13 Қазан 2026, 10:05
«Босалқы жерлерді ядролық қауіпсіздік аймағының жеріне ауыстыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 қарашадағы № 1046 қаулысына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Босалқы жерлерді ядролық қауіпсіздік аймағының жеріне ауыстыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 қарашадағы № 1046 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Босалқы жерлерді ядролық қауіпсіздік аймағының жеріне ауыстыру қағидаларында:
2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
2) жер комиссиясы – облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) және ауданның жергілікті атқарушы органының жанындағы жер учаскелеріне құқық беру туралы, жер учаскелерінің (елді мекендердің жерлерін қоспағанда) нысаналы мақсатын өзгерту туралы және су қорының жерін басқа санаттардағы жерге ауыстыру туралы өтініштерді (өтінімдерді) қарайтын және қорытынды дайындайтын алқалы орган;»;
3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Кешенді экологиялық зерттеп-қарау Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2022 жылғы 8 сәуірдегі № 126 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27680 болып тіркелген) ядролық қару сынақтары жүргізілген аумақтарды кешенді экологиялық зерттеп-қарау әдістемесіне (бұдан әрі – әдістеме) сәйкес жүргізіледі.
Уәкілетті ұйым әдістеменің 120-тармағына сәйкес ядролық қауіпсіздік аймағының жеріне ауыстырылатын жер учаскелерінің шекаралары мен алаңдарын негіздейтін кешенді экологиялық зерттеп-қарау материалдарын (бұдан әрі – материалдар) дайындайды және оларды уәкілетті органға келісуге жібереді.
4. Уәкілетті орган осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген материалдар түскен күннен бастап 30 (отыз) жұмыс күні ішінде материалдарды келіседі не ұсынылған материалдар толық болмаған және әдістемеге сәйкес келмеген жағдайда келісуден бас тарту туралы уәжді жауап береді.
Уәкілетті орган материалдарды келісуден бас тартқан жағдайда уәкілетті ұйым материалдарды пысықтап, оларды қайтадан жібереді.».
2. Осы қаулы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы қаулының 1-тармағының үшінші және төртінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі О. Бектенов
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу