Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында «Азаматтарға арналған үкімет» 21 млн астам қызмет көрсетті

Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бесінші институционалдық реформасын іске асыру барысы туралы баспасөз конференциясы аясында ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев хабарлады.

Ұлт жоспарының 100 қадамын іске асыру аясында 2016 жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылды, ол арқылы 723 мемлекеттік көрсетілетін қызметтің 548-ін немесе 76%-ын алуға болады. Бұл көрсеткішті мемлекеттік қызмет көрсетуді іріктеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссия жұмысы аясында 85% дейін арттыру жоспарланған.

Мемлекеттік корпорация құрылымы бүкіл еліміз бойынша шамамен 350 фронт-офисті біріктіреді, онда 20 мыңнан астам қызметкер, жыл сайын 37 млн астам қызмет көрсетеді.

Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында «Азаматтарға арналған үкімет» 21 млн астам қызмет көрсетті, оның ішінде 14 млн астам – электронды форматта.

Автокөлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін беру бойынша мамандандырылған орталықтарды дамыту қамтамасыз етілуде. Бүгінгі таңда 12 Мамандандырылған ХҚКО ашылған, жұмыс істеп тұр.

І жартыжылдықта Мамандандырылған ХҚКО-лар 172 мыңнан астам жүргізуші куәлігін берді, автокөлік құралдарын есепке қою және алып тастау бойынша 700 мыңнан астам қызмет көрсетілді.

Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға кедергісіз орта жасауға ерекше көңіл бөлінуде: фронт-офистер пандустармен, шақыру батырмаларымен, көтергіш механизмдермен жабдықталған, нашар көретіндерге арналған тактильді тақташалармен жабдықтау бойынша жұмыс жүргізілуде. Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға үйге барумен 25 мың қызмет көрсетілді.

«Бүгін Мемлекеттік корпорацияда түрлі қызметтерде мүмкіндігі шектеулі 469 адам жұмыс жасайды, және азаматтардың аталған санатын одан әрі еңбекпен қамту бойынша жұмыс жалғасады», - деді Д. Абаев.

Бұдан өзге, арнайы жабдықталған көліктегі Мемлекеттік корпорацияның 70 мобильді бөлімі І жартыжылдықта шалғайдағы елді мекендерде 298 мыңнан астам қызмет көрсетті. Осы мақсатта «Қазпоштамен» бірге ұлттық пошталық оператор кеңселері арқылы мемлекеттік қызмет көрсету бойынша пилоттық жоба іске асырылып жатыр.

 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу