Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов өткен аптадағы 7 өңірдің 52 елді мекенінде тіршілік әрекетін бұзған су тасқыны жағдайы туралы баяндады. Жағдай бақылауға алынған, жұмысты тәулік бойы жүзеге асыратын жедел штаб құрылды.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2016 жылдағы Қазақстан экономикасына жағымсыз сыртқы тәуекелдер бүгінде толығымен жойылғаны жайлы баяндама жасады, осыған байланысты Қазақстан экономикасының жаңа сыртқы жағдайларға бейімделу және қалпына келтіру өсіміне аяқ басу кезеңінің аяқталғанын атап өтуге болады.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бюджеттің барлық деңгейінде мемлекеттік бюджет кірістері асыра орындалғанын хабарлады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда олардың өсімі 116%-ды құрады. Асыра орындау импорт көлемінің 25%-ға артуы, металл бағаларының өсуінен және тауарларды (жұмыстар, қызмет көрсетулер) өткізуден түскен айналымдар есебінен орын алды.

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев инфляцияны тұрақтандыру, ішкі валюта нарығы, экономикалық көрсеткіштер индикаторларының өсімі, еліміздің жалпы резервтері, банктерге қолдау көрсету бағдарламасы туралы айтып берді. Сондай-ақ, ұлттық банк ноталарына сұраныс Қазақстан банктері тарапынан сұраныс есебінен ғана қалыптасатынын жеткізді.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мұнай өнімдері нарығындағы жағдай тұрақты және ЖЖМ тапшылығы байқалмайтынын мәлімдеді. Ішкі нарық отандық ЖЖМ-мен толық қамтылған.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек ағымдағы жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,8%-ға, оның ішінде тау-кен өнеркәсібінде 5,6%-ға, өңдеу өнеркәсібінде 6,5%-ға өскенін баяндады.

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов 2017 жылғы 1 тоқсандағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өскенін, сонымен қатар мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 3%-ға артқанын мәлімдеді. РБ-ті игеру пайызы 2017 жылғы есеп беру кезеңінде 96%-ды құрады. 

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев экономикалық ортадағы кірістердің өсімі мен трансформация бағдарламасы бойынша шығындардың төмендегені, қордан активтердің көп бөлігінің шығуы, компанияларды жекешелендіру, «Нұрлы жол» жобасын табысты іске асыру туралы хабарлады. Сонымен қатар, газ, мұнай өндіру, жүк тасымалы, электр энергиясын өндіру мен өткізу салаларында өткен жылмен салыстырғанда өсім байқалғанын атап өтті. 

Қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев әкімдіктер мен жауапты мемлекеттік органдарға төтенше жағдайларға жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдап, аталған мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы ҚР Үкіметінің алдына орташа мерзімді перспективада 5% өсімді қамтамасыз ету міндетін қойғанын еске салды. Осыған байланысты ҚР Премьер-Министрі барлық министрліктер мен аймақтардағы әкімдіктерге экономикалық өсімнің қол жеткізілген қарқынының құлдырауына жол бермеуді тапсырды.  

ҚР Премьер-Министрі биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында қаржыландыруды арттыру арқылы «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды қаржыландыру жоспарын түзету қажеттігін атады. ҚР Қаржы министрлігіне мемлекеттік сатып алулар бойынша сәйкес заң жобасын уақытылы ұсыну, сондай-ақ, бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне мемлекет қаражатын тиімді әрі уақытылы игеру бойынша пәрменді шаралар қабылдау, салалық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына мақсатты өсім көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша барлық шараларды қабылдау тапсырылды. 

Аталған тапсырманы орындауды үйлестіру ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Маминге жүктелді.