Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 25 желтоқсандағы №1179 қаулысы

«Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды қамтамасыз етуге тартылған қазақстандық және шетелдік кемелер мен қазақстандық әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бірнеше рет кесіп өтуіне рұқсаттар беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 2 желтоқсандағы №760 қаулысына өзгерістер енгізу туралы 

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды қамтамасыз етуге тартылған қазақстандық және шетелдік кемелер мен қазақстандық әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бірнеше рет кесіп өтуіне рұқсаттар беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 2 желтоқсандағы №760 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

кіріспе мынандай редакцияда жазылсын:

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 55-бабының 12-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:»;

көрсетілген қаулымен бекітілген Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды қамтамасыз етуге тартылған қазақстандық және шетелдік кемелер мен қазақстандық әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бірнеше рет кесіп өтуіне рұқсаттар беру қағидаларында:

1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Осы Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды қамтамасыз етуге тартылған қазақстандық және шетелдік кемелер мен қазақстандық әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бірнеше рет кесіп өтуіне рұқсаттар беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 55-бабының 12-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды қамтамасыз етуге тартылған қазақстандық және шетелдік кемелер мен қазақстандық әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бірнеше рет кесіп өтуіне рұқсаттар беру тәртібін айқындайды.

Осы Қағидалар жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды қамтамасыз етуге тартылған қазақстандық және шетелдік кемелер мен қазақстандық әуе кемелеріне, оның ішінде ауа қабы бар кемелерге қолданылады.»;

3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды қамтамасыз етуге тартылған қазақстандық және шетелдік кемелердің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бірнеше рет кесіп өтуіне рұқсатты (бұдан әрі – рұқсат) қазақстандық кеме тіркелген жердегі немесе орналасқан пункттегі немесе шетелдік кеме Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының аумағына кіретін пункттегі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (бұдан әрі – Шекара қызметі) береді. Бұл ретте дара кәсіпкер немесе заңды тұлғаның уәкілетті өкілі, филиал, өкілдік тіркелген жердегі Шекара қызметі берген рұқсаттар теңіздегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің бәрінде кеменің орналасқан жері бойынша рұқсат алу қажеттігінсіз қолданылады.

4. Рұқсат алу үшін дара кәсіпкер немесе заңды тұлға, филиал, өкілдік (бұдан әрі – өтініш беруші) кеме тіркелген жердегі немесе орналасқан жердегі жауапкершілік учаскесінде кемелердің шығуы жоспарланған Шекара қызметінің аумақтық бөлімшесіне мынадай құжаттарды ұсынады:

1) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша рұқсат беру туралы жазбаша өтініш (бұдан әрі – өтініш);

2) кемеге меншік құқығын растайтын құжаттың көшірмесі не жер қойнауын пайдаланушы мен мердігер ұйымның арасындағы кемені жалға алу (тасымалдау) шартының көшірмесі және (немесе) мердігер ұйым мен кеме иесінің арасындағы шарт көшірмесі;

3) кеменің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеріп жүзу құқығы туралы куәлігінің немесе шет мемлекеттің туын көтеріп жүзетін кемені Каспий теңізінің қазақстандық секторында пайдалануға рұқсаттың көшірмесі;

4) экипаж мүшелерінің, сондай-ақ жер қойнауы пайдаланылатын ауданға тиісті құралмен тасымалданатын жұмыскерлердің, іссапарға жіберілген адамдардың, іскерлік іссапарда жүрген адамдардың, мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметкерлерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері;

5) шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ адамдар үшін – жұмысқа орналасуға арналған рұқсаттардың көшірмелері, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары үшін – еңбек шартының көшірмелері, шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ адамдар, Қазақстан Республикасында іскерлік іссапарда жүрген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары үшін – іссапарға жіберу туралы хат;

6) қажет болған жағдайда шетелдік азаматтарға және (немесе) азаматтығы жоқ адамдарға берілген визалардың көшірмелері;

7) дара кәсiпкердің немесе заңды тұлғаның, филиалдың, өкiлдiктің жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүзеге асыру мақсатында тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді ұсыну шартының негiзiнде тартылғаны туралы жер қойнауын пайдаланушының, Қазақстан Республикасының порты, теңіз терминалы, каналы, айлақтық құрылысжайы меншiк иесiнiң немесе оны басқаратын тұлғаның шарт деректемелері көрсетілген жазбаша өтініші;

8) жер қойнауы пайдаланылатын және (немесе) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар қамтамасыз етілетін ауданның координаталары, сондай-ақ оларға бару және одан кері қайту үшін ұсынылатын жолдар;

9) кеден ісі саласындағы уәкілетті орган шығарған шетелдік теңіз кемесіне қатысты тауарларға декларацияның көшірмесі.»;

13 және 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«13. Осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Каспий теңізінің қазақстандық секторының су кеңістігінде орналасқан келісімшарттық аумақта жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға жұмылдырылған қазақстандық әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бірнеше рет кесіп өтуіне рұқсатты (бұдан әрі – рұқсат) қазақстандық әуе кемесі тіркелген жердегі немесе орналасқан пункттегі Шекара қызметі береді. Бұл ретте дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның уәкілетті өкілінің, филиалдың, өкілдіктің тіркелген жеріндегі Шекара қызметі берген рұқсаттар Қазақстан Республикасы қалаларының әуежайларында халықаралық авиатасымалдар үшін ашылған өткізу пункттерінің бәрінде әуе кемесінің орналасқан жерінде рұқсат алу қажеттігінсіз қолданылады.

Қазақстан Республикасының аумағынан Каспий теңізінің қазақстандық секторының су кеңістігінде орналасқан қалқымалы қонақүйлерді қоса алғанда, жасанды аралдарға, қондырғылар мен құрылысжайларға, қалқымалы бұрғылау қондырғыларына не қалқымалы қонақүйлерді қоса алғанда, жасанды аралдардан, қондырғылар мен құрылысжайлардан, қалқымалы бұрғылау қондырғыларынан Қазақстан Республикасының аумағына адамдарды, жүктер мен тауарларды жеткізуді жүзеге асыратын әуе кемелерінің ұшуы Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

14. Рұқсат алу үшін өтініш беруші әуе кемесінің тіркелген жеріндегі немесе орналасқан жеріндегі жауапкершілік учаскесінде әуе кемесінің ұшып шығуы жоспарланатын Шекара қызметінің аумақтық бөлімшесіне мынадай құжаттарды ұсынады:

1) осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша рұқсат беру туралы жазбаша өтініш (бұдан әрі – өтініш);

2) кемеге меншік құқығын растайтын құжаттың көшірмесі не әуе кемесінің иесі мен жер қойнауын пайдаланушының (оның мердігерінің) арасындағы адамдарды, жүктер мен тауарларды тасымалдау үшін кемені жалға алу шартының көшірмесі;

3) жер қойнауы пайдаланылатын ауданға әуе кемесімен апарылатын экипаж мүшелерінің, сондай-ақ жұмыскерлердің, іссапарға жіберілген адамдардың, іскерлік іссапарда жүрген адамдардың, мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметкерлерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері;

4) шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ адамдар (пилоттарды қоспағанда, барлық экипаж мүшелері үшін) үшін – жұмысқа орналасуға рұқсаттардың көшірмелері, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары үшін – еңбек шартының көшірмелері, шетелдік азаматтар үшін, Қазақстан Республикасында іскерлік іссапарда жүрген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары үшін – іссапарға жіберу туралы хат;

5) қажет болған жағдайда шетелдік азаматтарға және (немесе) азаматтығы жоқ адамдарға берілген визалардың көшірмелері;

6) дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның, филиалдың, өкілдіктің жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыру мақсатында тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді ұсыну шартының негізінде тартылғаны туралы жер қойнауын пайдаланушының деректемелері көрсетілген жазбаша өтініші;

7) Қазақстан Республикасының әуе кемелерінің ұшып шығуы мен қонуы үшін пайдаланылатын, оның ішінде халықаралық ұшуға ашық емес әуеайлақтары, тікұшақ айлақтары мен қону алаңдарының тізбесі;

8) жер қойнауы пайдаланылатын ауданның координаталары, сондай-ақ оған бару және одан кері қайту үшін ұсынылатын жолдар.»;

көрсетілген Қағидаларға 2 және 3-қосымшалар осы қаулыға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

көрсетілген Қағидаларға 5 және 6-қосымшалар осы қаулыға 3 және 4-қосымшаларға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                                                     Ә. Смайылов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу