Жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру арқылы 458 мың азамат жұмысқа орналасты — ҚР ЕХӘҚМ

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында Өнімді жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру барысы және мемлекеттік бағдарлама мәртебесінде оның өзектілендірілуі жобасы қаралды.  

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, Бағдарламада оның қолданыстағы тетіктерінің тиімділігін арттыру және жаңа шаралармен толықтыру мақсатында өзгерістер енгізу көзделген. Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты — еңбек ресурстарының біліктілігін арттыру, жаппай кәсіпкерлікті дамыту және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды өнімді жұмысқа тарту.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымованың баяндауынша, 2018 жылы Бағдарламаны іске асыруға 112,9 млрд теңге бөлінген, жылдың соңына дейін 571 мың азаматты жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланып отыр.

«Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 82,5 млрд теңге игерілген. Қазандағы жағдай бойынша қолданыстағы Бағдарламаны іске асыру 563 мың адамды жұмыспен қамту шараларына тартуға мүмкіндік берді, бұл жылдық жоспардың 99% құрайды. Олардың ішінен  458 мың адам, оның ішінде  327 мың адам немесе 71% тұрақты жұмысқа орналастырылды», — деді министр М. Әбілқасымова.

Бағдарламаның бірінші бағыты еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен дағдылар бойынша жаппай оқытуды көздейді. Тегін техникалық және кәсіптік оқыту шеңберінде 1 қыркүйектен бастап 20 мың жас адам оқуға кірісті, бұл жылдық жоспардың 99% құрайды. М. Әбілқасымованың мәлімдеуінше, қазандағы жағдай бойынша 40 мыңға жуық Бағдарламаға қатысушы қысқа мерзімді оқытуға жіберілді, бұл жылдық жоспардың 107% құрайды. Жалпы республика бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды аяқтаған 18 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Сонымен қатар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова бірінші бағыттың іске асырылуын ескере отырып, Мемлекеттік бағдарлама жобасында оқуды аяқтаған адамдарды толық жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тетіктер көзделгенін атап өтті.

Біріншіден, оқу орталықтары мен оқу орындарына талаптарды күшейту ұсынылады, атап айтқанда тиісті материалдық-техникалық базаның, білікті педагогтардың болуы, қосарлы білім беру элементтерін пайдалану және оқуды бітірушілердің кемінде 60% жұмысқа орналастыру.

Екіншіден, оқыту ұйымдарын сапалы құраммен қамтамасыз ету мақсатында «Атамекен» ҰКП оқу орталықтары мен оқу орындарының реестрін қалыптастыруды қарастыруда.

Үшіншіден, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша оқытуды қамтамасыз ету мақсатында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту үшін сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылардың тізбесін кеңейту және бекіту көзделген.

Төртіншіден, отандық экономика салаларын цифрландыру және технологиялық жаңғырту жағдайында «Индустрия 4.0» үшін еңбек ресурстарын қайта даярлаудың жаңа тетігі ұсынылады. Ол үшін жұмыс берушілерге жұмыскерлерді, оның ішінде қысқартылатын жұмыскерлерді қайта даярлауға мүмкіндік беріледі, бірақ оқудың кемінде 50%-ын қаржыландыруы керек.

Бесіншіден, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін»)» жобасы бойынша жоғары, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды дайындау бойынша мемлекеттік қолдау шаралары біріктірілді, түлектер оқыған өңірлеріне жұмыс істеуге жіберіледі.

Бағдарламаның екінші бағыты жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. ҚР ЕХӘҚМ деректеріне сәйкес, ауылдарда және қалаларда шағын несие беру аясында қазандағы жағдай бойынша 42 млрд теңге, оның ішінде ауылдарда — 31 млрд теңге және қалаларда 11 млрд теңге игерілді.

М. Әбілқасымова жыл басынан бері барлығы 9 801 шағын несие берілгенін немесе жылдық жоспардың 70%-ын, оның ішінде ауылдарда — 8 778, қалаларда — құрайтынын айтты. Берілген шағын несиелер стартап-жобалары бойынша — 6 717, зәкірлі кооперацияны дамыту бойынша — 620, өз ісін кеңейту бойынша — 2 464 құрайды. Шағын несие алғандар қосымша 9 117 жұмыс орнын ашты. «Бастау–Бизнес» жобасы бойынша осы жылдың 10 айында 24 мың адам немесе жылдық жоспардың 86%-ы оқытылды, оның ішінде 16 мың қатысушы бизнес-жобаларын қорғап шығы, олардың ішінен 5,1 мың адамға шағын несие берілді.

Министр М. Әбілқасымова шағын несиелерді соңғы қарыз алушыларға жеткізуді тездету үшін Мемлекеттік бағдарлама жобасында бірқатар өзгерістер қарастырылғанын айтты. Олар: ауылдық елді мекендерде зәкірлі кооперацияны дамыту үшін шағын несие мөлшері  5000-нан 8000 АЕК дейін ұлғайтылды, зәкірлі кооперация қатысушыларына, ауылдардағы және шағын қалалардағы жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге жұмыс орындарын құру бойынша қойылатын талаптар жеңілдетілді, Бағдарламаға қатысушылар саны жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлермен толықты.

Бағдарламаның үшінші бағыты аясында қазандағы жағдай бойынша 128 мың адам немесе жоспардың 136%-ы субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 22 мың адам (125%) әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды, 26 мың адам жастар практикасына (123%) және 80 мың адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді (107%). Электрондық еңбек биржасы арқылы 336 мыңға жуық адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.

Бұған қоса, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру аясында жұмыс күші көп оңтүстік өңірлерден 1 488 отбасы немесе 4 925 адам қоныс аударды. Оның ішінде еңбекке қабілетті жастағы 2523 адам қатарынан 1424 адам жұмысқа орналастырылды, 87 адам кәсіпкерлікпен айналысуда.

«Жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге көшу кезінде қоныс аударған адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету маңызды фактор болып табылады. Ол үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мемлекеттік бағдарламада жұмыс берушілердің қатысуымен қоныс аударушыларға тұрғын үй салу және сатып алу тетігі әзірленген. Бұл тәсіл алдымен Солтүстік Қазақстан облысында апробациядан өткізіліп, кейін басқа өңірлерде қолданылады», — деді М. Әбілқасымова.

Бүгінгі таңда 2019–2021 жылдарға арналған осыған қажетті 15 млрд теңге қаражат бюджетте көзделген. Нәтижесінде СҚО-да алдағы үш жылда үш мыңға жуық қоныс аударушы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Мемлекеттік бағдарламада мемлекеттік бағдарламалар, инвестициялық және шағын және орта бизнес жобалары шеңберінде жұмыс орындарын құруға мониторинг жүргізу бойынша мемлекеттік органдардың үйлестіру функциясын күшейту көзделеді. Ол үшін жобалық басқару құралдары арқылы өңірлер мен экономика салалары бойынша құрылатын жұмыс орындарының интеграцияланған картасы әзірленеді. Бұдан өзге, Бағдарламаның жекелеген бағыттары жаңа құралдармен және көрсеткіштермен толықтырылды.

Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов қазіргі таңда шағын несие беру схемасына екінші деңгейдегі жеті банк және екі шағын қаржы беру ұйымы қатысатынын айтты. 2018 жылғы қалалардағы шағын несие беруге бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 17 млрд теңгені құрайды. Қазіргі кезде 11,1 млрд теңге игерілген және 1 042 жоба қаржыландырылған.

Тимур Сулейменов

«2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша салық органдарының мәліметіне сәйкес, 2017 жылы шағын несие алған Бағдарлама қатысушылары 7,6 млрд теңгеге өнім шығарды, шамамен 1 000 жуық жұмыс орнын құрып, сақтап қалды, сонымен қоса бюджетке 299 млн теңге салық төленді. Осы жылдың қорытындысы бойынша бизнестің салық есептілігі бағаланып, яғни экономикадағы бюджет қаражаты толық қолданылғаннан кейін, тиімділік көрсеткіштерінің айтарлықтай артуы күтілуде», — деді Т. Сүлейменов.

Экономика салаларының бөлінісінде қарыз алушылардың басым бөлігі сауда, қызмет көрсету, өңдеуші өнеркәсібі және құрылыс салаларында қызмет атқарады. Шағын несиелерді кепілдендіру бойынша 2018 жылы 1,9 млрд теңге сомасына 320 шарт жасалды. Іс жүзінде әрбір үшінші қарызға кепілдік ұсынылған.

Өз кезегінде ҚР білім және ғылым министрі Е. Сағадиев техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауды іске асыру барысы жөнінде баяндады. Қазіргі таңда 337 колледжде 36,6 мың адам білім алуда, оның ішінде 21,5 мыңы — әлеуметтік әлсіз топтан (60%).

Е. Сагадиев

«2018 жылы 20 200 адам қабылданды, ол 96%-ды құрайды. Жалпы жоспарымыз орындалды. Әкімдіктердің ақпараты бойынша қазіргі уақытта өткен жылы түскен студенттердің 3900 адамы оқуды бітірді, оның ішінде 72 % жұмысқа орналасты. Биыл 3900 түлек болса, келесі 2019 жылы 5300 адам оқу бітіреді», — деді білім және ғылым министрі.

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А. Евниев өз баяндамасында Бағдарламаның екінші бағыты бойынша «ҚазАгро» еншілес құрылымдары арқылы ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда бизнес-жобаларды іске асыру үшін шағын несиелер беру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсаттар үшін 2018 жылы 44,7 млрд теңге бюджеттік несие бөлінді, соның ішінде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру аясында 13,9 млрд теңге қосымша қаржы бөлінді.

А. Евниев

«Биылғы 26 қазандағы жағдай бойынша, 8 778 шағын несие беріліп, республика бойынша игеру 30,9 млрд теңгені құрайды. 6 717 стартап жобасын іске асыру үшін 21,8 млрд теңгені құрайтын несиелер берілді (жоспарланған көрсеткіштен 305%). 23 796 адам оқытудан өтті. Оның ішінде 4 591 адам 15,6 млрд теңге сомасында шағын несие алды. 991,3 млн теңге шағын несиелер сомасына 338 кепілдеме берілді», — деді А. Евниев.

Өз кезегінде, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов техникалық және кәсіптік мамандықтар бойынша кәсіби даярлау, біліктілікті арттыру және дағдыларды меңгеру бойынша оқу орталықтары тізілімін жүргізу жұмыстары атқарылып жатқанын атап өтті.

«Тізілімге 207 оқу орталығы кірді, кәсіпорындар жанында оның –138. Өткен жылы 91 оқу орталығы Бағдарламаға қатысты, олардың базасында 7 мыңнан астам адам оқытылды, оның 56% жұмысқа орналасқан», — деді А. Мырзахметов.

Сонымен қатар, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 2018 жылы бизнес жүргізу дағдыларына ауыл мен шағын қалалардың 30 мыңға жуық тұрғынын оқыту көзделген.

Өнімді жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасын өңірлерде іске асыру барысы туралы Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Қарағанды облысының әкімі Е. Қошанов, Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов, Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов баяндады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу