Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 6 желтоқсандағы №986 қаулысы

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы №573 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 
2008 жылғы 11 маусымдағы №573 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 15) тармақшасына, «Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы №470 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:»;

көрсетілген қаулымен бекітілген «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын;

көрсетілген қаулымен бекітілген «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарында:

1-тармақта:

4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«4) шет тілі деңгейін айқындауға арналған аралық және қорытынды бақылау тестілеуін қоса алғанда, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімі бойынша олардың тілдік курстардан өтуі қажет болған жағдайда – тілдік курстар;»;

10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«10) конкурс жеңімпазының банк картасын ашу, қолдану мерзімі аяқталғаннан кейін қайта шығару және оған қызмет көрсету (Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктері);»;

2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмыс органы – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі шет елдердің тиісті мемлекеттік органдары, шетелдік жоғары оқу орындары, тілдік мектептер, шетелдік ұйымдар, шетелдік әріптестер және/немесе статистикалық, рейтингтік және өзге де тиісті ұйымдар ұсынған құжаттардың және/немесе өзге де ақпараттың негізінде тамақтану, тұру, оқу әдебиетін сатып алу шығыстарының нормаларын әзірлейді және бекітеді, сондай-ақ конкурс жеңімпазының Қазақстан Республикасында тұратын жерінен академиялық оқу, тілдік курстардан, тағылымдамадан, магистратура алдындағы дайындықтан өту орнына дейін жол жүру көлігінің түрі мен класын айқындайды. Осы «Болашақ» халықаралық стипендиясының жұмсау бағыттарының 1-тармағында көзделген шығыстар көрсетілетін қызметті беруші ұйымдар беретін растау құжаттарының негізінде төленеді.».

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

    

Қазақстан Республикасының 

Премьер-Министрі                                                                   Ә. Смайылов 

 

қосымша

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу