобалардың ішіндегі ірі жобалар қатарында: халықаралық жолаушылар терминалының құрылысы және Ақтау әуежайында ұшу-қону жолағын қайта жөндеу, «Өзен – Түрікменстанмен мемлекеттік шекара» жаңа теміржол жолағының құрылысы және теңіз металл конструкцияларын өндіру бойынша өнеркәсіптік кешенінің құрылысы бар.

Нақты секторда жаңа өндіріс орындарының ашылуының, шағын бизнесті дамыту және жаңа әлеуметтік нысандарды енгізудің арқасында 12 762 жаңа жұмыс орны құрылды.