Үкіметте энергия үнемдеуді реттеу жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері қаралды

Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында Қазақстанның ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын 2020 жылға қарай 25%-ға және 2050 жылға қарай екі еседен кем емес төмендету бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы туралы инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты. 

ҚР ИДМ мәліметтері бойынша, бүгінгі таңда Мемлекет басшысы 2020 жылға дейін қойған міндет мерзімінен бұрын орындалды. Мәселен, 2015 жылдың қорытындысы бойынша, еліміздің ЖІӨ сыйымдылығы 2008 жылғы деңгейден 28,2% төмендеген. Қазіргі энергия үнемдеу жүйесінің негізі 2012—2015 жылдары қаланды. Толық нормативтік-құқықтық база қалыптасты, Ұлттық даму институты айқындалды, Жапонияның тәжірибесі бойынша энергия үнемдеу жүйесінің негізгі элементі – Мемлекеттік энергетикалық тізілім жасалды. Бүгінде онда 5 мыңнан астам ұйым қамтылған. 

2016 жылы МЭТ субъектілерінің энергия ресурстарын жалпы тұтынуы 49 млн тонна шартты отынды құрады. Бұл еліміздің жалпы энергия тұтынуынан 38% және заңды тұлғалардың жалпы тұтынуының шамамен жартысын құрайды.

Бекітілген жоспарларды талдау қорытындылары бойынша 2015–2016 жылдары МЭТ субъектілерінің энергия үнемдеуге 178 млрд теңгеден астам инвестиция салғанын атап өтуге болады. 2020 жылдың соңына дейін тағы 200 млрд теңгеге жуық қаржы инвестициялау жоспарланып отыр. 

«Жергілікті атқарушы органдардың энергия үнемдеу саясатын жүзеге асыру бойынша жауапкершілігін арттыру мақсатында Президенттің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығымен бекітілген сәйкес критерийлерді орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесіне енгізу жөн деп санаймыз», – деп атап өтті Ж. Қасымбек.

Ұлт жоспарының 59 қадамын жүзеге асыру аясында энергияны үнемдеуге ынталандыру мақсатында энергия сервистік қызметтер нарығын дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. ИИДМБ аясында жылу ұстағыш материалдарды, энергия үнемдейтін шамдарды, энергияның тиімді электр жабдықтарын шығару бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылды.  

Орташа мерзімді кезеңде ведомствоның алдында екі ірі міндет тұр. Біріншіден, энергия үнемдеуге ынталандыру тетіктерін кеңейту қажет. Екіншіден, энергияны үнемдеудің аймақтық саясатын жүзеге асырудағы жергілікті атқарушы органдардың рөлі мен жауапкершілігін арттыруды көздейтін энергияны үнемдеу саласындағы мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру; мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру.

«Жалпы алғанда, жоғарыда аталған міндеттерді жүзеге асыру энергия үнемдейтін технологияларды енгізуге және экономиканы жаңғыртуға үлкен серпіліс береді, нәтижесінде, біздің еліміздің дамыған 30 елдің қатарына енуіне жол ашады», – деп түйді Ж. Қасымбек.

Сонымен қатар отырыс кезінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйледі. 

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев энергия тиімділігі саласында қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін ҚР инвестициялар және даму министрлігіне энергетика, ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесе отырып, өнім бірлігін өндірудегі энергия тұтыну нормативтерін белгілеу мәселесін пысықтауды тапсырды. 

Сондай-ақ әрбір жекелеген кәсіпорын үшін энергия сыйымдылығын жыл сайын төмендетіп отыру мәселесін пысықтау жүктелді. Бұдан өзге, ұлттық экономика министрлігіне ҚР инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп энергия үнемдеу саясатын жүзеге асыру бойынша критерийді орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметінің тиімділігін бағалау жүйесіне қосу тапсырылды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу