10 құрылыс материалдарын өндірушімен монополияға қарсы заңнама нормаларын сақтау туралы комплаенс жасалды — С. Жұманғарин

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысының күн тәртібінде  құрылыс материалдарының қымбаттауының тұрғын үй нарығына әсері талқыланды. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин мен ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндама жасады.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин атап өткендей, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2021 жылғы қаңтар-мамыр айларында бастапқы тұрғын үй бағасының өсуі 8%-ды құрады. Екінші қайталама тұрғын үй бағасының өсуі 13%-ды құрады.

Отандық құрылыс материалдарының бағасына келетін болсақ, биылғы қаңтар-сәуірде  өсім 16% құрады.

«Егер тұрғын үйдің шаршы метрінің өзіндік құнының құрылымын қарайтын болсақ, онда 49%-ы құрылыс материалдарынан тұрады, олардың негізгілері кірпіш, темірбетон бұйымдары, металл конструкциялар болып отыр», — деді ол.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің (ҚазҚСҒЗИ) деректері бойынша жыл басынан бері бағаның өсуі байқалып отыр:

  • бетонға (12%), 
  • цементке (5%), бұл ретте ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі 100%; 
  • полиэтиленді құбырларға (10%), нарықтың қамтамасыз етілуі - 86%; 
  • силикатты кірпішке (6%).  

Ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі кезінде 50%-дың өзінде, арматура, шыны сияқты импортқа тәуелді материалдар бағасының ең көп өсуі байқалады.

Құрылыс материалдар нарықтары қатысушыларының өздері хабарлағандай, көтерілудің негізгі себептері электр энергиясының, магистральдық теміржол желісі мен жанар-жағармай материалдары қызметінің қымбаттауы болған (2021 жылғы қаңтардан бастап).

Бұдан соң Серік Жұманғарин құрылыс материалдарының жекелеген түрлеріне тоқталды.

Агенттік жүргізген баға мониторингіне сәйкес зауыттан тұтынушыға дейінгі цемент құнының өсуі 25% құрайды.

Бұл ретте, алдын ала ақпарат бойынша бағаның негізгі өсуі көтерме-бөлшек бөлімінде байқалады. Бірқатар ірі өндірушілер цемент сатуды тек өздерінің сауда және сату компаниялары арқылы жүзеге асырады («Central Asia Cement» АҚ, «Бұқтырма цемент компаниясы» ЖШС).

Қазақстан темір жол ақпараты бойынша, цемент тасығыштардың жұмыс істеп тұрған паркі оны тасымалдау қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Бұл ретте, ағымдағы жылдың мамыр айында өткен жылмен салыстырғанда цемент тасымалдау көлемінің 14%-дан астам өскені байқалады.

Бұл ретте магистральдық теміржол желісі тарифінің ұлғаюы цемент бағасының өсуі 5%-дан аспайтынына әсер етті.

«Цемент бағасының нақты өсуінің  себептері байқалып отырған жоқ, сондықтан, бағаның өсуіне байланысты басты назар көтерме-бөлшек сауда бөлігіне аударылатын болады», — деді агенттік төрағасы.

Өз кезегінде цемент нарығы жоғары шоғырланған. 10 негізгі өндіруші жұмыс істейді.

Алайда нарық теңгерімі жақсы, өйткені Қазақстан өзін 100% қамтамасыз етеді. Цементтің 20%-дан астамы экспортталады.

Кірпіш нарығында республика бойынша негізгі өндірушілердің саны 88 субъектіні құрайды. Жергілікті нарықтарда, облыстардың шекараларында бірқатар қатысушылардың басмыдығы орын алуда.

Сонымен қатар, ішкі нарықтың 50%-ы керамикалық кірпішті импорттау арқылы жабылуда, ал еліміз силикат кірпішпен өзін-өзі қамтамасыз етеді.

Республика бойынша арматура нарығында 5 өндіруші жұмыс істейді, олардың негізгілері өндіріс қуаты 400 мың тонна «АрселорМиттал Теміртау» АҚ (Қарағанды) және «ЕвразКаспиан Сталь» ЖШС (Қостанай) – 450 мың тонна.

С. Жұманғарин атап өткендей, нарық олигополиялық болып табылады және мұнда сөз байласу тәуекелі жоғары. 

Сонымен қатар, импорт 65% болғандықтан, нарық импортқа тәуелді болып отыр.  Арматураның әлемдік бағасы 70%-дан жоғары болып отыр.

Сондай-ақ, полиэтилен құбырларына бағаның өсуі байқалады. 

Қазақстан бойынша орташа өсім 10% құрады, оның ішінде Ақмола облысында – 62%, Шымкент қаласында және Ақтөбе облысында – 19%, Қарағанды облысында – 14% .

Бұл ретте, Ақмола облысында «Қазинжиниринг» АҚ еншілес кәсіпорны болып табылатын «Тыныс»  АҚ бағаны 62%-ға көтерді, ал шикізат бағасы 10%-дан аспады.

Аталған факті бойынша монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтарды жою туралы хабарлама шығарылды.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басшысы атап өткендей, полиэтилен құбырларын өндіруге арналған шикізат толығымен импортталған. Сонымен қатар, Ресей Федерациясында полиэтилен үгіндісі (шикізат) бағасының өсуі 10-15% құрады.

Осылайша, бүгінгі таңда ең алдымен, құрылыс материалдары бағасының алыпсатарлық өсуін көуге болады.

Осыған байланысты, агенттік бағалық сөз байласудың анықталған белгілері бойынша әрекет ету шараларының кешенін қабылдайды.

Қазіргі уақытта құрылыс материалдары нарықтарының субъектілеріне бұзушылық белгілерін жою және бағаны төмендету қажеттілігі туралы 26 хабарлама жіберілді:

  • Нұр-Сұлтан қаласы. (4), Түркістан (3), Ақмола облыстарында (3) кірпіш өндірушілерге 10 хабарлама жолданды;
  • Ақмола (2), Түркістан (2), Жамбыл (1) облыстарында цемент өндірушілерге 5 хабарлама жолданды;
  • Павлодар арматурасын өндірушілер мен жеткізушілерге 8 хабарлама жолданды. Шығыс Қазақстан (3), Қостанай облыстары (1) және Алматы қаласына – 1;
  • Алматы облысы бойынша қиыршық тас өндірушілеріне 2 хабарлама жолданды.
  • Ақмола облысындағы полиэтилен құбырларын өндірушіге 1 хабарлама жолданды.

Нарық қатысушыларына баға әсерін көрсету мақсатында 10 құрылыс материалдарын өндірушілермен монополияға қарсы заңнама нормаларын сақтау туралы комплаенс жасалды.

«Қосымша ақпарат беру қорытындылары бойынша құрылыс материалдарын басқа өндірушілер мен жеткізушілерге қатысты әрекет ету шараларына бастама жасалатын болады. Агенттік аталған тауар нарықтарындағы жағдайды қатаң бақылауға алды. Жақын арада баға тұрақтанатын болады», — деді С. Жұманғарин.

Тұрғын үй нарығындағы жағдайға келсек, 2020 жылы 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, оның ішінде мемлекетпен – 16% (2,4 млн шаршы метр), халық – 42% (6,4 млн шаршы метр), шетелдік субъектілер – 1% (0,1 млн шаршы метр) және жеке құрылыс компаниялары – 41% (6,3 млн шаршы метр).

Жеке құрылыс компаниялары салған 6,3 млн шаршы метрдің 26%-ы үлескерлердің қаражатын тарту есебінен үлестік құрылыс туралы заңнама шеңберінде, 24%-ы өз қаражаты есебінен, 3%-ы тұрғын үй құрылыс кооперативтері есебінен және қалғаны  47% өзге де көздер есебінен салынды. 

Тұрғын үй нарығындағы баға жағдайына нарық қатысушыларының алыпсатарлығы да әсер етті.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша жыл басынан бері келісімдер саны өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артқан.

Бүгінгі таңда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының деректері бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсартуға 1,4 трлн теңге, бұл қолжетімді зейнетақы қаражатының жалпы көлемінің 60%-ын құрайды (2,4 трлн теңге).

Осылайша, тұрғын үй бағасының өсуіне, құрылыс материалдары қымбаттауы ғана емес, сондай-ақ сұраныстың артуы да әсер етті.

Мемлекет басшысының тұрғын үй нарығындағы дүрлікпе мен бағаның өсуіне жол бермеу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында 14 құрылыс компаниясына бағаның төмендегені туралы хабарлама жіберілді.

Шымкент, Қарағанды, Өскемен және Қостанай қалаларының құрылысшылары осы хабарламаларды орындап, бағаларды орта есеппен 15-20%-ға төмендетті:

  • Шымкент қаласында бағаны 330 мың теңгеден 270 мың теңгеге дейін бір шаршы метр үшін 300-ден 270 мың теңгеге дейін;
  • Қарағанды қаласында 300 мың теңгеден 279 мың теңгеге дейін;
  • Өскемен қаласында тұрғын үй объектісінің жайлылығы мен қабаттылығына байланысты шаршы метрі 350 мың теңгеден 220-280 мың теңгеге дейін;
  • Қостанай қаласында 245-230 мың теңгеге дейін. 

Бастапқы тұрғын үй бағасының өсуін тежеу мәселесі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің тұрақты бақылауында.

Өз кезегінде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов құрылыс материалдарына қажеттіліктің өсуі үлкен көлемде тұрғын үйді пайдалануға берумен байланысты екенін айтты.

«Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес біз бес жыл ішінде 103 млн шаршы метр тұрғын үй салуымыз қажет, соның ішінде ағымдағы жылы 17 млн шаршы метр салынады», — деді ол.

Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің өсу қарқынын ескере отырып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын арттыру және жаңа озық инвестициялық жобаларды іске асыру қажет, бұл саланың импортқа тәуелділігін төмендетуге ықпал етеді.

Ол үшін 2021-2025 жылдары жалпы 442,7 млрд теңге сомасындағы 79 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оның ішінде 360 млрд теңге сомасындағы 22 жоба импортты алмастыратын жобалар болып табылады.

Санфаянс, қыш тақталар, минералдық жылытқыштар, ағаш-талшықты тақталар және тағы да басқа отандық құрылыс тауарларымен қамтамасыз ету бойынша жаңа өндірістерді ашу көзделіп отыр.

Бұл шаралар ішкі нарықтағы импорт үлесін төмендетуге және құрылыс материалдары бағасының өзгеруін болдырмауға мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта қазақстандық өндірушілер ішкі нарықтың бетон, цемент, қабырға материалдары сияқты базалық құрылыс материалдарына қажеттілігін айтарлықтай дәрежеде қамтамасыз етеді», — деді министр. 

Арматура өндірісінің қолданыстағы қуаты ел бойынша қажеттілікті толық қамтамасыз етуге қабілетті, алайда нарықтағы металл сынықтарының тапшылығына байланысты зауыттар іс жүзінде 60%-ға қамтамасыз етеді.

Бүгінгі күні отандық арматурамен қамтамасыз етуді арттыратын 3 жаңа зауыт салынуда. Өндірістің толық қуаттылығы үшін шикізатпен мәселені шешетін боламыз.

Кірпіш өндірісіне келетін болсақ, елде орташа жылдық қажеттілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 465 зауыт бар. Алайда, құрылыс көлемінің күрт өсуіне және қажеттіліктің артуына байланысты ағымдағы жылы қамтамасыз ету жалпы 52%-ды құрайды.

Осыған байланысты, индустриялық дамудың ұлттық жобасы шеңберінде іске қосылуы тиісті қажеттілікті қамтамасыз ететін 14 зауыт салынуда.

Шыны толығымен импортталады.

«Ағымдағы жылы Қызылорда қаласында жобалық қуаты 197,1 мың тонна болатын шыны зауытының құрылысын аяқтау жоспарланған. Осы зауытты іске қосу, ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етеді», — деді Б. Атамқұлов.

Сондай-ақ ішкі нарықтың қажеттілігін отандық полиэтилен құбырларымен қамтамасыз ету үшін 4 жаңа кәсіпорынды іске асыру жоспарланған.

Алдын ала бағалау бойынша негізгі материалдар бағасының өзгеруі тұрғын үй бағасына біршама әсер етті.

Сонымен, егер кірпіштен салынған үй өткен жылдан бері 6% қымбаттаса, онда құрастырмалы темірбетон бұйымдарынан және монолиттен салынған тұрғын үй
8%-дан 11%-ға дейін, ал сейсмологиялық аймақтарда 13%-ға дейін өсімді көрсетті.

Бүгінгі күні жобалау-сметалық құжаттамада жобаның 10% (8 % нормативтік пайда, 2 % күтпеген шығындар) мөлшерінде нормативтік рентабельдігі көзделеді.

Алайда, Азаматтық кодексіне сәйкес мердігерлер деректер шегінде 10% материалдар мен жабдықтардың қымбаттау қауіпін көтереді.

Министрліктің бағалауы бойынша жобалардың көпшілігі осы резервке жинақталады.

Тұрғын үй құрылысының металл мен цементке одан әрі қымбаттауына жол бермеу үшін келесілер ұсынылады:

  • Үйдің жақтауы салынған жағдайда жобаларды түзету (орындалу бойынша кем дегенде 50%). Бұл ретте, түзетуді баламалы конструктивті шешімдер мен жергілікті материалдарды қолдана отырып, жеңіл тәртіппен орындау;
  • 1 шаршы метрдің құнын белгілей отырып, әлеуметтік кредиттік тұрғын үйді сатып алу бойынша ұзақ мерзімді «оффтейк» келісімшарттарын енгізу. Бұл құрылыс салушыға құрылыстың кепілді көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, құрылыс салушы белгіленген құн бойынша отандық өндірістің шикізаты мен материалдарына ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауға мүмкіндік алады.

 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу