Қазақстанда ҮЕҰ-ға грант бөлудің жаңа ережелері әзірленуде

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Біртектілік пен бірлік» төртінші бағытын іске асыру аясында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі үкіметтік емес ұйымдардың қызметін реттейтін заңнаманы жетілдіру жұмыстарын атқарып жатыр.

Бүгін Үкіметтегі баспасөз конференциясында ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев «Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Біртектілік пен бірлік» төртінші бағытын іске асыру бойынша ведомствоның жүргізіп жатқан жұмыстары туралы айтты.

2016 жылы 87 қадамды орындау тұрғысынан «Коммерциялық емес ұйымдардың қызметтері туралы заңнамалық актiлерге өзгерістер енгiзу туралы» заң жобасы әзірленген. Аталған заң жобасы азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру мен бағалау кезінде міндетті түрде қатысуын көздейді.

Бұдан өзге, ҚР ДІАҚМ бүгінгі таңда ҮЕҰ-ға грант бөлу ережелерін жетілдіру мен жеңілдету бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Сондай-ақ, гранттардың бағыттарының тізімі мен гранттық қаржыландыру операторының қорын қалыптастыру көздері кеңейтіледі.

Министр 2016 жылы гранттар бойынша жалпы сомасы 208 миллион теңге болатын 11 жоба іске асырылғанын атап өтті. Сонымен қатар барлық жобалар тәжірибелік қолданысқа ие.

2017 жылы гранттардың жалпы сомасы шамамен 3 есеге – 588 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. ҮЕҰ ұсыныстарын ескере отырып, тақырыптама кеңейтілді. Биыл барлығы 55 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Бүгінгі таңда 41 грант тағайындалды, тағы 14 жоба бойынша келісімшарттарға қол қойылып жатыр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу