Мәдениет және спорт министрі 

Арыстанбек Мұхамедиұлы 1963 жылы 11 ақпан күні Алматы облысы Талғар ауданы Тұздыбастау ауылында дүниеге келген.

1986 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын (виолончель сыныбы бойынша), 1997 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік Басқарудың Ұлттық Жоғары Мектебін, 2001 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің аспирантурасын тәмамдады.

2003 жылы «Халықаралық қатынастар және сыртқы саясат тарихы» мамандығы бойынша «Қазақстан – ЮНЕСКО: мәдени ынтымақтастық аспектілері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.

Еңбек жолын Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Мемлекеттік симфониялық оркестрінің әртісі болып бастады (1984–1991 жж.), сосын Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінде бас маман (1991–1993 жж.), Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің көмекшісі болып істеді (1993–1994 жж.).

1994 жылдан бастап 1996 жылға дейін «Гүлдер» мемлекеттік ансамблінің нұсқаушы-директоры, 1997 жылдан бастап 2001 жылға дейін – Қазақстан Республикасының Республикалық гвардиясының Президент оркестрінің басшысы, 2001 жылдан бастап 2005 жылға дейін – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Республикалық және халықаралық мәдени бағдарламалар дирекциясы» РМҚК бас директоры, 2005 жылдан бастап 2006 жылға дейін – «Қазақ әуендері» АҚ президенті.

2006–2007 жылдары А.Мұхамеди Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің вице-министрі, 2007–2008 жылдары Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің Әлеуметтік-саяси бөлімінің бас инспекторы, Ішкі саясат бөлімінің мәдениет секторы меңгерушісі болды.

2008 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болып тағайындалды.

Жоғары кәсібилігі үшін А.Мұхамедиұлы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына, ҚР Президентінің алғыс хатына ие болды, «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «ҚР Конститутциясына 10 жыл» мерейтойлық медальдарымен, «Астана» медалімен марапатталды.

2014 жылдың 11 наурызынан ҚР Президенті Жарлығымен Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан Республикасының мәдениет министрі болып тағайындалды.

2014 жылдың 6 тамызынан бастап мәдениет және спорт министрі.