2016 жылдың 1 наурызынан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 522 мемлекеттік қызмет көрсетіледі - С.Сәрсенов

2016 жылдың 1 наурызынан бастап «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 522 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, деп хабарлады бүгін ОКҚ брифингі барысында ҚР ИДМ вице-министрі Сәкен Сәрсенов. 

«2016 жылдың 1 наурызынан бастап мемлекеттік корпорация арқылы 522 қызмет көрсетіледі», - деді С.Сәрсенов.

«Мемлекеттік қызметтер реестрінде барлығы 730 қызмет бар, қалған мемлекеттік қызметтер екінші кезең аясында жүзеге асырылады, өйткені осы қызметтерді автоматтандыру және оңтайландырумен байланысты мәселелер бар, бірақ олар міндетті түрде электронды форматқа көшіріледі», - деп толықтырды вице-министр.

Оның мәліметінше, 2011 жылы ХҚКО-тары арқылы 11 млн қызмет көрсетілсе, 2015 жылдың 9 айының өзінде 30 млн-нан астам қызмет көрсетілді.

Өз кезегінде, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Майра Айсина брифинг барысында «Азаматтарға арналған үкімет» құру көп қаржылай шығынды қажет етпейтінін айтып өтті.

«Кезектер болмайды деп есептейміз, өйткені көптеген қазіргі РМК түске дейін істесе, кейбіреулері сенбіде мүлде жұмыс жасаған жоқ. Мемлекеттік корпорация сенбі күнін қоса алғанда 9.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс жасайды. Яғни, кезектер болмайды деп ойлаймыз», - деп атап өтті ол.

Депутаттың пікірінше, мемлекеттік корпорация құру мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартып, мерзімдерін қысқартуға, халыққа қызмет көрсетудің бірыңғай стандарттарын енгізуге және мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу