АХҚО Қазақстанның жасыл қаржы жүйесін дамыту тұжырымдамасын ұсынды

Бүгін Астанада «АХҚО жасыл қаржы саласындағы өңірлік көшбасшылығын қамтамасыз ету стратегиясы» атты конференция өтті. Шара барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстанның жасыл қаржы жүйесін дамыту тұжырымдамасымен таныстырды.

Қайрат Келімбетов өзінің алғы сөзінде жасыл қаржыны маңызды стратегиялық бағыттардың бірі ретінде анықтаған АХҚО еліміздегі қаржыландырудың жасыл өнімдері мен қызметтерін дамыту үшін барлық қажетті жағдайларды жасайтынын атап өтті.

«АХҚО ЕҚҚДБ-мен бірлесіп, Қазақстанның жасыл қаржы жүйесін дамыту тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыстар атқарды, ол маңызды әлеуметтік-экологиялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жасыл облигацияларды шығаруды қарастырады», – деді Қайрат Келімбетов.   

ЕҚҚДБ көміртегі қос тотығы шығарындылары квоталарының саудасы нарығын дамыту бағдарламасының жетекшісі Ян-Виллем ван де Веннің айтуынша, Қазақстан Тұжырымдаманы қабылдау арқылы елдегі таза жасыл қаржының дамуына қолдау білдіреді.

«ЕҚҚДМ – жасыл жобалар мен технологияларға қолдау көрсетудің әлемдегі ірі қатысушысы және ол Қазақстанда жасыл экономика жобаларын іске асыруға бағытталған жаңа қаржы құралдарын дамытуға көмек көрсетуге ниетті», – деді ЕҚҚДБ өкілі.

Тұжырымдаманы әзірлеу бойынша жұмыс тобының басшысы Катуллус Хельмер елді тұрақты дамытудың маңызды құралдарының бірі – жасыл экономика деп есептейді. Қазақстанда аталған бағыттың драйвері АХҚО болуы тиіс.

АХҚО басқарушы директоры Айдар Қазыбаев жасыл қаржы бойынша жұмыстар үздіксіз жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Бүгінде біз жасыл қаржыны дамыту Тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстарын аяқтап қалдық. Бұл АХҚО өзін өңірлік қаржы хабы ретінде көрсететін Қазақстан тарихындағы алғашқы құжат болады. Онда жасыл экономиканы дамытуға, тұрақты экономика саласына қолдау көрсетуге бағытталған құнды қағаздар орналастырылып, дамитын болады.

Қазіргі таңда АХҚО халықаралық сарапшылармен бірлесіп, жасыл облигациялар, жасыл несиелер нарығы қалай дамитыны, жасыл технологиялар мен жасыл жобаларға қаржы салуды көздеп отырған инвесторларға қолдау көрсету үшін қандай қосымша құралдар қажет екені туралы өз болжамдарымен таныстырды», – деді А. Қазыбаев.

Ол «жасыл қаржы» ұғымын толығырақ түсіндіріп өтті.

«Бұл – экологиялық жобаларға қолдау көрсетіп, жасыл экономиканы дамытуға бағытталған қаржы құралдары. Мәселен, бұл – жасыл облигациялар, жасыл несиелер, жасыл сақтандыру, жасыл сатып алулар», – деп түсіндіріп өтті басқарушы директор.

Сондай-ақ, ол бүгінде АХҚО жасыл қаржы саласындағы өңірлік көшбасшылық стартегиясын әзірлеуге кірісіп кеткенін мәлімдеді. Егер әлемде ешқандай да қаржы орталығының өзін жасыл қаржы тарту орталығы ретінде көрсетпейтінін есепке алсақ, аталған құжаттың маңыздылығы айқындай түседі.  

«Мемлекет басшысының Қазақстанның басымдықтарының бірі – жасыл экономика деген тапсырмаларын ескерсек, бізде жасыл облигациялардың нарығы болуы үшін, шағын және орта бизнес кәсіпорындарына, қаржы институттарына құрылым бойынша барлық мүмкіндіктерді жасауымыз керек. Мысалға, егер инвестор оның қаражаттары экологиялық жобаларды қолдауға, энергия тиімділігіне, қоқысты жоюға, жасыл көлікке бағытталғанын қаласа, онда ол жасыл облигациялар инвесторы бола алады», – деді А. Қазыбаев.

Бұдан өзге, спикер жасыл облигациялар нарығы бүкіл әлемде жылдам дамушы салалардың бірі екенін атап өтті. Ол жыл сайын 40-50%-ға өседі. Бұл әлемдік қауымдастықтың қоршаған ортаны қорғау адамзат баласы үшін маңызды міндеттердің бірі екенін түсінетініне байланысты.

Сондай-ақ, конференция барысында жоба сарапшылары Кристиан Брюнинг пен Льюис Редшоу, Көшбасшылық стратегиясын әзірлеу бойынша жұмыс тобының басшылары, жасыл технологиялар саласындағы GreenTech Catalyst Малайзия ұлттық компаниясының басшысы Сайед Ахмад Мустафа сөз сөйледі.

Олар өз кезегінде, жаһандық инвесторлардың Қазақстанның жасыл экономикасына деген қызығушылығын атап өтті және жасыл секторға инвестициялар мен қызметтерді ынталандырудың ұсыныстарын әзірледі. Бұдан өзге, сарапшылар АХҚО-ның Қазақстан аумағында жауапты инвестициялар алаңына айналуына қатысты маңызды рөлін жоғары бағалады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу