Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 20 сәуірдегі №295 қаулысы

 

«Жекешелендіру объектілерін сату қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы № 920 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Жекешелендіру объектілерін сату қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы № 920  қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Жекешелендіру объектілерін сату қағидасында:

2-тармақта: 

3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«3) аукцион – тізілімнің веб-порталын пайдалану арқылы цифрлық форматта өткізілетін сауда-саттықтың қатысушылар өз ұсыныстарын жария түрде мәлімдейтін нысаны;»;

10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«10) жекешелендіру объектісі – жекешелендірілуі тұйық технологиялық тізбекті бұзбайтын мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынның өндірістік және өндірістік емес бөлімшелері мен құрылымдық бірліктері; мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкі; акционерлік қоғамдардың акциялары; жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері; акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына құқықтарды куәландыратын туынды бағалы қағаздар;»;

13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«13) қатысушы – осы Қағиданың 13-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда,  аукционға, тендерге немесе екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурсқа қатысу үшін белгіленген тәртіппен тіркелген жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға;»;

24) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«24) тізілімнің веб-порталы – www.e-qazyna.kz мекенжайы бойынша Интернет желісінде орналастырылған, мемлекеттік мүлік тізілімінің (бұдан әрі – тізілім) сатылатын объектілері жөніндегі цифрлық дерекқорға бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсынатын интернет-ресурс;»;

26) тармақша алып тасталсын;

27) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«27) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілті мен электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып жасалған, электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын цифрлық жазба (цифрлық деректер жиынтығы).»;

3-тармақта:

үшінші және төртінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:

«Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган республикалық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде республикалық мүлікті, сондай-ақ нарықта үстем немесе монополиялық жағдайға ие табиғи монополия субъектілері немесе нарық субъектілері болып табылмайтын ұйымдардағы мемлекеттік акциялар пакеттерін (қатысу үлестерін) жекешелендіру туралы шешім қабылдайды, объектіні жекешелендіруге дайындау процесінде республикалық мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.

Жергілікті атқарушы органдар коммуналдық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде коммуналдық мүлікті жекешелендіру туралы шешімді «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті түрде жария тыңдаулар жүргізе отырып қабылдайды, объектіні жекешелендіруге дайындау процесінде коммуналдық мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.»;

алтыншы бөлік алып тасталсын;

4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«4. Аукцион және тендер нысанындағы екінші және одан кейінгі сауда-саттық өткізілетін жағдайларды қоспағанда, жекешелендіру объектілері жекешелендіру объектісінің алғашқы бағасынан төмен болмайтын бастапқы бағамен сатуға қойылады.

5. Тиісті саланың уәкілетті органының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жекешелендіру объектілері осы Қағиданың 7-тарауына сәйкес екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурс арқылы сатылады.

Бұл ретте мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың акцияларына құқықтарды куәландыратын туынды бағалы қағаздар осы Қағиданың
8-тарауына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің (республикалық меншік бойынша) немесе тиісті жергілікті атқарушы органның (коммуналдық меншік бойынша) шешімі бойынша сатылады.

Комиссия шешімінің негізінде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (республикалық меншік бойынша) немесе тиісті жергілікті атқарушы органның не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының (коммуналдық меншік бойынша) шешімі бойынша жекешелендіру объектілері осы Қағиданың 4, 5 және 6-тарауларына сәйкес аукцион мен тендер нысанындағы сауда-саттық, қор биржасындағы сауда-саттық арқылы сатылады.»;

9-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«9-1. Жекешелендіру объектісін акционерлік қоғам (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) акцияларының мемлекеттік пакеті (жарғылық капиталға қатысу үлесі) түрінде сату кезінде осы жекешелендіру объектісі басқаруында болатын тиісті саланың уәкілетті органы комиссияның қарауына шығару үшін сатушыға оны сату тәсілі мен шарттары бойынша ұсыныс береді.

Қажет болған жағдайда сатушы акцияларының мемлекеттік пакеті (жарғылық капиталға қатысу үлесі) жекешелендіру объектісі болып табылатын акционерлік қоғам (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) мүлкінің құрамы мен шаруашылық қызметі бойынша құжаттарды сұратады.

Осы тармақта көрсетілген тиісті саланың уәкілетті органы және акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) басшылығы акционерлік қоғам (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) акцияларының мемлекеттік пакеті (жарғылық капиталға қатысу үлесі) түріндегі жекешелендіру объектісі бойынша мәліметтердің анықтығына меншік құқығы сатып алушыға ауысқанға дейін жауапты болады.

Хабархат жарияланғаннан кейін тиісті саланың уәкілетті органы және акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) басшылығы жекешелендіру объектісін сатып алуды қалаушылардың оны көруге еркін кіруін қамтамасыз етеді.»;

12-тармақта:

10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«10) жекешелендіру объектісінің құнын бағалауды жүргізу және (немесе) жекешелендіру объектілері бойынша мәмілені сүйемелдеу мақсатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен тәуелсіз консультанттарды не бағалаушыны тарту;»;

12) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«12)   сатып алушылардың талап етуі бойынша жекешелендіру объектілерінің ауыртпалықтары туралы ақпаратты дайындау және ұсыну;»;

15-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«3)     екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурсты қоспағанда, акционерлік қоғам (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) акцияларының мемлекеттік пакеті (жарғылық капиталға қатысу үлесі) түріндегі әрбір жекешелендіру объектісі бойынша сауда-саттық нысаны мен шарттары туралы тиісті саланың уәкілетті органының ұсыныстарын қарайды және шешім қабылдайды;»;

18 және 19-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«18. Теңгерімдік құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 2500000 еселенген мөлшерінен асатын акционерлік қоғамдар (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер) акцияларының мемлекетке тиесілі бақылау пакеттері (жарғылық капиталға қатысу үлестері) түріндегі жекешелендіру объектілерін бағалауды халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес тәуелсіз консультанттар жүзеге асырады.

19. Осы Қағиданың 18-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, жекешелендіру объектілерін бағалау Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.»;

24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«24. Сауда-саттық өткізілетіні туралы хабархатты сатушы ол өткізілгенге дейін кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын жариялайды.

Хабархат қазақ және орыс тiлдерiнде тізілімнің веб-порталында жарияланады.

Тізілімнің веб-порталында сауда-саттықты өткізілетіні туралы хабархат жарияланғаннан кейін сатушы өзінің интернет-ресурсында және (немесе) әлеуметтік желілер алаңдарында тізілімнің веб-порталында жарияланған хабархатқа сілтемені көрсетіп, сауда-саттық өткізілетіні туралы ақпараттық хабарды қосымша орналастырады.

Акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының талаптары қолданылатын акцияларын (жарғылық капиталдарындағы үлестерін) сату туралы хабархатты объект (жекешелендіру кестесі) бойынша ақпарат тізілімге енгізілген күннен бастап күнтізбелік алпыс күн өткеннен кейін жариялауға жол беріледі.»;

26-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«26. Әрбір жекешелендіру объектісі бойынша сату туралы хабархат жарияланғанға дейін сатушы тізілімнің веб-порталында мынадай құжаттарды орналастырады:

1) жекешелендіру объектісінің құнын бағалау туралы электрондық түрдегі есеп немесе қаржылық есептілік депозитарийінде бағалаушы қалыптастырған жекешелендіру объектісінің құнын бағалау туралы электрондық түрдегі есепке сілтеме;

2) жекешелендіру объектісінің техникалық жай-күйі туралы көріністі қамтамасыз ететін фотосуреттері (тек жылжымайтын мүлік, көлік, жабдық және басқа да материалдық мүлік үшін), кемінде 5 дана;

3) сатып алу-сату шартының жобасы.»;

мынадай мазмұндағы 26-1-тармақпен толықтырылсын:

«26-1. Қаржылық есептілік депозитарийінде бағалаушы қалыптастырған жекешелендіру объектісінің құнын бағалау туралы электрондық түрдегі есепке сілтемені тізілім веб-порталының қаржылық есептілік депозитарийімен ақпараттық өзара іс-қимыл жасауы арқылы сатушы орналастырады.»;

76-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«76. Екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурс мынадай iс-шаралар жоспарын қамтиды:

1) осы Қағиданың 12-тармағының 10) тармақшасында белгіленген тәртiппен тәуелсіз консультантты тарту;

2) тәуелсіз консультанттың жекешелендіру объектісіне жан-жақты талдау мен оның құнын бағалауды жүргізу, әлеуетті сатып алушыларға (инвесторларға) қойылатын талаптарды (қажет болған жағдайда) және жекешелендіру талаптарын әзірлеу, әлеуетті сатып алушылар (инвесторлар) үшін жекешелендіру объектісі туралы ақпаратты қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру;

3) сатушының жекешелендіру объектісін сату туралы хабархатты қазақ және орыс тілдерінде тізілімнің веб-порталында жариялауы, сондай-ақ тәуелсіз консультанттың сату туралы ұсынысты талаптарға (болған кезде) сай келетін әлеуетті сатып алушыларға (инвесторларға) таратуы;

4) тәуелсіз консультанттың әлеуетті сатып алушылардың (инвесторлардың) ұсыныстары қамтылған өтінімдер тізбесін қалыптастыруы;

5) сатушының ең үздік ұсыныстарды ұсынған кемінде екі әлеуетті сатып алушыны (инвесторды) анықтау мақсатында тәуелсіз консультанттың қатысуымен әлеуетті сатып алушылардың (инвесторлардың) өтінімдерін ашуы (конкурстың бірінші кезеңі);

6) сатушының тәуелсіз консультанттың қатысуымен бірінші кезеңнің жеңімпаздары арасында бұрын ұсынылған бағаны және (немесе) талаптарды жақсарту тұрғысынан сауда-саттық өткізуі (конкурстың екінші кезеңі);

7) конкурс қорытындысын шығару.»;

78-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«78. Конкурстың әрбір кезеңін өткізу қорытындысы бойынша сатушы, тәуелсіз консультант және екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурсқа қатысушылар оның нәтижелері туралы хаттамаға қол қояды.»;

мынадай мазмұндағы 78-1-тармақпен толықтырылсын:

«78-1. Екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурсты өткізу кезінде жекешелендіру объектісінің бастапқы бағасы осы Қағиданың 17-тармағының
2) тармақшасына сәйкес айқындалған жекешелендіру объектісінің алғашқы бағасына тең болады.

Екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурста жекешелендіру объектісінің бастапқы бағасын төмендетуге жол берілмейді.»;

91-тармақтың төртінші бөлігі алып тасталсын;

мынадай мазмұндағы 95-1-тармақпен толықтырылсын:

«95-1. Осы Қағиданың 91 және 95-тармақтарында белгіленген тәртіппен жылжымайтын мүлік түріндегі жекешелендіру объектісі бойынша қабылдап алу-беру актісіне тараптар қол қойғаннан кейін тиісті сатып алу-сату шарты ақпараттық өзара іс-қимыл жасау арқылы осы жылжымайтын мүлікке сатып алушының құқықтарын мемлекеттік тіркеу үшін тізілімнің веб-порталымен құқықтық кадастрға жіберіледі.

Осы Қағиданың 91 және 95-тармақтарында белгіленген тәртіппен көлік құралы түріндегі жекешелендіру объектісі бойынша қабылдап алу-беру актісіне тараптар қол қойғаннан кейін тиісті сатып алу-сату шарты ақпараттық өзара іс-қимыл жасау арқылы осы көлік құралына сатып алушының құқықтарын мемлекеттік тіркеу үшін тізілімнің веб-порталымен көлік құралдарын мемлекеттік тіркеудің бірыңғай цифрлық жүйесіне жіберіледі.».

2. Осы қаулы 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                                 О. Бектенов

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу