11 мың шақырым жол және жаңа әуе бағыттары: Қазақстанда туризмді дамыту үшін көлік инфрақұрылымы жаңғыртылуда

Үкімет отырысында туризмді дамыту үшін көлік инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі шаралар қаралды. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың мәліметінше, биыл жалпы пайдаланымдағы 11 мың шақырым автожолда жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 

Оның ішінде Рахман қайнары, Кендірлі, Баянауыл, Зеренді және Көлсай туристік аймақтарына апаратын бағыттар да қамтылған. Мысалы, Алматы – Өскемен трассасының толық аяқталуы жол жүру уақытын 4 сағатқа қысқартты.

Сонымен қатар қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, автомобиль жолдарының өткізу қабілетін жақсартты.

«Қазір елімізде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр: 124 вокзалда модернизация мен жаңа құрылыс жүруде. Қазіргі таңда Көкшетау, Бурабай курорты, Қонаев, Көктума, Ақши, Манкент және Балқаш-2 вокзалдарында жұмыстардың 95%-ы аяқталды. 1 шілдеге дейін 30 вокзал пайдалануға беріледі. Сонымен қатар жолаушылар вагондары жаңартылып жатыр. 2025 жылы 175 жаңа вагон сатып алынды. Биыл тағы 191 вагон алу жоспарлануда. 2030 жылға дейін жолаушылар вагондарының 90%-ы жаңартылады. Бұл негізгі туристік бағыттарды толық қамтуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті министр.

Сондай-ақ ол жаз мезгілінде сұраныстың артуына байланысты, биыл туристік бағыттарға қосымша 15 пойыз іске қосылатынын, оның ішінде 10 бағыт Алакөл жағалауына жүретінін жеткізді. 

Сонымен бірге пойыздардың ұзындығы ұлғайтылды. Нәтижесінде пойыздардағы орын саны 400 мыңнан астамға өседі. Авиация саласы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар салынуда. Арқалық қаласының әуежайы қалпына келтірілуде. 

«Балқаш әуежайы күрделі жөңдеуден өтіп, туристерді қабылдап жатыр. Биыл Үржар әуежайының терминалын жаңғырту жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін әуе паркіне тағы 6 ұшақ қосылады. Ал 2030 жылға қарай ұшақтар саны 160-қа жетеді. Ішкі әуе рейстері өңірлер арасындағы байланысты нығайту үшін өте маңызды. Жазғы маусымда негізгі туристік аймақтар: Алакөлге Балқашқа, Түркістанға, Бурабайға және Каспий теңізіне субсидияланатын авиа маршруттар бойынша рейстер орындалуда. Жазғы кезеңде аталған бағыттар бойынша аптасына 45 рейс ұшуда», — деп атап өтті министр.

Туристер үшін қолайлы әрі қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін Министрлік негізгі туристік бағыттарға көлік қолжетімділігін арттыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.

#Көлік #Туризм #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу