• Отырыс барысында ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы, әлеуметтік көмек және халықты жұмыспен қамту саласындағы жаңғырту, Астана қаласының азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі кешенді жоспар, цифрлық экономикаға мамандарды даярлау және қайта даярлау мәселесі қаралды.

  • ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қырғызстан Президентінің айтқан сөздеріне қатысты жақында жарияланған мәлімдемесіне түсініктеме жасады.

  • Сондай-ақ, Б. Сағынтаев елдегі ЖЖМ нарығындағы жағдайға қатысты мәселені көтеріп, отын тапшылығына жауаптыларға қатысты тәртіптік шаралар қабылдады.

  • Бұдан өзге, Премьер-Министр министрлер мен әкімдерге қарауындағы салалардағы істердің жай-күйіне жеке жауапкершіліктерін еске салды.

  • Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарын іске асыру нәтижелері туралы айтты.

  • Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова еңбек нарығын жаңғыртуға бағытталған заң жобасын таныстырды.

  • Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов елорданың азық-түлік белдеуін жетілдірудің жол картасы Мемлекет басшысының 2017 жылғы сәуірде берген тапсырмаларына сәйкес әзірленгенін айтты.

  • Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 2017–2018 оқу жылының басынан бері барлық ЖОО-лар АТ саласындағы 10 бекітілген кәсіптік стандарттарды ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жаңартқанын мәлімдеді.

  • Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында денсаулық сақтау министрі Е. Біртановтың қатысуымен брифинг өтті.