Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 29 сәуірдегі №347 қаулысы

«Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы»

 Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 4 желтоқсандағы № 1546 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 4 желтоқсандағы № 1546 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру қағидаларында:

2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

1)  аудандық уәкілетті орган – аудандық коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілеттік берілген, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган;

2) даму жоспары – мемлекеттік кәсіпорын, акционерлік қоғам мен акцияларының бақылау пакеті (жарғылық капиталға қатысу үлесі) мемлекетке тиесілі жауапкершілігі шектеулі серіктестік қызметінің бесжылдық кезеңге арналған негізгі бағыттарын және қаржы-шаруашылық қызметінің көрсеткіштерін айқындайтын құжат;

3) жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлік жөніндегі уәкілетті органы – аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты;

4) мемлекеттік мүлік тізілімі (бұдан әрі – тізілім) – Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының, Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жедел басқаруындағы мүлікті және мемлекеттік материалдық резервті қоспағанда, мемлекеттік мүлікті есепке алудың бірыңғай цифрлық автоматтандырылған жүйесі;

5) мониторинг объектісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамын қоспағанда, мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекет қатысатын заңды тұлғалар, мемлекеттік мүлік құрамына кіретін, оның ішінде сенімгерлік басқарудағы, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы), концессиядағы не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша берілген мүліктің барлық түрі;

6) мониторинг субъектілері – мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган, облыстық уәкілетті орган, аудандық уәкілетті орган, жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкі бойынша уәкілетті орган;

7) облыстық уәкілетті орган – облыстық коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілеттік берілген, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган;

8) іс-шаралар жоспары – ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг және ұлттық компания қызметінің бесжылдық кезеңге арналған негізгі бағыттарын және қаржы-шаруашылық қызметінің көрсеткіштерін айқындайтын құжат.»;

6-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«4) тізілім порталында («NATIJE» қосалқы сервисі) мониторинг объектілері бойынша цифрлық дерекқорды қалыптастыру және жүргізу;»;

11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«11. Мониторинг субъектілері мониторингті жүзеге асыру мақсатында:

1) «Мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, олардың іске асырылуын мониторингілеу және бағалау,  сондай-ақ олардың орындалуы жөніндегі есептерді әзірлеу және ұсыну қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2025 жылғы 30 сәуірдегі                     №18 бұйрығына сәйкес әзірленген және тізілімде ұсынылған мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларының орындалуы жөніндегі есептерде;

2) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің «Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың даму жоспарларының және акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың іс-шаралар жоспарларының орындалуы бойынша есептерді әзірлеу және ұсыну қағидаларын бекіту туралы» 2025 жылғы                        30 сәуірдегі № 22 және «Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың даму жоспарларын және акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың іс-шаралар жоспарларын әзірлеу, бекіту, сондай-ақ олардың іске асырылуын мониторингілеу және бағалау қағидаларын бекіту туралы» 2025 жылғы 30 сәуірдегі 23  бұйрықтарына сәйкес әзірленген және тізілімде ұсынылған акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың даму жоспарларының орындалуы жөніндегі есептерде қамтылған қаржы-шаруашылық қызметтің көрсеткіштері негізінде тізілімде орналастырылған мониторинг объектілерінің тізбесіне сәйкес жыл сайын талдау жүргізеді.»;

мынадай мазмұндағы 4-тараумен толықтырылсын:

«4-тарау. Жер учаскелері, жер қойнауын пайдалану учаскелері, орман және аңшылық алқаптары, су шаруашылығы құрылысжайлары, сондай-ақ су объектілері түріндегі мемлекеттік мүлік объектілеріне мониторингті жүзеге асыру тәртібі

20. Жер учаскелері, жер қойнауын пайдалану учаскелері, орман және аңшылық алқаптары, су шаруашылығы құрылысжайлары, сондай-ақ су объектілері түріндегі мемлекеттік мүлік объектілерін мониторингтеу Жерді қашықтан зондтау деректері арқылы жүзеге асырылады.

21. Жер ресурстарын басқару, жер қойнауын зерттеу және пайдалану, орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі, су қорын қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар күнтізбелік жылда бір реттен сиретпей, есепті жылдан кейінгі жылдың 25 қаңтарынан кешіктірмей тізілімде ақпаратты толтыру және пайдаланылатын цифрлық жүйелердің тізіліммен интеграциялық өзара іс-қимылы арқылы тізілімге жер учаскелері, жер қойнауын пайдалану учаскелері, орман және аңшылық алқаптары, су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайлар, су объектілері түріндегі мониторинг объектілерін мемлекеттік бақылау және қадағалау нәтижелері бойынша ақпарат ұсынады.

22. Салалық уәкілетті органдар учаскелер объектісінің (танап, жайылым, блок, мөлдек, су шаруашылығы құрылысжайы мен гидротехникалық құрылысжай, су айдыны) орналасқан жері мен шекарасын көздейтін осы Қағидалардың 21-тармағында көрсетілген объектілерді геоақпараттық есепке алуды қамтамасыз етеді.

23. Мемлекеттің меншігіндегі, оның ішінде мүліктік жалдауға (жалға алуға) немесе сенімгерлік басқаруға берілген су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайлардың меншік иелері (иеленушілері) Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес тізілімде құрылысжайлар туралы мәліметтерді енгізуді және өзектілендіруді қамтамасыз етеді.

 24. Нақты деректер мен Жерді қашықтан зондтау деректері арасында алшақтықтар анықталған кезде мониторинг субъектісі:

1) алшақтықтардың себептерін талдайды және техникалық сәйкессіздік болған жағдайда тізілімдегі деректерді өзектілендіреді;

2) объектілерді тиімсіз пайдалану фактілері анықталған кезде Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 145-1-бабына сәйкес шаралар қабылдау үшін ақпаратты тиісті уәкілетті мемлекеттік органға береді.».

2. Осы қаулы 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін осы қаулының 1-тармағының сегізінші, он үшінші, он төртінші, он тоғызыншы, жиырмасыншы, жиырма бірінші, жиырма екінші, жиырма үшінші, жиырма төртінші, жиырма бесінші, жиырма алтыншы және жиырма жетінші тармақтарын  қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                           О. Бектенов

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу