29 Қазан 2026, 11:31
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Министрлік су саласын реформалау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы бағыттағы маңызды нәтижелердің бірі жаңа Су кодексінің қабылдануы. Бұл туралы Үкімет отырысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді.
Министрдің сөзінше осы бағыттағы маңызды нәтижелердің бірі жаңа Су кодексінің қабылдануы. Кодексте су ресурстарын ұтымды пайдалану, суды үнемдеу, су объектілерін қорғау және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаттары бекітілді.
Сондай-ақ суды тиімді пайдалану, оның ысырабын азайту және су пайдалану талаптарын сақтау жөніндегі заңнамалық талаптар күшейтілді.
«Автокөлік жуу орындарында технологиялық мақсаттарға орталықтандырылған ауызсуды пайдалануды шектеу бойынша Су кодексіне түзетулер әзірленді. Су шаруашылығы инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 2023 жылғы қыркүйектен бері су саласының негізгі капиталына шамамен 1 трлн теңге инвестиция тартылды. Қазіргі уақытта 4,6 мың шақырымнан астам ирригациялық желі жаңғыртылуда. Биыл оның 964 шақырымын аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде 200 мың гектарға жуық суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады. Мемлекет басшысы Жолдауында ірі су көздеріне жақын орналасқан аумақтарда су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, жаңа суармалы жерлерді игеру мүмкіндігіне назар аударды. Осы тапсырманы орындау үшін халықаралық қаржы ұйымдарының қаражатын тарта отырып, тиісті су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту көзделуде. Қолданыстағы және тартылып жатқан қаражаттың жалпы көлемі шамамен 2,2 трлн теңгені құрайды», — деді Нұржан Нұржігітов.
Сонымен қатар Еуропалық қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі және Дүниежүзілік банктің қолдауымен су шаруашылығы нысандарын салу және жаңғырту жобалары жүзеге асырылып, жаңа жобалар дайындалуда. Инфрақұрылымды дамытумен қатар, суды пайдалану тиімділігін арттыруға басымдық берілуде. Елімізде алынатын судың шамамен 60%-ы ауыл шаруашылығына тиесілі. Сондықтан негізгі назар су үнемдеу технологияларын енгізуге аударылған. Бүгінде бұл технологиялар қолданылатын алқап 702 мың гектарға жетті. Соның нәтижесінде шамамен 1,1 млрд текше метр су үнемделді. Суды тиімді пайдалану жұмыстары басқа салаларда да жүргізілуде. Өнеркәсіпте айналымды және қайта сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу көзделген. 2030 жылға қарай суды қайта пайдалану үлесін 28%-ға жеткізу жоспарлануда.
Ал коммуналдық-тұрмыстық секторда жыл сайын қосымша 260 млн текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік бар. Сонымен бірге тарифтік саясат жетілдірілуде. Суды белгіленген нормадан артық пайдаланғаны, ауыл шаруашылығы дақылдарын келісімсіз өзгерткені және шарт жасаспай су пайдаланғаны үшін тарифке жоғарылатушы коэффициенттер енгізілді. «Қазсушар» кәсіпорнының тарифтері де кезең-кезеңімен көтерілуде.
«Бұл қызметкерлердің еңбекақысын екі есеге жуық арттыруға және көлемі 100 млрд теңгеден асатын инвестициялық бағдарламаны қалыптастыруға мүмкіндік берді. Саланы цифрландыру да маңызды бағыттардың бірі болып саналады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 15 модульден тұратын Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі әзірленіп, өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Биыл жүйе арқылы 29 мыңнан астам шарт жасалды. Келесі кезеңде жүйеге қосылатын су пайдаланушылар санын арттыру, гидротехникалық құрылыстардың цифрлық егіздерін әзірлеу және жүйені отандық QazTech платформасына көшіру көзделуде», — деді министр.
Халық арасында суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінуде. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында «Мөлдір бұлақ» акциясы өткізіліп, 94 бұлақ пен 62 су нысаны тазартылып, абаттандырылды. Суды үнемдеуге бағытталған білім беру іс-шараларымен 3,3 млн-нан астам оқушы мен 35 мың студент қамтылды. Алдағы кезеңде Министрліктің негізгі күш-жігері инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы жүзеге асыруға, тартылған инвестицияларды тиімді игеруге, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге және саланы цифрландыруға бағытталады.
#Инфрақұрылымдық даму #Мемлекет басшысының Жолдауы #су ресурстары #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу