Үкімет отырысында азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу бойынша шаралар қаралды, Жұмыспен қамтудың жол картасының ағымдағы жылғы 9 айдағы іске асырылу қорытындысы жасалды, сондай-ақ еліміздегі астық жинау жұмыстары және жылыту маусымына дайындық барысы талқыланды. 

Отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе ретінле әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаларды арттыру себептері қаралды.

Әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағалардың артуының бірінші себебі ретінде ҚР ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әлемдік нарықтардағы баға жағдаятының өзгеруін және ұлттық валютаның әлсіреуін, екіншісі - монополиялардың қызметтеріне тарифтердің және ЖЖМ бағасының артуын, үшіншісі - маусымдық ауытқудың әсерін атады.

Министр азық-түлік бағасының өсуіне азық-түлік бағасының өсуімен күресуге арналған құралдар бар, атап айтқанда, өңірлердегі тұрақтандыру қорларынан тауар интервенцияларын жүргізу екенін атап өтті.  

Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етудің жағдайына талдауды жариялады.

«Қой еті, жұмыртқа,  бидай ұны, нан өнімдері бойынша қамтамасыз ету 100 пайыздан артық көрсеткішті құрайды. Жекелеген тауарлар бойынша отандық өндіріс үлесі ішкі нарықта әлі де төмен деңгейде қалып отыр: ол алма, құс еті, шұжық өнімдері, сары май, ірімшік және сүзбе, өсімдік майы, қант және балық», - деді  ҚР ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов.

Ол айтып өткендей, елді азық-түлікпен қамтамасыз ету көрсеткіші мемлекеттің өнеркәсіп кешені субъектілерін  қолдауы бағыттарын қалыптастырудың басты талабы болып есептеледі.

ҚР ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев сондай-ақ отандық өндірушілердің нарықтағы және базардағы орындарға тікелей мүмкіндік алу мәселесін кеңейту ұсынылғанын атап өтті. Сонымен қатар, ол барлық бөлшек нарықтарда әлеуметтік мәні бар азық-түлікке ұсынбалы баға орнатуды ұсынды.

Премьер-Министр Үкімет отырысы барысында әкімдерден әлеуметтік маңызы бар тауарларға және дәрі-дәрмектерге бағаның өсуіне жол бермеу бойынша бақылауды күшейтуді тапсырды.

Б. Сағынтаев сондай-ақ бағаға әсер етудің заңды тетіктері мен құралдары қазіргі таңда бар болғанмен, олар ылғи да жұмыс істемейтінін баса айтты.  

«Бірінші кезектегі қажетті өнімдердің және дәрі-дәрмектердің бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мәселесі айрықша бақылауда болуы тиіс және бағалардың ауытқуы болған жағдайда дер кезінде әрекет ету керек», – деп мәлімдеді ҚР Премьер-Министрі.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша микронесиелеу көлемі ұлғайтылғанын ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі хабарлады.

Тамара Дүйсенованың мәліметінше, ағымдағы жылы азаматтарға несие түрінде ұсынылған қаражат көлемі өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда шамамен үш есеге өсіп, 30,8 млрд теңгені құрады.  

Өзгерістерге сәйкес, енді шағын кәсіпкерлікті ынталандыруға бір шағын несиенің мөлшері, оның ішінде ауылдық жерлерде 3-тен 6 млн теңгеге дейін өсті. Сәйкесінше, бөлінген қаражаттың жалпы көлемі де ұлғайды.

ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің болжамынша, жалпы ағымдағы жылы несиелеу көлемінің ұлғаюын ескергенде 9 мыңнан астам адам несие алады. 

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жауапты ведомстволарға аймақтардың жылу маусымына әзірлігі мәселесін пысықтап, келесі ҚР Үкіметі отырысына дейін шешім қабылдауды тапсырды. 

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Ақмола, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарының әкімдіктері алдағы жылу маусымына отын сатып алуға бюджеттік тапсырыстар бергенін хабарлады.

«Үкімет резервінен бұл мақсаттарға осы жылдың соңына дейін 1 млрд 862 млн теңге бөлінді. Оның ішінде 1 528 млн теңге сомасына 30 364 тонна көлемінде мазут сатып алуға және 335 млн теңге сомасына 92 мың тонна көлемінде көмір сатып алуға бөлінді», – деді Қ.Бозымбаев.

Сонымен қатар, аталған мәселе бойынша ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев есеп берді.

«Алдағы жылу маусымына әзірлік мақсатында министрлік 2015–2017 жылдарға арналған жұмыс жоспарын бекітті, оған сәйкес облыстарда жылыту нысандары, білім беру және денсаулық сақтау нысандары даярлануда. Қазіргі кезде әкімдіктер 10 967 білім беру нысанын жөндеуден өткізіп, қысқа әзірледі. Денсаулық сақтау нысандарының да 96% қысқа дайын. Әкімдіктердің мәліметтері бойынша, қазандықтардың 96% жөнделді, қалған 4%-ы 2016 жылдың 15 қазанына дейін әзір болады. Қуаттылығы 100 гигакаллорий болатын қазандықтар мен жылу көздері үшін отын дайындауға қатысты айтсақ, бұлар бойынша көмірмен қамтамасыз етілу 64%, мазутмен қамтылу  – 48% құрайды», – деді Қ.Бишімбаев.

Министр Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Астана қаласында көмір сатып алып қою қарқыны төмен екенін атап өтті. 

Сонымен қатар, өңірлердің жылу беру маусымына дайын болмауының себептерін ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев түсіндірді.

«Электр стансаларында жеткілікті отын қоры 3,3 млн тонна көмір мен 121 мың тонна мазут бар, бұл өткен жылғы деңгейге сәйкес келеді және күзгі-қысқы маусымның ойдағыдай басталуын қамтамасыз етеді. Дегенмен, кейбір өңірлерде жылу беру кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін қосымша шараларды қабылдауды талап ететін проблемалы мәселелер бар», - деді Қ. Бозымбаев.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Үкімет отырысында мемлекеттік қызметтердің көрсетілуіне қатысты мәселелер бойынша есеп берді.

Министрдің ақпаратынша, Қазақстанда мемлекеттік қызметті алудың 3 негізгі арнасы бар: «электронды үкімет» порталы, «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы, Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша бірыңғай байланыс орталығы.

«Бүгінде мемлекеттік қызмет тізілімінде  739 қызмет бар, оның  530-ын «электронды үкімет» және Мемлекеттік корпорация арқылы алуға болады.  Жыл соңына дейін көрсетілетін қызметтер саны 80% артып, 583 мемлекеттік қызметті құрайтын болады», – деді статистикалық мәліметтерді келтірген Д. Абаев.

Министр бүгінде портал пайдаланушылары 5,5 млн адамнан астам, немесе ол Қазақстанның белсенді халқының 61% құрайтынын, сондай-ақ 2020 жылға қарай ғаламторды қалалықтардың 85%, ауылдықтардың 75% пайдаланатынын атап өтті.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова ҚР Үкіметінің отырысында еңбек нарығындағы жағдай және жұмыспен қамту мәселелері туралы мәлім етті.

Т. Дүйсенованың мәліметі бойынша, бағдарламаға қатысуға тілек білдірушілер және қазірдің өзінде құрамына кіргендердің саны 111,9 мың адамды құрады, оның ішінде жұмыссыздар қатары – 74,4 мың адам (66,5%), өз алдына жұмысы бар – 36,2 мың (32,4%) және сырттай қызметкерлер – 1 258 адам (1,2%).

Жалпы алғанда, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, 210,9 мың жаңа жұмыс орны құрылды, ауылдық жерлерде – 102,9 мың. Жұмыс орындарының басым бөлігі сауда орындарында құрылды – 25,6 мың, құрылыста – 22 мың, өнеркәсіпте – 16,1 мың. Жаңа жұмыс орындарының жалпы санының 63,2% – тұрақты, қалғандары – уақытша және маусымдық.

Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша, республикада жұмыспен қамту органдарына еңбек делдалдығы бойынша 236,1 мың жұмыссыз азамат өтініш білдірген, оның 133,3 мыңы (56,5%) жұмысқа орналастырылды.

Отырыс соңында ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев өңірлерде жылу беру маусымына дайындықты жеделдетуді тапсырды.