Үкіметте Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспары қаралды

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Елжан Біртановтың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі өңірлермен бірлесіп, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бойынша жобаны әзірлеп, жүзеге асырып жатыр.

Бұл жобаның негізгі міндеттері — алғашқы медициналық көмекке қолжетімділікті арттыру және интеграцияланған медициналық көмекті қамтамасыз ету мақсатында денсаулық сақтау ұйымдары желісінің конфигурациясын өзгерту; инфрақұрылымды дамытуға инвестициялық жоспарлауды жүйелеу; инвестицияларды тарту арқылы инфрақұрылымды жаңғырту.

Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамытуға бағытталған тәсілдер 2017 жылдың маусым айында Үкімет отырысында және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында бекітілді. Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативтеріне тиісті өзгерістер енгізілді.

Сонымен қатар Е. Біртанов желіні жоспарлы жаңғырту мақсатында Денсаулық сақтау инфрақұрылымының бірыңғай перспективалық жоспары енгізіліп жатқанын атап өтті. Ол —оңтайландыру, жекешелендіру, құрылыс және күрделі жөндеу шараларынан тұратын басқару құралы.

2017 жылдың күзінен бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау ұйымдары желісінің жаңа нормативін ескере отырып, жаңа жоспарлау жүйесін іске қосты. Бүгінде жергілікті атқарушы органдар барлық 16 өңір бойынша перспективалық жоспарлар жобаларын әзірледі.

Аймақтық перспективалық жоспарларға сәйкес, республикада 2025 жылға дейін амбулаториялық-емханалық ұйымдардың қуаттылығы 12,5%-ға өседі.

Ұзақ мерзімді жоспарлар шеңберінде консолидация нәтижесінде қаладағы аурухана ұйымдарының орташа қуаттылығы 424 төсек орнына дейін артады, бұл ең үздік халықаралық тәжірибеге жақынырақ деңгей болады, ал басымдық — қолжетімділік болып саналатын ауылды жерлерде бұл көрсеткіш өзгеріссіз қалады (91 төсек).

Бұдан өзге, баяндамада бүгінгі таңда 2018 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған инвестициялық жоспар іске асырылып жатқаны аталып өтті.

Е. Біртанов атап өткендей, инвестициялық жобаларды стандартты қаржылық модельді, типтік келісімшартты және қолжетімді несиелендіруді қолдана отырып, бағдарламалық МЖӘ арқылы жүзеге асыру көзделген.

ҚР ДСМ 2018 жылы МЖӘ-нің ірі жобаларын Азия және Еуропалық даму банкі секілді халықаралық қаржы ұйымдары арқылы қаржыландыруды жоспарлайды.

Қорытындылай келе, Е. Біртанов денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жобаның маңызды нәтижесі — МӘМС енгізу жағдайында денсаулық сақтау ұйымдарының заманауи тиімді инфрақұрылымын құру екенін атап өтті.

Үкімет халықаралық сарапшылардың ұсынымдарын ескере отырып әзірленген денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мен жаңғыртуға қатысты ұсынылған тәсілдерді мақұлдады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу