Қазақстанда өткізіліп жатқан жекешелендіруге қызығушылық едәуір артты — Б. Шолпанқұлов

Мемлекет басшысының Жолдауының «Тиімді мемлекеттік басқару» сегізінші бағыты аясында жекешелендіруді жүргізу барысы туралы бүгін ҚР Үкіметі баспасөз орталығындағы баспасөз конференциясында қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов айтып берді.

Берік Шолпанқұловтың айтуынша, қазіргі уақытта 2016-2020 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспары 904 объектіні қамтиды. Жекешелендірудің өткен екі жылының ішінде Кешенді жоспардың 476 объектісі сауда-саттыққа шығарылып, 164 млрд теңге сомаға 367 объекті сатылды. Бұдан басқа, 255 объекті қайта ұйымдастырылу және таратылу сатысында.

«Жалпы, қайта ұйымдастырылатын және таратылатын объектілерді есепке ала отырып, Жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалуы 71% құрайды. 2017 жылы 463 объектіні сауда-саттыққа шығару жоспарланған болатын. Жоспар 97% орындалды», — деп атап өтті Берік Шолпанқұлов.

Қаржы вице-министрі айтып өткендей, 2017 жылы ірі объектілермен жұмыстар басталды, оларды ерекше тәртіппен сату көзделген. Сатуға 23 ірі объекті жоспарланған, оның ішінде Ұлттық холдингтердің 20 объектісі мен республикалық меншіктегі 3 объекті бар. Қазіргі уақытта олардың 11 объектісі сатылды және 12 объектісі сату және әлеуетті сатып алушылармен келіссөздер жүргізу сатысында.

Ірі объектілердің жалпы сату бағасы 61 млрд теңгені құрады, бұл олардың баланстық құнынан 20%-ға және бағалау құнынан 8% көп.

Қаржы ведомствосының бағалауынша, жүргізіліп отырған жекешелендіруге қызығушылық едәуір арта түскен. Сауда алаңына белсенді келушілердің саны 12%-ға артты. Одан басқа, сауда-саттықтағы бәсекелестік те жоғарылады – бір сауда-саттыққа қатысушылардың орташа сан  4-5 құрады, бұған дейін бұл көрсеткіш 3-тен аспаған болатын.

Еске салсақ, қаңтардағы Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында жұмыстың он бағыты айқындалды. Сегізінші бағыт — тиімді мемлекеттік басқару — жекешелендіру жоспарын жедел іске асыру бойынша міндеттерден тұрады.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу