01 Қазан 2026, 10:00
«Басымдығы бар халықаралық авиамаршруттар үшін авиациялық отынды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 10 қыркүйектегі № 675 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Басымдығы бар халықаралық авиамаршруттар үшін авиациялық отынды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 10 қыркүйектегі № 675 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Басымдығы бар халықаралық авиамаршруттар үшін авиациялық отынды субсидиялау қағидаларында:
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Шарт жасалғаннан кейін авиакомпания ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 20-сы күніне дейінгі мерзімде уәкілетті органға басшы мен бас бухгалтер қол қойған, оның ішінде цифрлық нысанда ұсынылған мынадай құжаттарды тапсырады:
1) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес авиакомпанияның субсидияланатын басымдығы бар халықаралық авиамаршруттары бойынша есеп;
2) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес субсидияланатын басымдығы бар халықаралық авиамаршруттар бойынша авиациалық отынның шығыстары бойынша есеп.»;
10 және 11-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«10. Жылдың күнтізбелік соңғы айына бюджеттік субсидия төлеу субсидияланатын авиамаршруттар бойынша көрсетілген қызметтердің болжамды деректер бойынша жасалған алдын ала актісі негізінде жүзеге асырылады, ол 20 желтоқсаннан кешіктірілмей, оның ішінде цифрлық нысанда ұсынылады, ал нақты деректер бойынша жасалған есеп кейіннен келесі айдың 20-сы күнінен кешіктірілмей ұсынылады.
Қаржы жылының қорытындысы бойынша авиакомпания мен азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган өзара есеп айырысуды салыстырады және орындалған жұмыстарды салыстырып тексеру актілерін жасайды.
11. Авиамаршрутты пайдалану барысында шарт талаптарын орындамаған, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Көлік министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 24 қарашадағы № 95 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33692 болып тіркелген) бекітілген Жолаушыларды, багажды, жүкті және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау бойынша қызметтер көрсету үшiн субсидияланатын авиамаршруттарға арналған конкурс өткізу және субсидияланатын авиамаршруттарға куәліктер беру қағидаларына сәйкес авиамаршрутқа арналған куәлігі кері қайтарып алынған жағдайда авиакомпанияларға субсидия төлеу жүргізілмейді»;
мынадай мазмұндағы 12-тармақпен толықтырылсын:
«12. Тізілімді жүргізуді техникалық сүйемелдеуді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын, жалғыз акционері мемлекет болып табылатын заңды тұлға (бұдан әрі – тіркеуші) жүзеге асырады.
Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының пайдаланылуы мен оларды алушыларды мониторингтеуді техникалық сүйемелдеуді тіркеуші жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың екі деңгейлі жүйесі шеңберінде жүзеге асырады, ол мынаны қамтиды:
1) бірінші деңгей – жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушылар өтінімдерінің эталондық электрондық тізілімін қамтитын, екінші деңгейдегі жүйелермен интеграцияланған тіркеу жүйесі, онда түпкілікті форматтан кейінгі логикалық бақылау арқылы жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушының жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының пайдаланылуы мен оларды алушыларға мониторинг жүргізу қағидалары шеңберінде бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын базалық талаптарға сәйкестігі айқындалады;
2) екінші деңгей – жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушылардан өтінімдерді қабылдау, оларды форматтық-логикалық бақылауды қолдана отырып өңдеу және өңделген өтінімдерді бірінші деңгейге беру олар арқылы жүзеге асырылатын салалық мемлекеттік немесе мемлекеттік емес цифрлық жүйелер.
Екінші деңгейдегі цифрлық жүйелер жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушылардан заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға, сондай-ақ тіркеушінің дербес деректерді жинауына, өңдеуіне, сақтауына, түсіруіне және пайдалануына келісімін алуды қамтамасыз етеді.
Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың екі деңгейлі жүйесі арқылы жүргізілген мониторингтің қорытындылары кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға беріледі.».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі О. Бектенов
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу