Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 7 тамыздағы №647 қаулысы

«Техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу талап етілмейтін бюджеттік инвестициялық жобалардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 29 желтоқсандағы №2225 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу талап етілмейтін бюджеттік инвестициялық жобалардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 29 желтоқсандағы №2225 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Осы қаулы үкіметтік сыртқы қарыздардың және республикалық бюджеттен сыртқы қарыздарды қоса қаржыландырудың қаражатынан қаржыландыру болжанатын жобаларға қолданылмайды.»;

көрсетілген қаулымен бекітілген техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу талап етілмейтін жобалардың тізбесінде:

1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Үлгі жобалар, үлгілік жобалық шешімдер, қайта қолданылатын жобалар бойынша объектілерді және техникалық жағынан күрделі емес объектілерді салуды көздейтін жобалар.»;

2-тармақтың 25) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«25) жобалық қуаты 50 орынға дейінгі мүгедектігі бар балаларға және (немесе) мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту орталығын салу;»;

мынадай мазмұндағы 7 және 8-тармақтармен толықтырылсын:

«7. Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі (тапсырмасы) бойынша іске асырылатын жобалар.

8. Нормативтік құрылыс ұзақтығы 36 (отыз алты) айдан аз өнеркәсіптік, өндірістік және азаматтық мақсаттағы объектілерді салуды (реконструкциялауды) көздейтін жобалар, оның ішінде:

1) әлеуметтік-мәдени, қоғамдық және әкімшілік мақсаттағы объектілер, тұрғын үй, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды қамтамасыз ету;

2) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, прокуратура, азаматтық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының, құқық қорғау және қылмыстық-атқару жүйелерінің, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау және санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты, сот-медициналық сараптаманы, өрт, фитосанитариялық, ветеринариялық және өзге де қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша;

3) жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының қолданыстағы учаскелері, ұшу-қону жолақтары, жұмыс істеп тұрған әуеайлақтардың, аэровокзалдардың және аэронавигация объектілерінің кірме автомобиль жолдары;

4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кірме жолдар;

5) төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы;

6) өнеркәсіптік және өндірістік мақсаттағы;

7) коммуналдық шаруашылық;

8) денсаулық сақтау.».

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                                                  Ә. Смайылов

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу