Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 26 маусымдағы №556 қаулысы

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2007 жылғы 2 қазандағы № 873 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы
№ 873 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

аталған қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларында:

1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Осы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (бұдан әрі – Конституциялық заң) сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібін айқындайды.»;

4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«4. Патриоттық сезімін, қазақстандық бірегейлікті, елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын жеке және заңды тұлғалардың ғимараттарда (тұрғынжайларда және тұрғын емес үй-жайларда), оның ішінде балкондарда (45 градус бұрышпен) және салтанатты іс-шаралар өткізілетін жерлерде пайдалануына (орнатуына, орналастыруына) болады.

Көлеміне қарамастан, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ұлттық стандартқа сәйкес келуге тиіс. Жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын ұлттық стандарт талаптарын бұза отырып пайдалануына жол берілмейді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын жеке және заңды тұлғалардың қорлау нысаны ретінде пайдалануына болмайды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын пайдалануға (орнатуға, орналастыруға) мынадай шарттармен жол беріледі:

1) жеке тұрғын үйлерде үш метрден кем болмайтын биіктікте орналастыру, бұл ретте тәуліктің қараңғы уақытында жарықтандыру міндетті емес.

         Ғимараттың сәулеттік немесе техникалық шектеулеріне байланысты жеке және заңды тұлғалардың оны іргелес аумақта орнасқан жеке тұғырға (флагштокқа) орнатуына (орналастыруына) болады;

2) жерге, еденге, су бетіне және өзге де беттерге тиіп тұрмауы;

3) тігінен орналастыру, бұл ретте  ұлттық ою-өрнек матаның жоғарғы бөлігінде тұруға тиіс;

4) жеке және заңды тұлғалар өткізетін мәдени, спорттық, қоғамдық және өзге де іс-шаралар барысында коммерциялық мақсатты көздемеу;

5) зақымдану, тозу, жамау, тесілу, кірлеу, түсінің оңып кетуі, қыртыстану белгілерінің не оның асқақтығы мен символдық мәнін түсіретін өзге де кемшіліктің болмауы;

6) жеке және заңды тұлғаларға тиесілі көлік құралдары салондарының ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып пайдалану.

Қасақана бүлдіруге, жоюға, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға, мақсатына сай емес пайдалануға, сондай-ақ оның мемлекеттік рәміз ретіндегі қадір-қасиеті мен маңызын төмендететін өзге де әрекет жасауға жол берілмейді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын жарнамалық мақсаттарда, сондай-ақ киім-кешек заттары, төсек-орын жабдықтары, перде, дастарқан, кілемше және өзге де жабын ретінде пайдалануға болмайды.»;

мынадай мазмұндағы 24-1-тармақпен толықтырылсын:

 «24-1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының бейнесі спорттық киім мен спортшылардың киім-кешегінде пайдалануға болады.»;

27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«27. Осы Қағидалардың 22-тармағының 1) тармақшасында және                  26-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген веб-сайттарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының бейнелері орналастырғанда мемлекеттік рәміздер бейнелері бір деңгейде орналасуға, сондай-ақ оларды орналастыру кезектілігі сақталуға тиіс: Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимн.»;

34-1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Мемлекеттік рәміздерге арналған стендке (экспозицияға) бөлінген, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтіні орналастырылатын         үй-жайлар (немесе олардың бөліктері), эстетикалық тұрғыдан безендірілуге және шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден және киім ілу бөлмелерінен қашық орналасуға тиіс.»;

36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«36. Стендтерге (плакаттарға) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының, Мемлекеттік Елтаңбасының бейнелерін және Мемлекеттік Гимнінің мәтінін орнатқанда мемлекеттік рәміздердің бейнелері бір деңгейде орналасуға, сондай-ақ олардың кезектілігі сақталуға тиіс: Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимн.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің бейнелері бар стендтерді, плакаттарды және өзге де көрнекі материалдарды ресімдегенде көк түсті фон пайдаланылады, жазулар алтын түспен жазылады.».

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер – Министрі                                                   О. Бектенов

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу