Бақытжан Сағынтаев «Еуразия аптасы» халықаралық форумына қатысты

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жыл сайын ұйымдастырылатын «Еуразия аптасы» халықаралық форумының ашылуына және ЕАЭО-ны одан әрі дамытудың аса өзекті тақырыптарын талқылауға қатысты.

Бақытжан Сағынтаев шара барысында қатысушыларға сөзін арнап, форум платформасы жаңа бизнес байланыстардың дамуына және мемлекеттік сектор мен бизнес қауымдастығы арасындағы өзара қарым-қатынастың тереңдей түсуіне ықпал ететініне сенім білдірді. Бұдан өзге, форум ЕАЭО елдерінің инвестициялық және экспорттық әлеуетін, экономикасын дамытудың маңызды құралына айналады.

«Құбылмалы əлемдегі бəсекеге қабілеттілік: жаңа үлгілер, технологиялар, басқару формалары» атты басты пленарлық отырысқа Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Тигран Саркисян, Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов, Армения Республикасының халықаралық экономикалық интеграция және реформалар министрі, Вице-Премьер-Министр Ваче Габриелян, Автомобиль көлігі халықаралық одағының (IRU) президенті Кристиан Лабро, Microsoft, Central and Eastern Europe өңірінің жетекшісі Филипп Рогге қатысты.

Мәлімделген деректерге сәйкес – Одаққа мүше елдердің ұлттық экономикалары жаңа өзгерістерге қолайлы түрде бейімделе алды. Биылғы жылдың басынан бастап негізгі көрсеткіштер өсімінің оң қарқыны байқалуда: бірінші жартыжылдықта Одақ елдерінің сыртқы сауда көлемі шамамен 28%-ға ұлғайды, 2017 жылдың бірінші тоқсанындағы ЕАЭО ЖІӨ өсімі 0,8%-ды құрады.

Ішкі қолайлы жағдайлар Одақ мемлекеттері мен үшінші елдер арасындағы сауданың өсіміне септігін тигізеді. Мысалы, Вьетнаммен тауарларға бажсыз өзара сауда режимін ашқаннан кейін, осы елмен сауда үдерістері елеулі түрде жандана түсті.

Одақтың аталған бағыттағы алғашқы тәжірибесі шет елдермен сауда-экономикалық ынтықмақтастықты кеңейтуге берік негіз болады. Қазірдің өзінде Израильмен, Сербиямен және Иранмен еркін сауда туралы келісімдер бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, қазір тауарлардың, қызметтердің, адамдардың және капиталдың еркін қозғалысын қолдайтын ең негізгі элементтердің біріне айналуы тиісті «ЕАЭО-ның бірыңғай цифрлық кеңістігі» жобасы белсенді дамып жатыр.

Сонымен қатар экономиканың базалық секторларында әлеуетті әртараптандыру мен жүзеге асыруға, кәсіпкерлік қызметті ынталандыруға, жаңа технологиялық құрылыс құруға бағытталған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы да ЕАЭО аясындағы ортақ жұмысқа үлесін қосады.

Анықтама:

24-26 тамызда Астанада Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Еуразиялық экономикалық комиссияның ұйымдастыруымен жыл сайын өтетін «Еуразия аптасы» халықаралық көрме форумы өтеді.

Форумға қатысу үшін елордаға 42 елден мемлекеттік билік органдары мен іскерік орта өкілдері келді. Форум бағдарламасы ЕАЭО нарығы үшін стратегиялық маңызға ие экономиканың 13 саласы бойынша 30-дан астам пікірталас шарасынан тұрады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу