Мемлекет басшысы ҚР ақпарат және коммуникациялар министрімен кездесті

Елбасымен кездесу барысында Дәурен Абаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу барысы туралы баяндады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық бәсекелестіктің артуы жағдайында экономиканы ауқымды түрде цифрландырудың өзектілігін атап өтті.

«Бүгінде бұл мәселе алдыңғы орынға шықты. Бүкіл әлем осы бағытқа қарай жылжуда. Біз де қалмауға тиіспіз. Бұл – аса күрделі міндет. Барлық ведомстволар, министрліктер және өңірлер үйлесімді жұмыс жүргізуі керек», – деді Елбасы.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Мемлекет басшысына жаңа бағдарламада көзделген төрт басым бағыт жөнінде айтты.

«Біз қазір бағдарлама жобасын барлық мүдделі тараппен бірге талқыладық. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы арқылы негізгі 4 жұмыс бағыты қарастырылады. Олар: инфрақұрылымды дамыту, адам капиталын жақсарту, экономика салаларын цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру», – деді Д. Абаев.

Соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу