Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР Үкіметінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ұлттық баяндаманың жобасы қабылданды

13 наурыз 2018, 14:43
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ұлттық баяндаманың жобасы қабылданды. Жобамен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Саян Ахметжанов таныстырды.

Саян Ахметжановтың айтуынша, Ұлттық баяндаманың жобасы бес тараудан тұрады және елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпараттарды, мәселелер талдауынан, сондай-ақ еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қамтиды.

Атап айтқанда, бірінші тарауда 2015–2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның бірінші кезеңін іске асыру қорытындылары шығарылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ұлттық моделінің негізгі бағыттары ашылған.

Екінші тарауда ресми құқықтық статистикаға, сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін әлеуметтік бағалауға, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың зерттеу нәтижелеріне негізделген Қазақстандағы жемқорлықтың жай-күйі мен үрдістеріне талдау жасалады.

«Биыл Қазақстан сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша елдер рейтингінде 31 балл жинап, 122-орынды иеленді, көрсеткішті 2 баллға және 9 орынға жақсартты. Мұндай нәтижелерге жету, соның ішінде 30 баллдық шектік мәннен асу жемқорлық деңгейі жоғары елдердің санатынан шығуға мүмкіндік берді», — деді С. Ахметжанов.

Үшінші тарау аясында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша қабылданған шаралар, сондай-ақ олардың әлеуметтік-экономикалық әсері ұсынылған.

Төртінші тарауда азаматтық қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің мемлекеттік саясатына қатысуы, сондай-ақ қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру және қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті алға жылжыту мәселелері талқыланады.

Соңғы тарау сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат пен заңнаманы одан әрі дамытуға, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық стандарттарды енгізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жобалық менеджментті енгізу және 2018–2020 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру Жоспары жобасының бірқатар шараларына арналған.

«Ұлттық баяндамада келтірілген талдаулар көрсеткендей, табыстың негізгі факторларының бірі – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын заңнамалық түрде қамтамасыз ету және ең озық шетелдік тәжірибе мен әлемнің жоғары стандарттарын ескере отырып, жемқорлықтың алдын алу бойынша жаңа тиімді институттарды құру. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте негізгі басымдық жүйелі профилактикалық жұмысқа және сыбайлас жемқорлықты ескерту жөніндегі тиімді шараларды іске асыруға берілген», — деп мәлімдеді агенттік аппаратының басшысы.

Сондай-ақ, Саян Ахметжанов Ұлттық баяндама аясында мемлекеттік органдарға және квазимемлекеттік секторға сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтуге бағытталған ұсыныстар берді.

«Орталық және жергілікті атқарушы органдар еліміздің барлық мемлекеттік органдарында және өңірлерінде «Астана – адалдық алаңы» жобасын іске асыру тәжірибесін таратудың мультипликативті әсерін қамтамасыз етуі тиіс. Ұлттық заңнамаға сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық стандарттарды енгізу мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдарға ұлттық заңнама ерекшеліктерін ескере отырып, тереңінен жүргізілген талдау негізінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ыстамбұл іс-қимыл жоспарының төртінші мониторинг раунды аясында ЭЫДҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы желісінің ұсынымдарын қабылдаудың қажеттілігі мен мүмкіндігін қарастыру және іс-қимылдың келісілген стратегиясын дайындау ұсынылады», — деп қорытындылады С. Ахметжанов.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз