Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 20 мамырдағы №416 қаулысы

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы
11 маусымдағы № 573 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларында:

2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

1) атом саласының жұмыскері – атом энергиясын мемлекеттік реттеу,
жер қойнауын пайдалану (уран барлау және өндіру), атом өнеркәсібі ұйымдарында, не атом энергиясы саласындағы инженерлік зерттеу, техникалық консультация беру, ғылыми зерттеу ұйымдарында, не атом энергиясы саласындағы инфрақұрылым
мен базалық қондырғыларды жобалау, салу және пайдалану, перспективалы технологиялар өндірістерді әзірлеу және ендіру, инвестиция тарту ұйымдарында,
не радиофармацевтикалық препараттарды, радиоактивті изотоптар мен көздері шығаруды, электронды үдеткіштер негізінде радиациялық технологияларды қолдануды, ядролық-физикалық талдау әдістерін әзірлеуді және пайдалануды жүзеге асыратын ұйымдарда еңбек қызметін жүзеге асыратын, кемінде 3 (үш) жыл жалпы жұмыс өтілі, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде академиялық оқу және тағылымдамадан өту үшін құжаттарды тапсырған кезде таңдаған мамандану саласында соңғы 6 (алты) айда нақты жұмыс тәжірибесі бар жеке тұлға;

2) ауылдық елдi мекеннен шыққан үміткер – тұрғылықты жерінде тіркелген, соңғы 2 (екі) жылда еңбек қызметін Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекенінде жүзеге асыратын және магистр дәрежесін алу үшін конкурстық іріктеуге қатысатын үміткер;

3) «Болашақ» халықаралық стипендиясы (бұдан әрі – «Болашақ» стипендиясы) – Қазақстан Республикасы азаматтарының күндізгі оқу нысаны бойынша шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі жетекші оқу орындарында оқуы немесе санаттарын Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия айқындайтын жұмыскерлердің шетелдік ұйымдарда тағылымдамадан өтуі үшін Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын стипендия;

4) «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің өтініштерін қарау жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) – құрамы мен ережесін жұмыс органы бекітетін жұмыс органы жанындағы консультативтік-кеңесші орган;

5) «Болашақ» стипендиясының әкімшісі (бұдан әрі – әкімші) – шетелде кадрлар даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың халықаралық бағдарламалары, оның ішінде «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыру үшін ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын ұйым;

6) «Болашақ» стипендиясын тағайындауға арналған конкурстық іріктеу жеңімпазы (бұдан әрі – конкурстық іріктеу жеңімпазы) – осы Қағидаларда көзделген барлық турдан өткен және Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешіміне сәйкес «Болашақ» стипендиясы тағайындалған үміткер;

7) инженерлік-техникалық жұмыскер – өндірістік процесті (өндіруді, дайындауды, сақтауды, тасымалдауды, өңдеуді/қайта өңдеуді) ұйымдастыру
мен басқаруды жүзеге асыратын, техникалық жоғары білімі, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында білімі бар, сондай-ақ ұйымда тікелей өндірістік қызметті жүзеге асыратын, «Болашақ» стипендиясы шеңберінде техникалық бағыттағы мамандықтар бойынша оқу үшін таңдаған мамандану саласында кемінде 1 (бір) жыл жалпы өтілі бар жеке тұлға;

8) кешенді тестілеу – зияткерлік қабілетінің, тұлғалық-іскерлік құзыреттерінің деңгейін, шетелде оқуға психологиялық әзірлігін айқындау бойынша тестілеу;

9) тәуелсіз сараптамалық комиссия – Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмыс органы жанындағы «Болашақ» стипендиясын тағайындауға арналған конкурстық іріктеуге (бұдан әрі – конкурстық іріктеу) қатысатын үміткермен жеке әңгімелесуді жүзеге асыратын консультативтік-кеңесші орган;

10) уәждемелік хат – көлемі 500 сөзден аспайтын, еркін нысанда жазылған эссе, онда үміткер таңдаған жоғары оқу орнын және оның осы саладағы артықшылықтарын, осы стипендияны алуының қажет екенін және таңдаған бағыт бойынша алған білімінен күтетін нәтижені және оны кейіннен практикада қолданатынын негіздейді;

11) үміткер – осы Қағидаларда көзделген талаптар мен шарттарға сай келетін және конкурстық іріктеуге қатысатын Қазақстан Республикасының азаматы;

12) Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия – «Болашақ» стипендиясы мәселелері жөніндегі іс-шараларды іске асыру мақсатында құрылған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган (бұдан әрі – Республикалық комиссия);

13) Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмыс органы – № 470 Жарлыққа сәйкес айқындалатын орталық мемлекеттік орган
(бұдан әрі – жұмыс органы).»;

4-тармақта:

6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«6) конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжат тапсырған кезде Республикалық комиссия айқындаған жұмыскерлер санатына жататын, кемінде 3 (үш) жыл жалпы жұмыс өтілі, оның ішінде құжат тапсырған кезде таңдаған мамандық бойынша соңғы 12 (он екі) ай үзіліссіз нақты жұмыс өтілі бар, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын ескергенде талап етілетін бүкіл кезең үшін міндетті зейнетақы аударымдары расталған (Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі
248-бабының 3-тармағына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарнасын төлеуден босатылған адамдарды қоспағанда) тағылымдамадан өтуге үміткерлер.

Бұл ретте конкурсқа қатысуға құжаттарды тапсыру сәтінде «жасанды интеллект жүйесін пайдаланушылар» санатына жататын, өндірістік қызметті жүзеге асыру кезінде және (немесе) нақты функциялар мен міндеттерді орындау барысында жасанды интеллект жүйесін тікелей пайдаланатын тағылымдамадан өтуге үміткерлер үшін құжат тапсыру сәтінде таңдалған мамандану саласы бойынша соңғы 6 (алты) айда үздіксіз нақты жұмыс өтілінің болуы жөніндегі талап белгіленеді;»;

мынадай мазмұндағы 7) және 8) тармақшалармен толықтырылсын:

«7) конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжат тапсырған кезде атом саласының жұмыскерлері болып табылатын магистр дәрежесін алуға үміткерлер;

8) конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжат тапсырған кезде атом саласының жұмыскерлері болып табылатын философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін алуға және тағылымдамадан өтуге үміткерлер.»;

9-тармақта:

1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«1) ауылдық елдi мекендерден шыққан үміткерлерді, инженерлік-техникалық жұмыскерлерді, медицина жұмыскерлерін, мемлекеттік қызметшілерді, атом саласының жұмыскерлерін қоспағанда, тізімге қосылған шетелдік жетекші жоғары оқу орнына академиялық оқуға шартсыз қабылдануы (қаржылық шарттарды қоспағанда).

Тізімге қосылған шетелдік жетекші жоғары оқу орны, сондай-ақ шетелдік және (немесе) қазақстандық өзге де ұйымдар магистр дәрежесін беруге арналған бүкіл академиялық оқу кезеңіне академиялық оқу ақысын қамтитын шығыстарды толық жоба отырып өтеусіз негізде магистр дәрежесін беруге академиялық оқуға шартсыз шақыртқан (қабылдаған) үміткердің конкурстық іріктеуге қатысуына жол беріледі;»;

3), 4) және 5) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

«3) осы Қағидалардың 4-тармағының 2), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көрсетілген адамдар санаттары үшін белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес шет тілін білу деңгейі;

4) осы Қағидалардың 4-тармағының 2), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар санаты үшін бакалавр немесе маман дипломының
орташа балының GPA 3.0-ден төмен болмауы (4.0/4.33 шкаласы бойынша) немесе «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін жұмыс органы бекітетін бағаларды баламалылық кестесіне сәйкес оның баламасына сәйкестігі;

5) осы Қағидалардың 4-тармағының 2), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көрсетілген адамдар санаттары үшін бакалавр/маман дипломы бойынша мамандығының жұмыс органы бекітетін «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде шетелде оқу үшін ұқсас мамандықтар тізбесіне сәйкес таңдаған мамандыққа сәйкес келуі;»;

10-тармақта:

2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«2) жұмыс органы бекітетін нысан бойынша «мемлекеттік қызметшілер»
және «атом саласының жұмыскерлері» санаттары бойынша конкурстық іріктеуге қатысатын үміткерлер үшін – үміткер Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру бойынша еңбек қатынастарындағы Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының, оның филиалының, өкілдігінің (бұдан әрі – жұмыс беруші) жұмыс орнын сақтау шартымен маман даярлауға өтінімінің электрондық көшірмесі;»;

4) және 5) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

«4) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 248-бабының
3-тармағына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарнасын төлеуден босатылған адамдарды қоспағанда, ауылдық елді мекеннен шыққан үміткерлер, инженерлік-техникалық жұмыскерлер, медицина жұмыскерлері, мемлекеттік қызметшілер, атом саласының жұмыскерлері үшін еңбек қызметін растайтын құжаттардың электрондық көшірмелері, портал арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден және дерекқордан алынған осы Қағидаларға сәйкес талап етілетін еңбек қызметінің кезеңі үшін аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы үзінді-көшірме;

5) ауылдық елді мекеннен шыққан үміткерлер, инженерлік-техникалық жұмыскерлер, медицина жұмыскерлері, мемлекеттік қызметшілер, атом саласының жұмыскерлері үшін белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес нәтижемен шет тілі бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификаттың электрондық көшірмесі;»;

8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«8) ауылдық елдi мекеннен шыққан үміткерлерді, инженерлік-техникалық жұмыскерлері мен медицина жұмыскерлерін, мемлекеттік қызметшілерді, атом саласының жұмыскерлерін қоспағанда, оқу бағдарламасы, мамандығы, кезеңі көрсетілген, қазақ немесе орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасы бар, академиялық оқуға шартсыз қабылданғанын растайтын құжаттардың (қаржылық шарттарды қоспағанда) электрондық көшірмелері;»;

12-тармақ мынадай мазмұндағы 9) және 10) тармақшалармен толықтырылсын:

«9) осы Қағидалардың 4-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген адамдар санаттары үшін жұмыс органы бекітетін нысан бойынша жұмыс берушінің жұмыс орнын сақтап қалу шартымен маман даярлауға өтінімінің электрондық көшірмесі;

10) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 248-бабының
3-тармағына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарнасын төлеуден босатылған адамдарды қоспағанда, осы Қағидалардың
4-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген адамдар санаттары үшін еңбек қызметін растайтын құжаттардың электрондық көшірмелері, портал арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден және дерекқордан алынған осы Қағидаларға сәйкес талап етілетін еңбек қызметінің кезеңі үшін аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы үзінді-көшірме.»;

23-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«23. Республикалық комиссияның шешiмiнде жұмыс органы бекiтетiн тiл курстарының ұзақтығы кестесiне сәйкес мерзiммен ауылдық елдi мекендерден шыққан үмiткерлерге, инженерлік-техникалық жұмыскерлерге, медицина жұмыскерлеріне, мемлекеттік қызметшілерге, атом саласының жұмыскерлеріне магистр дәрежесін алуға «Болашақ» стипендиясы есебінен шетелдік жоғары оқу орындарының талаптарына сәйкес тiл оқыту курстарынан өту қажеттiгi туралы көрсетiледi.»;

24-тармақта:

5) тармақшаның екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Бұл ретте академиялық оқу аяқталған сәттен бастап еңбек өтілінің бірінші жылы мемлекеттік қызметшіні оқуға жіберген мемлекеттік органда тікелей жүзеге асырылады;

осы Қағидалардың 4-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген адамдар санаттары үшін – өздерін жұмыс берушінің өтініміне сәйкес жіберген ұйымдарда, сондай-ақ жұмыс берушінің Қазақстан Республикасының аумағындағы филиалдарында, өкілдіктерінде не жұмыс берушінің келісімі болған кезде, Қазақстан Республикасының аумағындағы өзге де ұйымдарда – кемінде үш жыл;

осы Қағидалардың 4-тармағының 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген адамдар санаттары үшін – өздерін жұмыс берушінің өтініміне сәйкес жіберген ұйымдарда, сондай-ақ жұмыс берушінің Қазақстан Республикасының аумағындағы филиалдарында, өкілдіктерінде не жұмыс берушінің жолдамасы бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы өзге де ұйымдарда – кемінде үш жыл.»;

8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«8) осы Қағидалардың 4-тармағының 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген үміткерлер үшін жұмыс берушінің жұмыс орнын (лауазымын) сақтауының міндеттілігі туралы шарт;».

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                                  О. Бектенов

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу