Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 06 сәуірдегі №224 қаулысы

«Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларын, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 наурыздағы № 125 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларын, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 наурыздағы № 125 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларында, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарда:

23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«23. Орталық мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтерi) есепті тоқсаннан кейінгі айдың 10-ы күнінен кешіктірмей мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға «Е-қызмет» интеграцияланған цифрлық жүйесі немесе өзге де цифрлық жүйелер арқылы қайта даярлаудан және бiлiктiлiкті арттырудан өткен мемлекеттік қызметшілер туралы есепті мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган белгiлеген нысан бойынша бередi.

Жергілікті атқарушы және өкілді органдардың персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтерi) есепті тоқсаннан кейінгі айдың 5-і күнінен кешіктірмей мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкiлеттi органның аумақтық бөлімшелеріне «Е-қызмет» интеграцияланған цифрлық жүйесі немесе өзге де цифрлық жүйелер арқылы қайта даярлаудан және бiлiктiлiкті арттырудан өткен қызметшілер туралы есепті мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган белгiлеген нысан бойынша бередi.»;

30-2 және 30-3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«30-2. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуын аяқтаған мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметте және оны оқуға жіберген мемлекеттік органда жұмыспен өтеуден өтуін мониторингтеуді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

Мониторинг әр алты ай сайын үш жыл бойы оқуын аяқтаған адамдардың жұмыс орны туралы деректерді «Е-қызмет» интеграцияланған цифрлық жүйесі арқылы салыстырып тексеру жолымен жүргізіледі.

30-3. «Е-қызмет» интеграцияланған цифрлық жүйесінде мемлекеттік қызметші туралы деректер болмаған жағдайда мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуын аяқтаған мемлекеттік қызметшіге жұмыс орнынан анықтама беру қажеттігі туралы хабарлама жібереді.

Хабарлама тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен және (немесе) телефонограммамен және (немесе) жеделхатпен және (немесе) ұялы байланыстың абоненттік нөмірі немесе электрондық мекенжай бойынша мәтіндік хабарламамен не хабархатты немесе шақыруды тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып жіберіледі.

Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуын аяқтаған мемлекеттік қызметші күнтізбелік жылдың 15 маусымынан және 15 желтоқсанынан кешіктірілмейтін мерзімде Мемлекеттік басқару академиясына жұмыс орнынан анықтама береді.».

2. Осы қаулы 2026 жылғы 11 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                            О. Бектенов

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу