ҚР Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов ҚР денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі көрсеткіштер туралы айтты, сонымен қатар 2016 жылы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу қорытындысы туралы есеп берді. 

ҚР Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың бақылау жұмыстарын, және оның барысында 2016 жылға мақсатты көрсеткіштердің жоғарғы орындалу деңгейін айтып өтті. 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т. Дүйсенова ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру және Мемлекет басшысының биыл ақпан айында ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары аясында әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын таныстырды. Үкімет мүшелері бірауыздан заң жобасын қабылдады.  

Қорытындылай келе, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев уәкілетті органдарға әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды, Инвестициялар және даму, Денсаулық сақтау министрліктеріне фармацевтика секторына инвестициялар тарту мәселесін пысықтау, сонымен қоса, дәрі-дәрмек сатып алу жұмыстарын ұйымдастырып, жүргізу ережелерін жетілдіру, әкімдіктерге - МЖӘ тетіктерін белсендірек қолдану туралы тапсырмалар берді. Бұдан өзге, ҚР Ұлттық экономика және Денсаулық сақтау министрліктеріне нормативті, құқықтық және техникалық акттерде денсаулық сақтау нысандарын тұрғызуға қатысты әрекет етуші талаптарды қайта қарауға тапсырма берілді. ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев денсаулық сақтаудың жаңа нысандарын тұрғызудың және барлық саланы ақпараттандыру жұмыстарын жалғастырудың қажеттігін айтты.