Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 18 тамыздағы №729 қаулысы

«Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 30 желтоқсандағы № 1176 қаулысына өзгерістер
мен толықтырулар енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы
30 желтоқсандағы № 1176 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау қағидаларында:

3-тармақта:

8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«8) кредитті/лизингтік мәмілені/қаржыландыруды (бұдан әрі – қаржы құралы) мақсатқа сай пайдалану – банктік қарыз шарты/қаржы лизингі шарты/қаржыландыру шарты/ислам лизингі шарты (бұдан әрі – шарт) бойынша алынған қаржы құралын кәсіпкердің осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін мақсаттарға пайдалануы (қаржы құралын мақсатқа сай пайдалану кәсіпкердің төлем жүргізгенін, активті/жұмыстарды/көрсетілетін қызметтерді толық көлемде алғанын және пайдаланғанын және (немесе) осы Қағидалардың талаптарына сәйкес басқа да мақсаттарға қол жеткізгенін растайтын тиісті құжаттар жиынтығымен расталады);»;

11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«11) субсидиялар – субсидиялау шарты негізінде кәсіпкерлерді субсидиялау шеңберінде қаржы институтына қаржы агенттігі төлейтін өтеусіз және қайтарымсыз негіздегі мерзімді төлемдер;»;

мынадай мазмұндағы 11-1) тармақшамен толықтырылсын:

«11-1) субсидиялау шарты – қаржы агенттігі, қаржы институты және кәсіпкер арасында жасалатын үш жақты жазбаша келісім, оның талаптары бойынша қаржы агенттігі қаржы агенттігінің уәкілетті органы бекітетін нысан бойынша қаржы институты берген кәсіпкердің қаржы құралы бойынша сыйақы мөлшерлемесін ішінара субсидиялайды;»;

8 және 9-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«8. Осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес экономикалық қызметтің басым түрлерінің тізбесі бойынша, сондай-ақ «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ішкі нормативтік құжаттарымен бекітілген экономика салаларына рейтинг беру әдістемесі бойынша жергілікті атқарушы органдар айқындаған экономикалық қызмет түрінде және уәкілетті органмен келісу бойынша өз жобаларын іске асыратын және (немесе) іске асыруды жоспарлайтын кәсіпкерлер жобаның іске асырылу орны мен кәсіпкердің тіркелген орнын ескергенде осы Қағидалардың 7, 55 және 56-тармақтарында көрсетілген талаптарды сақтауы шартымен субсидиялауға қатысушы болады.

Уәкілетті орган жергілікті атқарушы органдар айқындаған экономикалық қызмет түрлерінің тізбесін келісуді ол түскен күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады. Ескертулер болған жағдайда уәкілетті орган анықталған сәйкессіздіктерді көрсетіп, оны пысықтауға жібереді. Пысықталған тізбені келісу ол қайта түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Жергілікті атқарушы органдар айқындаған және уәкілетті органмен келісілген экономика секторларының тізбесін уәкілетті орган қаржы агенттігіне ресми құжат айналымы тәртібімен береді. Бұл ретте Қазақстан Республикасының өңірлері мен аудандарындағы экономика салаларының басым түрлерінің тізбесі секция, бөлім және топ деңгейінде экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің 6 (алты) кодынан аспайтын мөлшерде қалыптастырылады.

Уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген кәсіпкерлердің жобаларын субсидиялау жобаның іске асырылу орны мен кәсіпкердің тіркелген орны ескеріліп, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімінде көрсетілген қызмет түрлеріне сәйкес салалық шектеулерсіз жүзеге асырылады.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы және «Бір ауыл – бір өнім» жобасы шеңберінде іске асырылатын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтері іске асыратын жобалар басым бағыттарға жатады және субсидия алуға өтініш берген кезде бірінші кезекте (басымдықпен) қаралады.

Осы Қағидалар шеңберінде қолдау алған кәсіпкерлерге кепілдік қоры шеңберінде кепілдік беруге және олардың «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы басқармасының 2025 жылғы 29 қазандағы шешімімен бекітілген «Өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес кәсіпорындарының өндірістік қуаттарын жаңғыртуды «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамының шартты лизингілік қаржыландыруының шарттары» бағдарламасы шеңберінде қолдау алуына жол беріледі.

9. Субсидиялау инвестицияға және айналым қаражатын толықтыруға бағытталған тиімді жаңа жобаларды іске асыру үшін қаржы институты беретін жаңа қаржы құралдары бойынша жүзеге асырылады.

Инвестиция деп коммерциялық жылжымайтын мүлікті, жабдықты, техниканы, көлік құралдарын, биологиялық, материалдық активтермен материалдық емес активтерді қоса алғанда, негізгі құралдарды сатып алуға бағытталған шығындар, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметте пайдаланылатын объектілерді салуға, жаңғыртуға, реконструкциялауға және (немесе) күрделі жөндеуге бағытталған шығындар түсініледі. Сонымен қатар жоғарыда аталған негізгі құралдар мен активтердің құнына енгізілген қосылған құн салығы бойынша шығыстар да инвестицияға жатады.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің
2025 жылғы 27 тамыздағы № 327 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36717 болып тіркелген) бекітілген Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін жүргізу қағидаларына сәйкес негізгі құралдарды, жабдықтарды, техниканы, көлік құралдарын, құрылыс материалдарын және өзге активтерді қазақстандық тауар өндірушілердің тізіліміне енгізілген қазақстандық тауар өндірушілердің шығаруы оларды инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде сатып алудың міндетті шарты болып табылады.

Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімінде инвестициялық жобаны іске асыру үшін қажетті тауарлар, жабдықтар, техника, құрылыс материалдары немесе өзге активтер болмаған жағдайда оларды өзге өндірушілерден сатып алуға жол беріледі.

Айналым қаражатын толықтыру деп қаржы құралын кәсіпкердің өзінің операциялық (ағымдағы) қызметін жаңартылатын/жаңартылмайтын негізде қамтамасыз етумен байланысты пайдалануы түсініледі және салықтық міндеттемелерді, зейнетақы аударымдары мен әлеуметтік аударымдарды, кедендік төлемдерді/алымдарды/баждарды төлеу бұған кірмейді.

Тиімді жаңа жобалар деп кәсіпкерлердің мынадай талаптарға сәйкес келетін жобалары түсініледі:

инвестициялық мақсаттарға:

қолдау алған жылдан кейінгі 2 (екі) қаржы жылының қорытындысы бойынша кредиттің әрбір 100 (жүз) миллион теңгесіне жаңа жұмыс орындарының, бірақ әрбір жоба бойынша кемінде бір жұмыс орнының құрылуы;

субсидиялау мерзімі аяқталғанға дейін бір қаржы жылының қорытындысы бойынша және жыл сайын кірістің жинақталған инфляция деңгейінен төмен емес деңгейде міндетті түрде ұлғаюы;

айналым қаражатын толықтыруға:

субсидиялау мерзімі аяқталғанға дейін бір қаржы жылының қорытындысы бойынша және жыл сайын кіріс пен еңбекақы төлеу қорының жинақталған инфляция деңгейінен төмен емес деңгейде міндетті түрде ұлғаюы.

Тиімділік көрсеткіштерін есептеу үшін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің/салық декларациясының деректері және (немесе) бюджетпен есеп айырысудың жай-күйі туралы дербес шоттан үзінді көшірме пайдаланылады.

Кірістің және еңбекақы төлеу қорының нақты өсу деңгейінің жинақталған инфляция деңгейінен тиісті есепті кезеңде 1 (бір) пайыздық тармақтан аспайтын төмен жағына ауытқуына жол беріледі.

Бұл ретте тиімділік көрсеткіштерін есептеген кезде субсидиялаудың қай күні басталғанына қарамастан, келесі қаржы жылының басталуы есептік күн болып табылады.

Бұл ретте жоғарыда көрсетілген көрсеткіштерді субсидиялау түрінде тікелей қолдау алған/алатын кәсіпкер растайды.

Тиімділік көрсеткіштері орындалмаған жағдайда жобаның іске асырылуын және қаржы құралының нысаналы мақсатын растау кезінде 1 (бір) қаржы жылынан аспайтын қосымша мерзім беруге жол беріледі.

Тиімділік көрсеткіштеріне уақтылы қол жеткізуге объективті кедергі келтіретін мән-жайлар, оның ішінде жабдықты жеткізуді және пайдалануға беруді кешіктіру, рұқсат құжаттарын алу, инженерлік инфрақұрылымға қосылу және кәсіпкерге тәуелді емес өзге де мән-жайлар қосымша мерзім беруге негіздер болады.

Қосымша мерзім беру кәсіпкерді белгіленген тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізу жөніндегі міндеттен босатпайды.»;

12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«12. Субсидиялау номиналды сыйақы мөлшерлемесі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚР ҰБ) белгілеген және 4 (төрт) пайыздық тармаққа ұлғайтылған базалық мөлшерлемеден аспайтын қаржы құралы бойынша жүзеге асырылады.

Субсидиялау мөлшері номиналды мөлшерлеменің 40 %-ын құрайды, номиналды мөлшерлемеден айырманы кәсіпкер төлейді, бұл ретте кәсіпкер үшін мөлшерлеме кемінде 12,6 %-ды құрайды. ҚР ҰБ белгілеген базалық мөлшерлеме 17 %-дан төмендеген жағдайда кәсіпкер төлейтін мөлшерлеме 12,6 % деп белгіленеді, ал айырмасын қаржы агенттігі субсидиялайды.

Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген кәсіпкерлердің жобаларын субсидиялау мөлшері қаржы құралы бойынша номиналды сыйақы мөлшерлемесінің 50 %-ын құрайды, бұл ретте сыйақы мөлшерлемесінің қалған бөлігін кәсіпкер төлейді.

Номиналды мөлшерлемені есептеген кезде ҚР ҰБ белгілеген және кәсіпкердің жобасы бойынша қаржы институты шешім шығарған сәтте қолданыста болған базалық мөлшерлеме ескеріледі.»;

15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«15. Субсидиялау жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімі субсидиялау басталған күннен бастап 18 (он сегіз) айдан аспауға тиіс.

Мынадай:

1) жобаның орындалуына әсерін тигізетін табиғи апат, соғыс, эпидемия сияқты форс-мажорлық мән-жайлар;

2) жоба іске асырыла басталған сәтте болжау мүмкін болмаған және бейімделу үшін қосымша уақытты талап ететін заңнамадағы елеулі өзгерістер;

3) жобаны іске асыру процесінде туындаған техникалық, экономикалық немесе өндірістік қиындықтардың субсидия алатын кәсіпкер тарапынан атүсті қарау немесе немқұрайлылық нәтижесі болмауы шартымен осы қиындықтарға байланысты күтпеген мән-жайлар орын алған жағдайларда осы Қағидаларда белгіленген мерзім өткеннен кейін 6 (алты) айдан аспайтын қосымша мерзім беруге жол беріледі.»;

2-тарауда:

«Қаржы институтына арналған лимитті айқындау» деген 2-параграф алып тасталсын;

«Субсидия беру тәртібі» деген 3-параграф мынадай редакцияда жазылсын:

«21. Кәсіпкер қаржы институтына қаржы құралын беру туралы өтініммен жүгінеді.

Қаржы институты жобаның қаржы-экономикалық тиімділігіне кешенді бағалау/сараптама жүргізеді.

Қаржы институты қолданыстағы қаржы құралы бойынша cубсидиялау сәтіне дейін кәсіпкердің шартта көзделген қаржы құралы шеңберінде (бар болса) айыппұлдар мен өсімпұлдарды уақтылы өтеу бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін оларды есептен шығарады.

22. Қаржы институты қаржы құралын беру туралы оң шешім қабылдаған жағдайда қаржы институты кәсіпкердің жобасын осы Қағидалардың талаптары мен шарттарына сәйкестігі тұрғысынан қарау үшін құжаттар топтамасын қаржы агенттігінің филиалдарына жібереді, оның ішінде:

1) Қордың уәкілетті органы бекіткен нысан бойынша кәсіпкердің өтінімі бойынша чек-парақ;

2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама, кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы хабарлама/заңды тұлғаның барлық тіркеу іс-әрекеттері туралы мәліметтерді ұсыну (мәліметтерді ақпараттық жүйелермен интеграциялау арқылы алуға техникалық мүмкіндік болмаған кезде ғана ұсынылады);

3) салықтық берешегі жоқ екені туралы анықтама (анықтама мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау арқылы алуға техникалық мүмкіндік болмаған кезде ғана беріледі);

4) қаржы институтының оң шешімі (қаржы институты шешімінің хаттамасынан үзінді);

5) қаржы институтының техникалық-экономикалық негіздемесі/бизнес-жоспары/сараптамалық қорытындысы, сондай-ақ қаржы институтының тәуекелдер қорытындысы – бар болса;

6) Қордың уәкілетті органы бекіткен нысан бойынша өтініш-келісім;

7) Қордың уәкілетті органы бекіткен нысан бойынша салық құпиясы болып табылатын мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінен алуға келісім беруге өтініш;

8) кәсіпкер санаты туралы анықтама (мәліметтерді ақпараттық жүйелермен интеграциялау арқылы алуға техникалық мүмкіндік болмаған кезде ғана ұсынылады);

9) жобаның және кәсіпкердің осы Қағидалардың шарттарына сәйкестігін растайтын құжаттар. Ұсынылған құжаттардың жеткіліксіздігі анықталған кезде қаржы агенттігі сұратылатын құжаттардың тізбесін негіздей отырып, жобаның және (немесе) кәсіпкердің осы Қағидалардың талаптары мен шарттарына сәйкестігін растау үшін қажетті қосымша құжаттарды жазбаша сұратуды жүзеге асырады.

23. Кәсіпкердің жобасы және ұсынылған материалдар осы Қағидалардың шарттарына сәйкес келмеген және (немесе) құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған не белгіленген нысандарға сәйкес келмейтін құжаттар ұсынылған жағдайда қаржы агенттігі 1 (бір) жұмыс күні ішінде олар бойынша нақты кемшіліктерді көрсетіп, қаржы институтына ұсынылған құжаттарды пысықтау үшін қайтарады.

Кәсіпкер және ұсынылған материалдар осы Қағидалардың шарттарына сәйкес келген және (немесе) құжаттар топтамасы бойынша кемшіліктер болмаған жағдайда қаржы агенттігі құжаттар топтамасын алғаннан кейін төртінші жұмыс күні кәсіпкердің жобасын қаржы агенттігі уәкілетті органының отырысына шығарады.

24. Қаржы агенттігінің уәкілетті органы жобаны қарау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

субсидия беру туралы;

субсидия беруден бас тарту туралы;

жобаны пысықтауға жіберу туралы.

Жоба субсидиялау шарттарына сәйкес келмеген жағдайда субсидия беруден бас тартуға жол беріледі.

Субсидия беруден бас тарту туралы шешімге кәсіпкер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік және (немесе) сот тәртібімен шағымдана алады.

25. Тиісті уәкілетті органнан/өңірлік үйлестірушіден субсидиялау үшін бюджеттен берілетін қаражат болмаған жағдайда қаржы агенттігі тиісті уәкілетті органнан/өңірлік үйлестірушіден қаражат алған сәтке дейін қаржы институтынан осы Қағидалардың 22-тармағында көрсетілген құжаттарды қабылдамайды.

Қаржы агенттігі ресми интернет-ресурста тиісті ақпарат орналастыру арқылы немесе қолжетімді өзге тәсілдермен бюджет қаражатының бары не жоғы туралы хабардар етеді.

26. Отырыс өткізу тәртібі, қаржы агенттігінің уәкілетті органы мүшелерінің саны қаржы агенттігінің уәкілетті органы бекітетін ішкі нормативтік құжаттарда айқындалады.

Қаржы агенттігінің уәкілетті органы жобаларды тиісті қаржы жылында субсидиялау үшін бюджет қаражаты болған жағдайда ғана қарайды.

27. Қаржы агенттігі кәсіпкердің жобасын құжаттар топтамасымен бірге ақпарат келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қарайды. Бұл ретте қаржы агенттігінің уәкілетті органы оң шешім қабылдаған жағдайда шешімде мыналар көрсетіледі:

кәсіпкерлердің инвестициялық мақсаттарға міндеттемесі:

қолдау алған жылдан кейінгі 2 (екі) қаржы жылының қорытындысы бойынша кредиттің әрбір 100 (жүз) миллион теңгесіне жаңа жұмыс орындарын, бірақ әрбір жоба бойынша кемінде бір жұмыс орнын құру;

бір қаржы жылының қорытындысы бойынша және субсидиялау мерзімі аяқталғанға дейін жыл сайынғы негізде кірісті жинақталған инфляция деңгейінен төмен емес деңгейде міндетті түрде ұлғайту;

кәсіпкерлердің айналым қаражатын толықтыруға міндеттемесі:

бір қаржы жылының қорытындысы бойынша және субсидиялау мерзімі аяқталғанға дейін жыл сайынғы негізде кіріс пен еңбекақы төлеу қорының жинақталған инфляция деңгейінен төмен емес деңгейде міндетті түрде ұлғайту.

Тиімділік көрсеткіштерін есептеу үшін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің/салық декларациясының деректері және (немесе) бюджетпен есеп айырысудың жай-күйі туралы дербес шоттан үзінді көшірмеге сәйкес деректер пайдаланылады. Бұл ретте тиімділік көрсеткіштерін есептеген кезде субсидиялау қай күні басталғанына қарамастан, келесі қаржы жылының басталуы есептік күн болып табылады.

28. Қаржы агенттігінің уәкілетті органы шешім қабылдағаннан кейін қаржы агенттігі 1 (бір) жұмыс күні ішінде хаттама ресімдеп, оған қол қояды және шешім оң/теріс болған жағдайда қаржы институтына және кәсіпкерге ілеспе хатпен хаттамадан үзінді көшірме жібереді.

Қаржы агенттігінің уәкілетті органы оң шешімінің қолданылу мерзімі қаржы агенттігінің уәкілетті органы шешім қабылдаған күннен бастап 6 (алты) айды құрайды.

29. Қаржы институты қаржы агенттігінен қаржы агенттігінің уәкілетті органының шешімін алғаннан кейін және субсидиялау туралы оң шешім болған кезде қаржы агенттігі, қаржы институты мен кәсіпкер арасында субсидиялау шарты жасалады, оған сәйкес қаржы агенттігі қаржы институтына субсидиялау шартына өтеу графигіне сәйкес сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін төлеуді жүзеге асырады.

30. Субсидиялау шартын:

1) қаржы институты:

қаржы агенттігінен хаттаманы/шешімді алған сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде;

2) қаржы агенттігі:

қаржы институтынан субсидиялау шартын алған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жасасады.

Субсидиялау шарты электрондық нысанда/қағаз жеткізгіште жасалады, бұл ретте субсидиялау шартының электрондық нысанына Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасына сәйкес электрондық цифрлық қолтаңба қойылады.

Егер қаржы институты осы тармақтың 1) тармақшасында белгіленген мерзімдерде субсидиялау шартын уақтылы жасаспаса, қаржы институты қаржы агенттігін ресми хатпен хабардар етіп, кідірту себептерін түсіндіреді.

31. Егер субсидиялау шартының талаптары қаржы агенттігінің уәкілетті органының шешіміне, осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмесе, қаржы агенттігі субсидиялау шартына қол қоймайды. Бұл ретте қаржы агенттігі қаржы институтын және кәсіпкерді 1 (бір) жұмыс күні ішінде бұл туралы хабардар етеді.

Қаржы институты ескертулерді жойған жағдайда қаржы агенттігі субсидиялау шартына қол қояды.

Субсидиялау шарты кәсіпкер, қаржы институты және қаржы агенттігі қол қойған күнінен бастап күшіне енеді. Бұл ретте субсидиялау мерзімінің басталуы субсидиялау шартында субсидиялау шартына қол қойылған күнге дейінгі күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімге, бірақ ерте дегенде қаржы агенттігі шешім қабылдаған күннен белгіленеді.

Сыйақы мөлшерлемесінің субсидияланатын бөлігін төлеу күнін кәсіпкер, қаржы институты дербес айқындайды. Егер қаржы құралы бойынша сыйақыны есептеу қаржы агенттігі қол қойған субсидиялау шартында көрсетілген субсидиялау мерзімі басталған күннен кейінгі күннен басталатын болса, субсидиялау кезеңінде субсидиялау мерзімі басталған бірінші күн енгізілмейді.

32. Субсидиялау шартына қол қойған кезде кәсіпкер өзіне қаржы құралын мақсатқа сай пайдалану бойынша және (немесе) жобаның осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігі тұрғысынан міндеттеме алады. Кәсіпкер осы міндеттемелерді орындамаса, субсидиялау тоқтатылады, кәсіпкер төленген субсидия сомасын қаржы агенттігіне өтейді.

33. Қаржы агенттігі субсидиялау шартына қол қойғаннан кейін субсидия төлейді. Жобалар бойынша субсидия тиісті өңірлік үйлестірушіден/уәкілетті органнан қаражат болған кезде төленеді.

Субсидиялау үшін жергілікті/республикалық бюджет қаражаты болмаған жағдайда қаржы институтынан субсидиялау шарты қабылданбайды, ал субсидияланатын және субсидияланбайтын бөліктердің төлемін кәсіпкер жүргізеді. Бюджет қаражаты түскен кезде қаржы агенттігі кәсіпкерге субсидияланатын бөлігін төлемдер графигіне сәйкес өтейді.

34. Субсидиялау үшін көзделген қаражатты аударуды қаржы агенттігі қаржы институтының/банк-төлем агентінің ағымдағы шотына қаржы институты берген шарттың төлем графигін ескере отырып ай сайын аванстық төлемдермен (айына бір рет/бірнеше рет) жүзеге асырады, бұл ретте алдыңғы кезеңдер үшін субсидиялардың өтелуі ескеріледі.

Қаржы агенттігі субсидиялау үшін көзделген қаражатты аударған кезде бір мезгілде қаражатты аудару туралы құжаттың көшірмелерін электрондық поштамен жіберу арқылы қаржы институтын хабардар етеді. Хабарламада қаржы институтының атауы, өңір, кәсіпкердің атауы, субсидия сомасы және төлем жүзеге асырылған кезең көрсетіледі.

Кәсіпкерлердің жобалары бойынша субсидиялау үшін көзделген қаражатты аударуды қаржы институтының/банк-төлем агентінің кредиттік рейтингі төмендеген және қаржылық жай-күйі нашарлауының өзге де белгілері болған кезде (бір немесе бірнеше жағдайдың басталуы), оның ішінде:

халықаралық рейтингтік агенттіктерден кредиттік рейтинг Standard&Poors рейтингінің шәкілі бойынша «В» деңгейінен төмендеген;

К4 коэффициентінің мәні 0,4 деңгейінен төмендеген;

қатарынан 2 (екі) ай бойы пруденциалдық нормативтер бұзылған кезде қаржы агенттігі кәсіпкердің қаржы құралы бойынша толық төлем (негізгі борыш, субсидияланатын және субсидияланбайтын бөлік) жасауы фактісі туралы қаржы институтының хабарламасы негізінде не шарттың төлем графиктерін негізге алып қысқа мерзімді кезеңге субсидияланатын бөлігі бойынша кәсіпкердің алдағы міндеттемелерін жабатын төлемдермен жүзеге асырады.

Қаржы институтының/банк-төлем агентінің жоғарыда көрсетілген көрсеткіштері түзелген жағдайда қаржы агенттігі субсидиялау үшін көзделген қаражатты аударуды шарттың төлем графиктерін ескере отырып аванстық төлемдермен (айына бір рет/бірнеше рет) жүзеге асырады.

35. Қаржы институты қаржы агенттігінің хабарламасы негізінде қаржы агенттігінің хабарламасында көрсетілген кәсіпкерлердің жобалары бойынша субсидия сомасын қаржы агенттігінің/банк-төлем агентінің ағымдағы шотынан есептен шығаруды жүзеге асырады.

Қаржы институты хабарламаға сәйкес келмейтін/қаржы агенттігінің қаражатты қаржы агенттігінің/банк-төлем агентінің ағымдағы шотынан аударғаны туралы хабарлама болмаған субсидияларды есептен шығарған жағдайда қаржы институты субсидияларды қаржы агенттігінің жазбаша хабарламасын алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде қаржы агенттігінің/банк-төлем агентінің ағымдағы шотына қайтаруды жүзеге асырады.

36. Қаржы институты субсидияларды субсидиялау шартына төлем графигі бойынша жоспарлы төлемнен аспайтын қалдық сомасы шегінде ішінара мерзімінен бұрын өтеуге сәйкес есептеліп өзгертілген өтеу графиктері бойынша өтейді.

37. Кәсіпкер қаржы институтына субсидияланбайтын бөлікті төлеуді субсидиялау шартына сәйкес өтеу графигі бойынша жүргізеді.

Кәсіпкердің қаржы құралы (негізгі борыш және субсидияланбайтын бөлік) бойынша төлемді толық төлеуді жүргізу фактісі бойынша қаржы институты қаржы агенттігінің ағымдағы шотынан кәсіпкердің қаржы құралы бойынша субсидияланатын бөлікті өтеу есебіне ақшаны есептен шығаруды:

1) кәсіпкер қаржы құралы бойынша жоспарлы төлемді өтеген күні қаржы агенттігінің шотында қаражат болған;

2) график бойынша өтеу күнінен кейін қаржы агенттігінен қаражат түскен кезде жүзеге асырады.

38. Қаржы институты кәсіпкер берешекті өтегенге дейін субсидияланатын бөлікті өтеу үшін қаражатты қаржы агенттігінің ағымдағы шотынан есептен шығармайды және бұл туралы қаржы агенттігін 5 (бес) жұмыс күні ішінде:

1) кәсіпкер төлемдерді төлеу бойынша екінші деңгейдегі банк/ислам банкі алдындағы міндеттемелерін қатарынан 3 (үш) ай бойы орындамаған;

2) кәсіпкер лизинг компаниясы/ислам лизинг компаниясы алдында лизингтік төлемдер енгізу жөніндегі міндеттемелерін қатарынан 2 (екі) және одан да көп рет орындамаған жағдайларда тиісті хатпен хабардар етеді.

39. Кәсіпкер қаржы құралы бойынша негізгі борышты ішінара мерзімінен бұрын өтеген жағдайда қаржы институты қаржы агенттігіне субсидиялау шартына төлемдерді өтеу графигі өзгертілген тиісті қосымша келісіммен қоса шартқа қосымша келісімнің көшірмесін не төлемдерді өтеудің өзгертілген графигімен және төленуге тиіс субсидия сомасы көрсетілген қаржы институтының цифрлық форматтағы (XLS немесе XLSX) хатын жібереді.

Кәсіпкер күнтізбелік бір ай ішінде қаржы құралы бойынша негізгі борышты бірнеше рет мерзімінен бұрын ішінара өтеген жағдайда қаржы агенттігіне төлемдерді өтеу графигі өзгертілген субсидиялау шартына тиісті қосымша келісіммен қоса осындай жағдайлар бойынша біріктірілген шартқа қосымша келісімнің көшірмесін не төлемдерді өтеудің өзгертілген графигімен және төленуге тиіс субсидия сомасы көрсетілген цифрлық форматтағы (XLS немесе XLSX) қаржы институтының хатын беруге жол беріледі.

Қаржы құралы бойынша негізгі борыш мерзімінен бұрын толық өтелген жағдайда қаржы институты 7 (жеті) жұмыс күні ішінде қаржы агенттігіне өзара есеп айырысуды салыстырып қарау актісін береді.

40. Мына жағдайларда субсидия төлеу тоқтатылады, ал субсидиялау шарты бұзылды деп танылады:

1) қаржы институтының алдында шарт бойынша қаржы құралы толық өтелгенде (кәсіпкердің қаржы институтына қаржы құралын толық өтеген күні субсидиялау тоқтатылған күн болып саналады);

2) субсидиялаудың тоқтатылғаны туралы қаржы агенттігі хабардар етілгенде;

3) кәсіпкердің бастамасы бойынша субсидиялау шарты бұзылғанда.

41. Егер қаржы институты қолданыстағы қаржы құралы шартының талаптарын (кредит сомасы және (немесе) номиналды мөлшерлемесі, жеңілдікті кезең, кәсіпкер атауының өзгеруі/борышты аудару) өзгертсе, қаржы институты қаржы агенттігіне кредиттер бойынша тиісті хабарлама жібереді, ол өз кезегінде 5 (бес) жұмыс күні ішінде толық құжаттар топтамасымен қоса қолданыстағы қаржыландыру талаптарына енгізілетін өзгерістер бойынша ақпаратты қаржы агенттігінің уәкілетті органының қарауына шығарады. Қарау нәтижелері бойынша қаржы агенттігінің уәкілетті органы қолданыстағы қаржыландыру талаптарына өзгеріс енгізудің мүмкіндігі/мүмкін еместігі туралы шешім қабылдайды, ол қаржы агенттігінің уәкілетті органы шешім қабылдаған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде хаттамамен ресімделеді. Бұл ретте қаржыландыру талаптарының жасалған өзгерістері хаттамада/шешімде анық көрсетіледі.

Қаржы агенттігінің уәкілетті органы шешім қабылдағаннан кейін 1 (бір) жұмыс күні ішінде қаржы агенттігі қаржы институты мен кәсіпкерге хаттамадан үзінді көшірме жібереді.

42. Қаржы институты қолданыстағы шарт талаптарының өзге де өзгерістері туралы қаржы агенттігін тиісті хатпен хабардар етеді, ол өз кезегінде құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қолданыстағы қаржыландыру талаптарының өзгерістері бойынша шешім қабылдайды және қаржыландыру талаптарының жасалған өзгерістерін хатпен келіседі немесе келісуден бас тартады. Бұл ретте қаржыландыру шарттарының жасалған өзгерістері (келісуден бас тарту) келісу хатында анық көрсетіледі.»;

44-тармақта:

3) және 4) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

«3) егер орындаудың мүмкін болмауы еңсерілмейтін күш
мән-жайларының, яғни төтенше және осы жағдайлар кезінде алдын алуға болмайтын мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, ұрыс қимылдары) салдарынан болған жағдайларды қоспағанда, кәсіпкердің шартқа/субсидиядау шартына төлем графигіне сәйкес қаржы институтының алдындағы төлемдерді төлеу жөніндегі міндеттемелерді қатарынан 3 (үш) ай бойы, сондай-ақ қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган өкімінің және (немесе) өзге құжатының және (немесе) актісінің негізінде орындамауы (бұдан әрі – ахуал);

4) ахуал әрекет еткен кезеңде туындаған жағдайларды қоспағанда, шартқа/субсидиядау шартына төлемдерді өтеу графигіне сәйкес қаржы институтының алдында лизингтік төлемдерді енгізу жөніндегі міндеттемелерді кәсіпкердің қатарынан 2 (екі) және одан да көп рет орындамауы;»;

7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«7) инвестициялық мақсаттарға бағытталған жобалар бойынша: кредиттің әрбір 100 (жүз) миллион теңгесіне жаңа жұмыс орындарын, бірақ 2 (екі) қаржы жылы өткеннен кейін әрбір жоба бойынша кемінде бір жұмыс орнын құруды және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің/салық декларациясының деректері негізінде және (немесе) бюджетпен есеп айырысудың жай-күйі туралы дербес шоттан үзінді көшірмеге сәйкес кірістердің субсидиялау мерзімі аяқталғанға дейін жыл сайынғы негізде бір қаржы жылы өткеннен кейін жинақталған инфляция деңгейінен кем болмайтын деңгейде міндетті ұлғаюын (бұл ретте тиімділік көрсеткіштерін есептеу кезінде субсидиялаудың қай күні басталғанына қарамастан, келесі қаржы жылының басталуы есепті күн болып табылады) көздейтін тиімділік көрсеткіштерінің орындалмауы;»;

53-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«53. Субсидиялауды қайта бастау қаржы агенттігінің субсидиялауды тоқтату туралы шешіміне дейін кәсіпкер осы Қағидалардың 44-тармағының 3), 4) және 5) тармақшалары бойынша бұзушылықтарды жойған жағдайда жүзеге асырылады.»;

54-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Қаржы агенттігінің функцияларына:

1) қаржы институты ұсынатын деректер мен құжаттар негізінде өзімен шарт/субсидиялау шарты жасалған кәсіпкердің қаржы құралын мақсатына сай пайдалануын мониторингілеу;

2) қаржы институты ұсынатын деректер негізінде кәсіпкердің төлем тәртібін мониторингілеу;

3) жобаның іске асырылуын (қаржы лизингі шарты бойынша лизинг нысанасын пайдалануды) мониторингілеу;

4) жобаның және (немесе) кәсіпкердің осы Қағидалардың шарттарына және (немесе) қаржы агенттігінің шешіміне сәйкестігін мониторингілеу жатады.»;

55-тармақтың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«7) бірінші деңгейдегі жүйеде олар бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2026 жылғы 29 мамырдағы № 437 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 38840 болып тіркелген) бекітілген Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына және оларды алушыларға мониторинг жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Мониторингтеу қағидалары) шеңберінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын базалық талаптарға (бұдан әрі – базалық талаптар) сәйкессіздік айқындалған;»;

мынадай мазмұндағы 55-1-тармақпен толықтырылсын:

«55-1. Қатысушы лизинг компанияларына қойылатын ең төмен талаптар, атап айтқанда:

1) қаржылық есептілікпен расталған соңғы есепті кезең күніндегі жағдай бойынша лизинг компаниясының меншікті капиталы 1 (бір) миллиард теңгеден төмен емес;

2) негізгі қызметтің өтінім беретін жылдың алдында кемінде 1 (бір) жыл жүзеге асырылуы.»;

57 және 58-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«57. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын және оларды алушыларды мониторингтеуді Мониторингтеу қағидалары шеңберінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.

Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының пайдаланылуы мен оларды алушыларды мониторингілеуді техникалық сүйемелдеуді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын, жалғыз акционері мемлекет болып табылатын заңды тұлға (бұдан әрі – тіркеуші) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың екі деңгейлі жүйесі шеңберінде жүзеге асырады, ол мынаны қамтиды:

1) бірінші деңгей – жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушылар өтінімдерінің эталондық электрондық тізілімін қамтитын, екінші деңгейдегі жүйелермен интеграцияланған тіркеу жүйесі, онда түпкілікті форматтан кейінгі логикалық бақылау арқылы жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушының базалық талаптарға сәйкестігі айқындалады;

2) екінші деңгей – жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушылардан өтінімдерді қабылдау, оларды форматтық-логикалық бақылауды қолдана отырып өңдеу және өңделген өтінімдерді бірінші деңгейге беру жүзеге асырылатын салалық мемлекеттік немесе мемлекеттік емес цифрлық жүйелер.

Екінші деңгейдегі цифрлық жүйелер жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушылардан заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға, сондай-ақ тіркеушінің дербес деректерді жинауына, өңдеуіне, сақтауына, жүктеп алуына және пайдалануына келісімін алуды қамтамасыз етеді.

58. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға өтінім беру екінші деңгейдегі цифрлық жүйе арқылы электрондық түрде жүзеге асырылады.

Екінші деңгейдегі цифрлық жүйе жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушының базалық талаптарға сәйкестігін тексеру туралы бірінші деңгейдегі жүйеге сұрау салуды жібереді.

Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шарасын алушының өтінімі бірінші деңгейдегі жүйенің және жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушының базалық талаптарға сәйкестігі туралы хабарламасын алған кезде екінші деңгейдегі цифрлық жүйеде одан әрі өңделеді.

Өтінімде көрсетілген мәліметтерді және өтінімді өңдеу мәртебесін екінші деңгейдегі цифрлық жүйе бірінші деңгейдегі жүйеге береді.»;

мынадай мазмұндағы 58-1-тармақпен толықтырылсын:

«58-1. Бірінші деңгейдегі жүйеде кәсіпкердің базалық талаптарға сәйкессіздігі анықталған жағдайда қаржы агенттігі мемлекеттік қолдау шараларын беруден бас тартады.»;

көрсетілген қаулымен бекітілген Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қаржылай емес қолдау шараларын ұсыну қағидаларында:

6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«6. Кәсіпкердің қаржы агенттігінің цифрлық жүйесінде тіркелуі онлайн-оқытуға қолжетімділік беруге негіз болады. Қаржы агенттігі бір рет немесе қаржы агенттігі белгілеген тәртіппен қайтадан оқу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.»;

мынадай мазмұндағы 14-1, 14-2, 14-3, 14-4 және 14-5-тармақтармен толықтырылсын:

«14-1. Мобильді фронт-офистер (бұдан әрі – мобильді ФО) – шағын және моноқалалардың, аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердің шағын кәсіпкерлік субъектілері мен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындарына кәсіпкерлік қызметті қолдау құралдары бойынша көшпелі ақпараттық және консультациялық қызметтер ұсынуға арналған қаржы агенттігінің арнайы жабдықталған автобустары.

14-2. Мобильді ФО құру мақсаттары:

1) шағын және моноқалаларда, аудан орталықтарында және ауылдық елді мекендерде кәсіпкерлікті және кәсіпкерлік қызметті қолдау құралдарын танымал ету;

2) шағын және моноқалаларда, аудан орталықтарында және ауылдық елді мекендерде кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындарды кәсіпкерлік қызмет ашуға ынталандыру.

14-3. Мобильді ФО функциялары:

1) шағын және моноқалалардың, аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердің шағын кәсіпкерлік субъектілері мен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындарын кәсіпкерлік қызметті қолдау құралдары туралы хабардар ету;

2) кәсіпкерлік қызметті ашу және жүргізу бойынша ақпараттық және консультациялық қызметтер көрсету;

3) қаржы институттарымен жұмыс істеу шарттарын түсіндіру.

14-4. Мобильді ФО көрсетілген қызметтері шағын кәсіпкерлік субъектілері мен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындарға өтеусіз негізде ұсынылады.

14-5. Мобильді ФО-ны сатып алуға, күтіп ұстауға және оның жұмыс істеуіне арналған шығыстарды қаржыландыру қаржы агенттігінің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады.»;

көрсетілген қаулымен бекітілген Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне инфрақұрылымдық қолдау көрсету қағидаларында:

2-тармақта:

13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«13) көрсетілетін қызметтерді беруші – мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес өңірлік үйлестіруші айқындайтын, субсидиялаудың цифрлық жүйесіне қол жеткізуді және оны иеленуші ретінде сүйемелдеуді қамтамасыз ететін тұлға;»;

19) және 20) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

«19) өтінімдердің электрондық тізілімі (бұдан әрі – тізілім) – өтінімдер, сондай-ақ кәсіпкерлер туралы мәліметтердің жиынтығы және субсидиялаудың цифрлық жүйесінде көрсетілген өзге де мәліметтер;

20) субсидиялаудың цифрлық жүйесінің веб-порталы (бұдан әрі –
веб-портал) – субсидиялаудың цифрлық жүйесіне қолжетімділік беретін, Интернет желісінде орналастырылған интернет-ресурс;»;

24) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«24) «цифрлық үкімет» веб-порталы – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, мемлекеттік қызметтер көрсетуге қатысатын мемлекеттік органдар мен өзге де субъектілер орналастыратын шоғырландырылған ақпаратқа, сондай-ақ электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерге қол жеткізудің «бірыңғай терезесін» білдіретін цифрлық объект;»;

30-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

«Есептің PDF форматындағы сканерленген көшірмесін өңірлік үйлестіруші осындай есепті уәкілетті орган/жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшісі қабылдаған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде субсидиялаудың цифрлық жүйесіне жүктейді.».

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                             О. Бектенов

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу