Өзгерістерді басқаруды үйрену керек — Ғ. Нығыметов

Біздің заманымызға дейінгі философтар өте өзекті шындықты айтқан: жер бетіндегі жалғыз тұрақты нәрсе – бұл өзгерістер. Өзгерістер әркімнің өмірінде және жалпы мемлекетте тұрақты түрде орын алып тұрады. Оларды басқаруды үйрену – өзін-өзі сақтау мен жетістікке жетудің басты шарты.

Жыл басында Н. Назарбаев халыққа Жолдауында және «Болашаққа бағдар — рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында өзгерістерді басқарудың ұлттық жоспарын ұсынды.

Жоспарланған өзгеріс дегеніміз не? Ол біздің істің қазіргі жағдайына қанағаттанбауымыздан, үлкен мақсатқа қол жеткізгіміз келгенде, алайда оған жету үшін көптеген жұмыстар атқару керек болған кезде туындайды.

Елбасы Қазақстанның үшінші жаңғыруын заманауи әлемге сай, ел мен қоғамның жаңа жағдайына қол жеткізу үшін мемлекеттің барлық саяси-экономикалық құрылымын жұмылдырудың заңды процесі ретінде ұсынды. Бұл біздің қоғамды «Қазақстан-2050» көрінісіне жақындататын, экономикалық, технологиялық, саяси және идеологиялық саладағы қайта түрлендірулердің жетілуінің тиянақты әрекеті.

Біздің тарихи санамызда еркіндік пен тәуелсіздікті, орасан зор аумағымыз бен оның тұтастығын сақтау ұлттық өзіндік сана-сезіміміздің маңызды ерекшелігі саналады. Бұл өте жақсы. Дегенмен, ұлттық сана-сезімде гүлденуші, бай әрі дамыған елде өмір сүруге деген талпынысты әдетке айналдыру керек, әрбір қазақстандық өз болашағын қалыптастыруға тікелей атсалысып, ел мен өзінің алға қарай ұмтылысын тең ұстауы керек — ЭЫДҰ елдерінің деңгейінде «өмір сапасының» жоғары стандарттарына, әлемнің озық дамыған елдерінің қатарына кіруге талпынуы қажет.

Бүгінде «өмір сапасы» туралы заманауи тұжырым ЭЫДҰ елдерінің әлеуметтік бағдарламалары мен мемлекеттік саясаттың маңызды парадигмасы болып табылады. Сондай-ақ, аталған тұжырым жеке тұлғаның өзі өмір сүретін қоғамның мәдени-құндылықты жүйесі тұрғысынан өз рөлі мен орнын ұғынуын қарастырады.

Сонымен қатар бұл тұжырым адамның денсаулық сақтау сапасына, отбасылық қарым-қатынасына, біліміне, жұмысына, діни жағдайына, экологияға және т. б. мәселелерге байланысты қанағаттану деңгейін бағалайтын, көптеген критерийлер бойынша көрсеткіштер жүйесінен тұрады. Өзгерістерді зерттеуші, танымал америкалық профессор Джон Коттер өзгерістерге деген ең алғашқы қадам — бұл адамдардың бойында өз өмірлерінде өзгерістердің кідіртусіз және дереу орын алу тиістігін сезіндіру.

Президент бағдарламалық мақаласын «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деп түйіндеген.

ҚР Үкіметінің есебі бойынша, Қазақстан өсімнің қазіргі қарқынын сақтап қалатын болса, әлемнің бәсекеге қабілетті экономикаларынан артта қалып қоюы мүмкін. Жолдан шығып қалмай, әлемнің озық дамыған отыз елінің қатарына қосылу мақсатындағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыру үшін Қазақстан экономикасы жыл сайын 2050 жылға дейін ЖІӨ өсімін 5–6% деңгейінде көрсетуі керек.

Басқаша айтқанда, экономиканың жыл сайынғы шынайы өсімінің болжанған қарқынын жеделдету еліміздің экономикалық саясатының маңызды міндеті болып саналады.  

Бүгінде Қазақстан экономикасы күрделі ішкі және сыртқы сын-тегеуріндерге тап болып отыр, олардың ішінде: біздің экспорттық тауарларға әлемдік бағаның төмендеуі, технологиялық артта қалушылық, инвестициялардың төмендеуі, жұмыс күші өсімінің бәсеңдеуі, тау-кен өндірісі секторында жұмыс орындарының босатылуы, Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің өсім қарқындарының бәсеңдеуі.

Халықаралық байланыстар тұрғысынан, кейбір сарапшылар жаһандану процестерінің бұралаңдауы, жетекші елдердің экономикасындағы қолдампаздықтың өсімі және әлемдегі «геосаяси құлдырау» туралы айтады. Дәл осы үшін Президент экономикалық өсімнің сапалы жаңа моделін қалыптастыруға, адам капиталын, саяси мәдениетті жетілдіруге және қоғамның жаңғыртылған құндылықтарын дамытуға бағытталған, еліміздің экономикалық, технологиялық, саяси және рухани жаңғыруы бойынша міндеттер қойды. Бұның барлығы Қазақстанға жаңа жаһандық шынайылық жағдайында табысты дамуға мүмкіндік береді.

Әр кезең жаңа сын-тегеуріндер әкеледі, біз оларға әрқашан жаңаша жауап беруге тиіспіз. Ғасырлық халық даналығы «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейді. Біз қайта түрленіп, өзгеріп, оңай бейімделе алуымыз керек. Аталған ескі шынайылықты бүгінде ұғыну — табысқа жетудің сапалы бір жолы. Қалған бір жартысын шешу қалды.   

Өзгерістерді басқару туралы ғылымға жүгінсек, қоғам өзгерістердің мәнін түсініп қана қоймауы керек, бұл негізінен мемлекеттің тиімді ақпараттық-коммуникациялық саясатына байналысты. Сондай-ақ, қоғам келесі стратегияға көшуі қажет, яғни, оның екінші жартысы — «өзгерістердің іс жүзінде жүзеге асырылу процесіне азаматтардың тартылуы мен қатысуы». Бұл біздің әрқайсымызға және жалпы қоғамға тікелей байланысты.  

 

Ғани Нығыметов

— Еуразиялық интеграция институтының директоры 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу